АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ОБЛЫСТЫҢ ДАМУ КӨРСЕТКІШІН БАЯНДАДЫ

Уақыты: 27.05.2021
Оқылды: 1027
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті. Онда спикер Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы журналистерге баяндап берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алдымен: "Биыл барша қазақстандықтар үшін аса маңызды белес – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Біз үшін тағы бір елеулі кезең – Елбасының Алматы облысының орталығын Талдықорған қаласына көшіру туралы шешім қабылдағанына 20 жыл толды. Бүгін облыстың жай-күйі, алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары туралы қысқаша айтып берсем деймін. Індет салдарынан туындаған дағдарысқа қарамастан, тұрақты даму принциптерінің басымдығы сақталды. Сондықтан, Мемлекет басшысы экономикалық дамудың жоғары қарқынын қалпына келтіру, инвестиция тарту мен халықтың табысын арттыру міндеттерін алға қойды", – деді Амандық Ғаббасұлы.

Бұдан соң облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне шолу жасалды. Спикердің айтуынша, аймақта өткен 4 айда барлық негізгі салаларда өсім қамтамасыз етілген. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,3%, құрылыс жұмыстары – 4,2%, сауда – 3,7%, ауыл шаруашылығы 0,5%-ға өскен. Мемлекеттік бюджет түсімі 220 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда шамамен 1,5 есеге артқан. Облыс экономикасына 127 млрд.теңге инвестиция тартылып, өсім - 1,6% (ҚР – 93,4%) болды. Жыл соңына қарай инвестиция көлемі 811 млрд.теңге деңгейін көрсетеді деп күтілуде. 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі инвестиция көлемін 30%-ға дейін ұлғайту міндеттерін орындау үшін 45 мың жұмыс орнын құратын, 5,4 трлн.теңгелік 562 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылған. Соның 327-сі іске асырылуда, олар тұрақты инвестиция легін қамтамасыз етеді.

– Мұнда 9 Трансұлттық компания өзінің елеулі үлесін қосып отыр. Бұл туралы сіздермен алдыңғы кездескен кезде айтқан болатынмын. Өткен жылдардан бері жұмыс істеп тұрған «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» кәсіпорындары мен биыл іске қосылған «Алацем» цемент зауыты мен «Фид Миллс» құрама жем зауыты өндірістерінің жалпы көлемі 165 млрд.теңгені құрайды. Алдағы уақытта Трансұлттық компаниялардың тағы 5 жобасы іске қосылғанда олардың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 25% болады, – деді спикер.

Бүгінгі күні азық-түлік, сусын, электр құралдары, дайын металл бұйымдары, фармацевтика мен құрылыс индустриясы өндірісінде тұрақты өсім байқалған. Ал жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1,2 трлн.теңгеге жетіп, шикізаттық емес экспорт 6% -ға өсіп, 400 млн.АҚШ долларына жетеді деп межеленуде.

Ал аагроөнеркәсіптік кешенде 2022–2026 жылдарға арналған Ұлттық жоба шеңберінде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, сүт өнімдері, дәнді және майлы дақылдарды өндіру мен өңдеу бойынша жеті ірі экожүйе қалыптастыру жоспарланған.

Осы ретте спикер: «1,3 млн.бас ірі қара, 4,5 млн.бас қой-ешкі, 1 млн.гектарға жуық егіс алқабы бар аймақтың әлеуетін ескерсек, біздің аймақ осы жобаның ең белсенді қатысушысыларының бірі саналады. Мысалы, қант өндіретін екі зауыт жұмыс істеп тұр, енді Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын қалпына келтіру жоспарлануда. Осылайша біз алқап аумағын 35 мың гектарға ұлғайту арқылы қант қызылшасы көлемін 2 миллион тоннаға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз», – деді. Сонымен бірге, ет өңдейтін «Жетісу қой» жобасын жүзеге асыру басталған. Бүгінгі күні барлық ұйымдастыру мәселелері шешіліп, инженерлік инфрақұрылым құрылысына қаржы бөлінген. Инвестор зауытты жобалауды бастаған. «Тайсон Фудс» жобасы туралы да айтуға болады. Ірі қара етін өңдейтін зауыт салатын жер учаскесі бөлінген. Өткен жылы «НаурызАгро» және «OTAN GreenFood» - екі ірі құс фабрикасы іске қосылып, тағы екеуі салынбақ. Олар – қуаты 37 мың тонна ет өндіретін «Прима құс» және жылына 160 млн.дана жұмыртқа, 120 мың тонна бройлер етін өндіретін «Aitas KZ». Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1 трлн.теңгеден асады, АӨК өнім экспорты 220 млн.АҚШ долларына жетеді немесе 2020 жылға қарағанда 18%-ға артық.

Облыстағы шағын және орта бизнестің жай-күйіне тоқталған аймақ басшысы аталған саладағы субъектілер санының 125 мың бірлікке, ал осы салада жұмыс істейтіндер санының 275 мыңға жеткенін айтты. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 11%-ға өсіп, ШОБ-тың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34%-ға жеткен.

– Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған салықтық жеңілдіктер, жалға алу төлемдерінен босату түріндегі шаралар оң ықпалын тигізді. Мысал ретінде айтсам, жыл басында Талдықорған қаласында аз қамтылған және көпбалалы аналарды жұмысқа тарту мақсатында тігін цехы ашылды. «Жетісу» ӘКК арқылы цехқа орын тауып, күрделі жөндеуден өткізіп, лизингке құрал-жабдықтар сатып әпердік. Қазір бұл шағын фабрикада 17 әйел жұмыс істеуде, соның 12-сі «Еңбек» бағдарламасымен оқыды. Мұндай мысалдар аз емес, осындай ұсыныс-бастамаларды біз әрқашан қолдаймыз, – деген Амандық Ғаббасұлы биыл «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары мен «Жетісу» өңірлік қаржыландыру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемінің 21 млрд.теңгеге дейін артқанын назарға алды. Сондай-ақ, екі мыңға жуық субъектіге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 13 мың жұмыс орны құрылып, сақталған. Облыста 430 нысан «Ashyq» қосымшасымен жұмыс істеуде, бұл сервисті тәулігіне орта есеппен 3 мың адам қолданады. Жалпы осы қабылданып жатқан шараның бәрі кәсіпкерлердің бұрынғы жұмыс ырғағына көшуіне мүмкіндік бермек.

Карантиндік шектеулерге қарамастан, құрылыс саласындағы жұмыстар да қарқынды. Шағын және орта бизнес нысандарының жабылуы салдарынан орнынан босап қалған көптеген азамат аталған салада жұмыспен қамтылған.

МҰҒАЛІМДЕРДІ ҚУАНТТЫ

Мақсат СМАҚОВ,

Сарқан ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

- Облыс әкімі Амандық Баталовтың Нұр-Сұлтан қаласының Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингін бастан-аяқ көріп шықтық. Онда Жетісу жерінің жетістіктерін сөз етіп, сан саласының даму көрсеткішін, жоспарлардың орындалу барысын таныстырды.

Инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту, олардың жалақсынын көтеру, агро-өнеркәсіп кешенін өрістету тұрғысында атқарылып жатқан қыруар жұмыстар жайлы толық ақпаратқа қанықтық. Әсіресе, білім саласына қатысты айтылған жайттар көңіл қуатты. Жыл соңына дейін 28 мектептің салынатыны, оның 19-ы үш ауысымдылықты болдырмау мақсатында екені белгілі болды.

- Білім беру саласында педагогтарға, оқушылар мен студенттерге қашықтан оқу мен жұмыс істеу технологияларын меңгеруге тура келді. Облыс бойынша 81 мың компьютер сатып алуға, 12,3 млрд.теңге бөлдік, 24 мың мектеп компьютері мұқтаждарға уақытша пайдалануға берілді. Демеушілер қаржысы есебінен қосымша 2110 бірлік оргтехника берілді, – деген Амандық Ғаббасұлы аймақта 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98% жеткенін де ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, тағы 166 балабақша ашып, қамту деңгейі 2022 жылға қарай 100%-ға жететіні Алматы облысының тұрғындарына қуаныш сыйлады.

Пандемияға қарамай қашықтан оқыту технологиясы жоғары дәрежеде іске асты. Оқу жылын да жоғары жетістіктермен аяқтап жатырмыз. Мемлекет тарапынан мұғалімдерге көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау арқылы жыл сайын білім сапасы артуда. Жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Келешекте те осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатына сенім мол.

ДЕНСАУЛЫҚ - ЗОР БАЙЛЫҚ

Әсел КӨБЕГЕНҚЫЗЫ,

Талдықорған қаласындағы "Гранд" медициналық орталығының мейірбикесі:

- Облыс басшысының есебіндегі деректер мен нәтижелер көңіл қуантады. Рас, жыл сайын Жетісудағы әр саланы алып қарасаңыз, басқа өңірлермен салыстырмалы түрде әлдеқайда жақсы. Бүгінгі брифингте пандемияға қарамастан барлық салада өсім сақталғаны қуантты. Облыс әкімі өңірдегі барлық істің есебін қайырып, сандарды сөйлетіп, журналистерге бүкіл көрсеткішті баяндап берді.

Еліміз үшін ғана емес, әлем үшін сын сағаты туындаған сәтте облысымыз аймақтағы тұрғындардың денсаулығы үшін барын беріп, аянып қалмады. Дәрігерлер мен білікті мамандар кірісіп, індеттің алдын алуда көп еңбек сіңірді. Оларды керек-жарақ медициналық құралдармен және автокөлікпен қамту ісі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Облыс басшысы Амандық Баталов брифингте 2025 жылға дейін шалғайда орналасқан елді-мекен тұрғындарына медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде айтып өтті. Тіпті, биыл жоспардағы 109 нысанның 23-і салынатыны медицинаға қаншалықты жіті көңіл бөлініп жатқанын көрсетті. Аймақ басшысының осы бір жоспары қиыр жайлап, шет қонған тұрғындардың алаң көңіліне нұр сепкендей. Рас, ауданды былай қойып, округ орталығына ем іздеп, шарқ ұратындар қаншама?! Енді осы бір олқылықтың орны толмақ. Әр тұрғынға медициналық қызмет қолжетімді болмақ. Бізге әр тұрғынның денсаулығы маңызды.

Коронавируспен күрес, медицина саласын дамыту, жаңа нысандар салып, шалғай елді мекендерді жаңа аппараттармен қамту жұмыстары жалғасын табады. Брифингте облыс әкімі білім мен медицина саласын дамытуға баса көңіл бөліп отырғанын айтып, ауқымды жоспарларымен бөлісті. Әлемде мықты елдің қайсысына назар аударсаңыз да, білімі мен медицинасының жолға қойылғанын байқайсыз. Біз де осы жолдамыз және күрделі ауруларды емдеуде шетелге жалтақтамайтын күнге жететінімізге сенімдімін.

Облыс басшысының сөзіне жүгінсек, «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде өңірге 105 млрд.теңге бөлініп, 20 мың жұмыс орнын құрған 1051 жоба жүзеге асырылған. Өткен жылы облыс бойынша 60 мың жұмыс орны ашылыпты.

Баяндамада белгілі болғандай, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Мәселен, биыл 1 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. 2603 пәтерлік 521 тұрғын үй салынып жатыр, соның 1212-сі көпбалалы отбасыларға берілмек. Сонымен қатар жеңілдіктер қарастырылған «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламаларымен 1986 отбасы пәтерлі болмақ.

Газдандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр облыс тұрғындарының 59%-ға, яғни, 1,2 млн.адамның газға қосылуына мүмкіндік туған. Биыл тағы 23 елді мекенде осындай жағдай жасалып, көрсеткіш 61%-ға жетпек. Аймақ басшысы осыған байланысты: «Әзірге көгілдір отын жеткізілмеген бес аудан қалды. Осы аудандарды газдандыру үшін «Талдықорған - Үшарал», «Шелек-Кеген» магистралды газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын аяқтаймыз. Құрылыс жұмыстары келесі жылдан басталады», – деді.

Сол сияқты спикер орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейінің республика бойынша алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті, яғни 98,3%, бұл 678 елді мекен қамтылды деген сөз. Биыл 7 ауылға су құбырын жүргізу есебінен бұл көрсеткіш 99,5% жеткізілмек, сол сияқты 11 ауылда ауыз су сапасы жақсартылады. Жол сапасы да жыл өткен сайын жақсаруда. Қазіргі кезде жақсы және қанағаттарлық жағдайдағы жергілікті маңыздағы жолдардың үлесі – 84%. Биыл 385 елді мекенде облыстық маңыздағы және ауылішілік 332 шақырым жол жөнделеді, оған 33 млрд.теңге бөлінген.

Биыл облыста жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 60 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылған. Аймақта жалпы сомасы 28,5 млрд. теңге болатын әлеуметтік көмекті 345 мың адам алады, соның ішінде 25 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады, 77 мың бала мемлекеттік әлеуметтік пакетпен қамтылады.

– Экономиканың тұрақты өсімі, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтап қалуға, жұмыссыздықтың белең алмауына мүмкіндік берді, – деді облыс басшысы. Сонымен бірге, облыста биыл 28 мектептің құрылысы жоспарланған, соның 19-ы – үш ауысымдылықты болдырмау мақсатында салынбақ. Жеті мектеп іске қосылған, соның төртеуі үш ауысымды мектептердің орнына пайдалануға берілген.

– Білім беру саласында педагогтарға, оқушылар мен студенттерге қашықтан оқу мен жұмыс істеу технологияларын меңгеруге тура келді. Біз облыс бойынша 81 мың компьютер сатып алуға, 12,3 млрд. теңге бөлдік, 24 мың мектеп компьютері мұқтаждарға уақытша пайдалануға берілді. Демеушілер қаржысы есебінен қосымша 2110 бірлік оргтехника берілді, – деді спикер. Сондай-ақ, ол 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі 98%-ға жеткенін, тағы 166 балабақша ашып, қамту деңгейін 2022 жылға қарай 100%-ға жеткізілетін айтты.

Медициналық қызметтің қолжетімді болуы және 2025 жылға дейін шалғай елді мекендерді де толық қамту үшін 109 нысан салу көзделген, соның 23-і биыл салынады, сол қатарда 20 блокты-модульді медпункттер де бар.

Амандық Ғаббасұлы денсаулық сақтау саласында 2020–2021 жылдары коронавируспен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 14 млрд.теңге бөлінгенін айтты. Талдықорған қаласында қысқа мерзімде 200 орындық модульді инфекциялық аурухана салынған. Бұған қоса, 3 томограф, 18 рентген-аппарат, 219 өкпені жасанды желдету аппараты, 180 «Жедел жәрдем» автокөлігі, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. «Соның нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен және санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету деңгейі 90%-ға көтерілді», – деді облыс басшысы.

Баяндамашы қазіргі кезде халыққа вакцина егу жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын, 410 мың доза вакцина алынғанын, бірінші компоненті 215 мың адамға, екінші компоненті 122 мың адамға салынғанын айтты. Облыста барлығы 1,1 млн.адамды қаму жоспарланған.

Баяндама аяқталған соң спикерге журналистер тарапынан сұрақтар қойылды. Олардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерге арналды. Мәселен, спорт кешендерін салу, студенттерді жатақханамен қамту, жол инфрақұрылымын дамыту, шалғай ауылдарды медициналық мекемелермен қамтамасыз ету, үш ауысымды мектептерді болдырмау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын өсірмеу, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, кейбір елді мекендердегі ауыз су мен интернет мәселесін шешу туралы сұрақтар қойылды. Сонымен бірге «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында, Талдықорған қаласының облыс орталығы болғанына 20 жыл толуына байланысты, Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың мерейтойларына орай атқарылып жатқан шаралар, коронавирус індетіне қарсы жүргізілген жұмыстар, суармалы су тарифі мәселесіне қатысты сауалдар жолданды.

Амандық Ғаббасұлы тілшілердің сауалына толыққанды жауап қайтарды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА