Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КОРОНАВИРУС: ІНДЕТПЕН КҮРЕС КЕЗІНДЕ КӨЗ ЖҰМҒАНДАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДА ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 20.07.2020
Оқылды: 945
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Әлемді жайлаған қатерлі індет қаншама адамның өмірін қиды. Бұл қатарда дертке шалдыққан адамдарға арашашы болып, алдыңғы шепте жүрген медицина саласының қызметкерлері де бар.


Індеттің алдын алуда күн-түн демей еңбек еткен Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің және ҚР Ұлттық ұланы 28237 әскери бөлімінің медицина қызметінің бастығы, медицина қызметінің капитаны Бегалидин Алашбаевтың мезгілсіз қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Қайрат Қажиманұлы отыз жыл осы салада талмай еңбек етсе, әлі қырыққа да толмаған Бегалидин Байжонұлының халқына берері әлі де көп еді. Екі атпал азаматтың да соңында аңырап жесірлері мен буыны қатаймаған балалары қалды. Облыс әкімі Амандық Баталов қызметтерін адал атқара жүріп, індетке шалдығып көз жұмған екі азаматтың отбасыларына көңіл айтып, мемлекеттік награда табыстады.

– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, қазіргі індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлер. Олар осы мамандықты таңдағанда Гиппократ антын береді. Міне, бүгін бәріміз рухтарына бас иіп, еске алып отырған екі азамат сол антына берік жандар. Олардың жарқын ісі жүрегімізде, есімдері мәңгі тарихта қалады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оларды үздік еңбегі мен қызметтік борышын атқару кезіндегі жанқиярлығы үшін жоғары мемлекеттік наградамен марапаттады, – деген облыс әкімі облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, марқұм Қайрат Баймұхамбетовтің зайыбы Гүлжан Камелқанқызына ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Марқұм Бегалидин Алашбаевтың өмірлік қосағы Дамира Нуритдинқызына «Құрмет» орденін табыстады.

Өз кезегінде қос азаматтың жарлары марқұм ерлерінің еңбектерін елеп, еске алып, үлкен құрмет көрсетіп жатқан Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғыстарын жеткізді. Қос арыстың көзін көрген азаматтар көздеріне жас алып, отбастарына ілтипат көрсетті.

Алма ЕСЕНБАЕВА