АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АУДАН, ҚАЛА ӘКІМДЕРІН ЖИНАП, ТАПСЫРМА ЖҮКТЕДІ

Уақыты: 13.03.2021
Оқылды: 788
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ аудан, қала басшыларын қабылдады. Жиын барысында аймақтың экономикалық даму бағытында тапсырмалар жүктелді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ең алдымен облыс басшысы жаңадан тағайындалып, қызметке кіріскен Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары және Талдықорған қаласы әкімдерінің жұмыстарына сәттілік тілеп, бірқатар нұсқау берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жол картасы» бағдарламасымен көмек көрсеткенде барлықтарыңа ескерттім. Бұл жайдан-жай беріліп отырған қаражат емес. 1 жылға қомақты сома бөлінді. Сол ақшаның әрбір тиыны өз мақсатында пайдаланылуы тиіс деп айттым, – деген Амандық Ғаббасұлы басты назарды сыбайлас жемқорлықпен күреске бұрды.

Тек қана екі айдың ішінде сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіне 27 іс түскен. Оның ішінде 25-і жемқорлыққа қатысты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қалалық балабақша бойынша пара ұсыну фактісі 15 пайызға тең. Ал, жер бойынша 10 пайызды құраса, мектептерде бұл көрсеткіш 3 пайызды көрсетіп тұр. Оның ішінде жер қатынасы мәселесіне қатысты тұрғындар тарапынан шағым көп түседі екен.

Қабылдау барысында: «Жерді жөн-жосықсыз беруге болмайды. Керісінше, бизнес бастауға талпынған жандарға беруге көмектесіңдер», – деген аймақ басшысы биыл облыста әр сала бойынша атқарылған жұмыс барысын тыңдады. Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов баяндады. 

– Биыл 1 млн.-ға жуық ағаш отырғызылу керек. Әр өңірде ағаш отырғызу жоспары белгіленген. Кейбір аудандарда сенбілік басталып кетті. Осыдан бірнеше күн бұрын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары Бақанас- қа барып келді. Барлығы жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Ендігі кезекте әр сенбі сайын сенбілік ұйымдас- тырып, ағаш отырғызуымыз керек, – деген Лаззат Махатұлы абаттандыру жұмыстарынан бөлек  құрылыс саласына да тоқталды.

Жалпы құрылыс саласы бойынша аймақта жұмыс қарқыны жоғары. Бір ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 311 мың шаршы метр үй салынып, оның 191-і өткізілмек. Келесі жылы 350 мың шаршы метр баспана салу жоспарланған. Соған қарамастан аталмыш салада түйткілді мәселелер бар.

– 2017-2020 жылдар аралығында 16 массивке 11 млрд. 400 млн. теңге салғанбыз. Оның 10309 учаскесі дайын тұр. Оның 5164-і таратылып, 1050-інде ғана үйлер салынған. Қалғанының барлығы бос тұр, – деген Лаззат Махатұлына аймақ басшысы аталған мәселені анықтауды тапсырды.

Амандық Ғаббасұлы баспана құрылысында техникалық жабдықтау, газ тарту және абаттандырудан бөлек қасбеті мен шатыр жұмыстары қосылатындығын жеткізді. Инвестиция тарту, тұқым сатып алу, көктемгі дала жұмыс- тарына дайындық сынды аграрлық аймақты дамытуға бағытталған жұмыстарға да тоқталды. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы, облыс орталығының Талдықорған қаласына көшкеніне 20 жыл сынды атаулы күндерді мерекелеу шаралары да талқыланды.

Жиынды қорытындылай келе Амандық Ғаббасұлы жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ, пандемия әлі бітпегенін айтып, ауқымды жиындар өткізбеуді қатаң ескертті. 

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы