Шешендік өнер ширатып

Уақыты: 18.06.2016
Оқылды: 3301
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көгілдір аспанды тіліп өткен қыранның қанаты сөгіліп, қауырсыны ирелеңдеп келіп безбүйрек жаудың қан-сөлсіз реңіндей боз далаға, қан сасыған бозаң бетке қонған. Жасаураған жанарын көкке қадап қым-қуыт ойдың әлеміне сапарлата жөнелуге табиғатынан дағдыланған Тілеу: «Тоба», – деп қалды. Сұрқай ой сужыланша сумаңдап келіп кәлләсына кіргенде тітіркенбей қайтсін? Тірліктің мәнін білсе де мына бір істің мәнісіне сана жетелете алмай ділгір болған. Саба түбі сарқынды жасында қыран қанатының саудырап түскенін көргені алғашқы рет. Іштей бір қысылтаяң кезге тап келгенін, құрбандыққа арналған кеңірдекті кесуге дайын бір пышақтың жанылып біткенін сезгендей. Самсаған жұлдыздай сап түзеп келген ата жауы бір жақтан, ағайын болып айранын татып отырған көршісі ойраны шыққанын тілегендей түр танытқаны мынау. Қалың қол қысымға алса, қылтиған басты қырған сәтте құшағыма сүңгиді деген арам ниет байқатқандай еді.

Иә, бір халықтың тағдыры мың кәлләға салмақ түсірген күн. Ұясынан соғым қанын шашыратқандай қызарып шыққан күннің өзі бір сойқаннан хабар бергендей. Бар қазақтан бір қазақ шығып, ту ұстап, ақ селебені сертке сермейтіні белгілі. Алайда, «жау жағадан алғанда, бөрі етектеннің» кері келіп, көршінің өзі қайқы қылыш қалмақтарға отарбамен демесіп жатқаны жанына батуда. Сондықтан да дағдылы ісі бойынша қауырсыны қырқылған қыранға бас шайқап қарап, мойы­нын түу алыстағы аспанды ала-құла қылған ақшабұлттарға созуда. Тілеу тағдырды ойлап түңіледі. Исламнан қуат алған бабаның бірі болғандықтан қарақан басының қамы емес, қамкөңіл жұрттың өмірін, болашағын болжай алмай мүжіліп біткен. Жасындай жалт еткен жалғанда өзегінен өрбіген Үмбетейді (жалпақ жұртқа жырау болып атағы жетер Үмбетейді) ойлап бір сәт қамықпаған көңілі, ел дегенде шерге ұласып, дем түйнек, дертті болып қалатыны бар.

Міне, осындай текті баба Тілеудің баласы Үмбетей де мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жырауға, қабырғалы қазақ әдебиетінің көрнекті өкіліне айналған. Бұл «жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген тәмсілге саяды. Негізінен әкесі Тілеу батырлар жырын жатқа соққан, ескі аңыздарды, билердің шешендік сөздер мен нақылдарды жетік білген екен. Тіпті, халықтың музыкалық мұрасына да зейін қойып, зерде бойлата білген бесаспап жан. Он саусағынан күй қоздаған дәулескер қобызшы болған Тілеу ел ішінде тірідей аңыз­ға айналған деседі. Осындай текті адамнан, қазағи үшін жұдырықтай жұмыр етіне жүк түсірген жаннан тараған Үмбетей де бүгінгі күннің аңызы.

Үмбетей дала мектебінен тәлім алған жырау. Алайда, оның рухани ұстазы – әкесі. Жас шыбықтай бүрленіп, шыр біте бастаған тұсында ақындық қырын байқатқан жырау, жастайынан ауыл арасындағы ағайынды, туған-туыстарының теріс істерін өткір тілмен, ащы мысқылмен сынап отырған, сыни өлеңдердің авторы ғана емес, ескі эпикалық туындылардың білгірі ретінде тарихта қалған.

Құрсағы құтты атыраптың бірі Орталық Қазақстанда өмірге келген Үмбетей несімен қазақ әдебиетінің кіл қаймақтарының қатарынан орын алып, жыраулық поэзияның шоқтығы биік шайырларының бірі болып бағаланды деген заңды сауал туындайды. Алайда сөз түсінген жанға бұл сұрақтың өзі абырой алып келмесі анық. Өйткені заманының келеңсіз тұсын ашып, ағайынды туысым демей кемшілігін көзіне басып айтқан, ескі эпикалық туындыларға тұтқа болған, философиялық-дидактикалық толғауларға ой өргізген, сондай-ақ, жаугершілік заманда жасақ ерткен батырын асыл сөзбен демескен жырау еді. Бір-ақ рет берілген тағдырында бірнеше рөл атқарған жанның бірі осы Үмбетей жырау болатын.

Ақиқатында, жыраулық поэзия болмасын, Мәди, Біржан сал, Жаяу Мұсалар кезеңі болмасын, қай-қайсысын алсақ та таңғалатын бір дүние бар. Олар асырып айтсақ бір сәтте төрт тараптан көрінген әулиелерше өздерін әр төбеден бір көрсете білген, қандай өнер болса, соның қазанында бұрқ-сарқ қайнаған жандар еді. Ал жыраулар заманын айтар болсақ, Үмбетейлердің тұсы тіптен керемет. Даңқты жыраудың бір қырын ашу үшін бір кітап жазуға болады. Оған дәлел, жыраудың ащы сынына, адамшылық пен арамзалықты арқау еткен жырларына сана жетелетіп көрелік. Жалпы мазмұны нақты өмір оқиғасынан алынған, бабалар сөзі мен жыраулар жырларына арналған «Алдаспан» кітабында біршама айтылған оқиғаның бірін мысалға келтірсек: «Жауқашар деген дәулетті адамның бірінен-бірі өткен сойқанды сотқар тоғыз ұлы барымтаға шығып, көршілес ағайын ауылдың бурасын әкеліп, сойып алады. Екі елдің арасында дау туып, Бәке атты биге жүгінеді. Сонда Бәке Жауқашар жағына бұрмалық жасайды. Осыны білген Үмбетей араға түседі. Сонда «Бәкеге» деген жырымен әділдікке шақырады. Ақын «тоқымы кеппей топтанып, ел тонау­ға аттанып» жүрген тоғыз тентекті сынға алады:

Ұл он беске келгенше,

Қолға ұстаған қобызың.

Ұл он бестен асқан соң,

Тіл алмаса – доңызың, – деп жақсы мен жаман ұлдың қандай болатынын мысалдап айтады». Осы бір деректің өзінен жыраудың ақиқаттан аттамайтын шыншылдығы мен құбыласынан қиыс кеткенді қырандай бүретін әділ жан болғанын байқаймыз. Ал бұл ол заман мен бүгінгі күнге, жан баласына керекті асыл қасиеттің бірі.

Шындықты шамданып та, шамырқана жеткізген шайырлардың шоқтығы биік шығармаларының шып-шырғасын шығармай ұсынған бес, жеті, он ғасыр жырлайды кітабына үңілсеңіз қазақ сөз өнерінің, оның ішінде поэзияның құдіретін сезінесіз. Сол санатта сүбелі жырымен, дара дарынымен дараланған Үмбетей жыраудың әр өлеңі жұртының мұрасындай. Ақиқаттан танбаған ақын сол Бәке биді сынға алған жырын:

Дін пұсырман баласы,

Адамдықтан жерімес.

Тіл пұсырман, қарашы,

Арамдықтан шегінбес, – деп өрнектеген. Рас, дін мұсылман баласының бойынан ізгілік пен жатты да жақын тартып тұратын ерекше бір қасиетті байқайсың. Ал ондай адам адамдықтан жерімейтіні ақиқат. Алайда, бұл жырдағы баса назар аударатын, мән беретін тармақ «тіл пұсырман, қарашы, арамдықтан шегінбес», – деп Бәке биді ащы сынаған жері. Бұқар мен Үмбетей, Махамбет пен Дұлат Бабатайұлы бір сөзді, тұтас бір тармақтағы ойды айнытпай суреттеген екен шығармасын да. Яғни, олардың рухани байланысын дін жағынан қарастырсақ та, адамзаттық болмыс жағынан тартып сөйлетсек те сыңғыры бір суаттай сусыныңды қандырар бір таудан жылыстап аққан қайнар бұлақтар екенін аңғарамыз. Олардың рухани әлеуеттері жоғары, бір-бірімен етене жақын болғанын байқаймыз. «Күлдір де күлдір кісінетіп», – деп келетін жыраулық поэзиядағы рухты жыр жолдары Қазтуған мен Доспанбет, Ақтамберділерде қайталанып жататыны секілді, Үмбетейдің осы бір тармағын аталған жыраулар: «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да ділде жоқ», – деп көркемдеген. Бұның өзі жоғарыда тоқталған рухани сабақтастық деп білеміз.

Жалпы, Үмбетей жыраудың шығармаларында шартты тақырып жоқ. Қоғамда болған, жанына ерекше әсер еткен сол кездегі оқиғаларды ой елегінен өткізгенімен де, тарихта қалдыруға тырыспаған. Яғни, көңіліне түйген әр дүниені бір-ақ ауыз сөзбен, жалқы тармақпен суреттей салған. Жыраудың «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту» атты жырлары ғана бізге жеткенін ойласақ жаның күйінеді. Келелі кеңестерде шындықтан тайсалмаған бабамыз неше ауыз сөз, нешеме тармақ жырларды түйдек-түйдегімен төкпелетті десеңізші. Жады мықты халық болсақ та 4-5 жырын әдебиет айдынына әрең қостық. Бір қарағанда күпірге кетіп бара жатқанымыз сезіледі. Алайда, ізсіз кеткен нешеме жайсаңдарымызды ойлағанда Үмбетей жыраудың бізге жеткен, келер ұрпаққа сыны кетіп, сыры ұшып қалмай жетер бұл лағыл жырларына да шүкіршілікпен қарағанымыз абзал. Ол туындының әрқайсысын тұщынып оқысақ, заманның заңғар ойшылының кесек-кесек ой мен түйдек-түйдек теңеуіне тамсана түсеміз. Төбесінен төнсең жанарыңды түпсіз тұңғиығына тарта жөнелетін шалқар көлдей айдынды бабамыздың:

Жиырма жасың толғанда,

Қалмақпен соғыс болғанда.

Алғашқы бақты тапқанда,

Шарыштың басын қаққанда.

Қандығаңа бас байлап,

Жау қашты деп айғайлап

Абылайлап шапқанда...

Ұмыттың ба соны, Абылай? – деп толғаған жырының өзі шежіреден құралған шерлі өлең. Сондағы тағдырлар мен соғыстағы оқиғалар мен ерліктер, Баба түкті Шашты Әзізді тілге тиек еткенінің өзі бүгінгі бос қиялдан құралған поэзиялардан мың есе пайдалы һәм әсерлі деп білемін. Бабаның жыраулық қуатын ашып көрсету мақсатында мысалға алған бұл өлең «Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту» болатын. Жалпы Үмбетей жырау Бөгенбай батырмен етене жақын қатынаста болып, соғыс тұсында батырға асыл сөздерімен рух беріп, жай отындай жырларымен қуаттандырып отырған.

Қазақты қан соқты қылған қыс­талаң уақытта, нақтырақ айтсақ, 1706 жылы өмірге келген Үмбетей жырау жайлы түрлі аңыздар мен деректер жетерлік. Солардың бірінде Бұқармен жас жағынан құрдас болған деген деректі жырауық поэзиясы мен өміріне қанығып жүрген кезде яки, жыраулар заманын қызықтап жүрген тұста көзіміз талай шалып қалған ақпардың қатарында бұл да бар еді. Алайда осы уақытқа дейін, нақтырақ айтсақ жырау жайлы қалам тербеген шаққа дейін аса мән бермеген секілдіміз. Негізінде, Бұқар жырау Үмбетейді қазақы дүниемен «бес жас бел құрдас, он жас орда құрдас», – дегенге салып көрсек те аралары біршама жыл. Дерек бойынша Бұқар бабамыз 1668 жылы өмірге келген деп көрсетілген. Сондықтан да Үмбетей мен Бұқар жыраудың арасында аттай 38 жыл жатқанын ескеріп, құрдас деген сөзді орынсыз айта берудің, қайталап жаза берудің реті жоқ деп білемін.

Негізінде қазаққа аты мәлім, Бөгенбай батырдың немересі Бапан би батыр атасының тұсында өмір сүрген жырауларды жақсы білмейді дегенге ешкім сене қоймас. Бірақта Бапан би:

Үмбетей Бұқармен дос, құрдас екен, Қайтыс боп үш жыл бұрын құса дерттен, – деп жырлап кетсе керек. Бұл дерек пен жыраулық поэзия өкілдерінен мұзбалақ Мұқағалиға дейін топтастырылған жинақтағы өмірдеректі салыстыру керек секілді. Сонда ғана Бөгенбайды жырлап, хан Абылай қасына ерткен қос жыраудың қос қайнардай жер бетінен атқақтай шыққан мезетіне нақтылы қанық болар едік.

Жалпы айтқанда жыраулық поэзияда өз өрнегін салып, қазақ халқының хандығын сақтап қалу жолында бір данадай сүбелі үлесін қосқан Үмбетей Тілеуұлы жайлы топшылайтын ой, толғақты тақырып пен ашып көрсетер келеңсіздік жетерлік. Алайда, бабасының бітімі бөлек тұлғасымен, білімі ерек өзімен, дәйек те дерек сөзімен мақтанған біздер үшін дананың дара қасиетін еске алып тұру, көсілте жазу – бір борыш.

Дін пұсырман баласы

Адамдықтан жерімес,

Тіл пұсырман, қарашы,

Арамдықтан шегінбес.

***

Ұл он беске келгенше –

Қолға ұстаған қобызың.

Ұл он бестен асқан соң,

Тіл алмаса – доңызың.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ