Жаңа ғимараттар тұрғызу қажет

Уақыты: 17.01.2017
Оқылды: 1341
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Іле ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар мекемені аралады. Ең алдымен Өтеген батыр кентіндегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан аудандық орталық ауруханадағы жұмыстармен танысты. Сонымен қатар 1974 жылы салынған ескі перзентханаға да соғып, жаңа туған сәбилер мен жас босанған аналардың жағдайын сұрады.

Ауданда жыл сайын халық санының өсуіне байланысты перзентханада орын тапшы. Осыған орай Жақсылық Мұқашұлы жаңа перзентхана салыну қажеттігін атап өтті. Салынғанына көп жыл болмаса да төбесінен су ағып тұрған облыстық аймақтық балалар ауруханасына, аудандық мүгедектерді оңалту орталығының жұмысына қатаң сын-ескертпелер айтты. 
Бұдан соң білім беру ошақтарында да болды. Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген 500 орынды «Сұңқар» балабақшасында бүгінде 420 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Заманауи үлгідегі жылы ғимарат қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 
Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары 2015 жылы салынған №24 мектеп-лицейдің жұмысымен танысты. Заманауи үлгіде салынған үш қабатты ғимаратта балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда қазір 1257 оқушы білім алуда. Жақсылық Мұқашұлы 9-10 сыныптарға арнайы кіріп, өнертапқыш балалармен әңгімелесіп, жасаған бұйымдарын тамашалады. Сонымен қатар Мұқағали Мақатаев атындағы № 13 мектепке де ат басын бұрды. 1960 жылы салынған аталмыш мектеп – аудан мақтанышына айналған беделді білім ордасы. Мұнда жыл сайын пән олимпиадасына, ғылыми жобаларға, түрлі өнер, спорт жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген  дарынды оқушылар көптеп кездеседі. 
Жақсылық Мұқашұлы ондағы мұражай  жұмысымен танысып, ақын өлеңдерін бірінен соң бірі мүдірмей жатқа оқыған оқушыларға ризашылығын білдірді. Осы мектептің бірінші қабатына орналасқан аудандық кітапхананың да жай-жапсарын білді. Облыс көлемінде үздік жұмыс істеп келе жатқан кітапхананың әлі күнге дейін жеке ғимараты жоқ. Ауданда мәдени іс-шараларды тұрақты өткізіп тұратын Мәдениет үйі де жоқ. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені де  қаперіне алды. «Тіл оқыту орталығында тек қазақ тілін ғана емес, орыс және ағылшын тілдерін оқытуды да қолға алу керек», – деген ұсынысын айтты. «SK Фитнес» спорттық сауықтыру орталығының жаттығу залы мен бассейніне де назар салды. Бірқатар мекеменің жағдайын білген соң аудан активімен кездесті. Күн тәртібінде тұрған күрделі мәселелер – ауданға перзентхана мен Мәдениет үйін салу жобаларын қарастыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар мешіт қызметкерлерінің әлеуетін көтеру керектігін де атап өтті. 

Мақпал МЫСА
Іле ауданы.