МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ӘП-СӘТТЕ ЖИНАУДЫҢ ЕҢ ҚАРАПАЙЫМ ӘДІСІ: ЖУРНАЛИСТ ЗЕРТТЕУІ

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 1545
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Күн көрістің қамымен қарыздарынан құтыла алмай жүрген адамға «Депозит ашып, ақша салыңыз» деген ұсыныс ақылға сыймастай көрінуі мүмкін. Десек те, олар қарапайым ғана банканың өзі депозит болатынынан бейхабар. «Банка-депозитке» ең азы 5-10 теңгеден салуды әдетке айналдырыңыз. Мейлі ол дүкеннен қайтқан азын-аулақ тиын-тебен болсын, банкаға сала беріңіз. Бір-екі айдан кейін жиналған ақшаны көріп, көңіл-күйіңіз кәдімгідей көтеріліп қалады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ақшаны банкке емес, банкаға жинайтын Елдос Ақанғалиұлының негізгі табыс көзі – такси қызметі. Қаржыны қалай жинайтыны жөнінде ол:

- Екі литрлік банкаға тек қана 100 теңгелік монетадан жинаймын. Бір күнде кемінде 2000 теңгедей салып тұрамын. Банка екі-үш айда толады. Толғаннан кейін алатын ақшам 130 бен 140 мың теңгенің арасында, – деп ақша жинауды әдетке айналдыруды ұсынды. – Сала берсең, өзінен-өзі әдет болып кетеді. Жинаған сайын жаның рахаттанады. Кей күндері «таксовкаға» шықпай қалсаң, банканы ойлап тұрасың. Сылдырлатып, салмағын байқағанның өзі күш сыйлайтын сияқты. Ашып алғаннан кейінгі ақша біраз жыртығымызды жамайды.

Ақшаны қарапайым банкіге жинап үйренген адам міндетті түрде банктің депозитіне де сала алады. Әсіресе, интернет-банкинг қолжетімді болған кезде телефон арқылы барлық ақшаңызды үйден шықпай-ақ басқаруға барлық жағдай жасалған. Пандемия кезінде біраз адам кіріс, шығыстарын есептеп, қаржы ұғымына жаңаша қарай бастады. Жұмыссыз қалып, табысы азайғандар бұрынғыдай қыдыруды, жөн-жосықсыз ақша құртуды азайтып, үнемдеуді үйренді. Ал кірісі өзгермеген жандар көптен бері көкейінде жүрген заттарды сатып алып, қаржыны көбірек жинауға әдеттенді.

Осы орайда қаржы мамандары бірнеше қағиданы ұстануға шақырады. Біріншіден, барлық табыстың белгілі бір пайызын жинап үйреніңіз. Ол үшін интернет-банкингтен кез келген банк арқылы жеке шот немесе дебеттік карта ашып, жалақы, қосымша жұмыс, премия немесе бизнестен түскен пайдадан аударып тұрыңыз. Кіріс пен шығысты есептеп, ай сайын ашқан шот пен картаға аударсаңыз, біраз қаржы жинайсыз. Мысалы, айына 100 мың теңге жалақы алып, оның 15 пайызын жинасаңыз, сіз жылына 180 мың теңге жинай аласыз. Яғни, 100 мыңның 15 пайызы 15 мың теңгені құрайды. Оның 12 айға көбейтсек, 180 мың теңге шығады. Егер, одан да көп қаражат салсаңыз, тиісінше жинақ сома да көп болады.

Екіншіден, ақшаны алуға болмайтын депозитке автоматты аудару жүйесін іске қосыңыз. Жүйені іске қосу үшін банкке барып, кеңес алсаңыз болады. Тиімдісі, өзіңіз жалақы алатын банктен депозит аштырған жөн. Өйткені, жұмысыңыздағы есепшімен келісімшарт арқылы жалақыңыздың белгілі бір мөлшерін депозиттік шотыңызға аударып отырады. Мысалы, сіз 80 мың жалақы алсаңыз, оның 20 мың теңгесі депозитке автоматты түрде түседі. Келісімшартта көрсетілген уақыттан кейін ақшаңызды үстеме пайызымен бірге шешесіз. Ол бір екі-үш жылға жалғасуы мүмкін.

Үшіншіден, дебеттік және несиелік картаны дұрыс пайдаланып үйреніңіз. Мысалы, сіз ай сайын міндетті түрде азық-түлік, киім-кешек секілді заттарды сатып аласыз. Ақшасын осы карта арқылы төлесеңіз сатып алу санаттары үшін «Кэшбэк» беріледі, яғни, жұмсалған соманың белгілі бір пайызы сіздің шотыңызға қайтарылады. Кейбір банк қаражатты ақшамен, ал кейбіреуі бонуспен береді. Айта кетерлігі, «Кэшбек»-тің өз пайызы болады. Ең жоғарғы пайыздық мөлшерлемесі 10 пайызды құрайды.

Төртіншіден, жарыс өткізіңіз. Бұл ақша жинауға үлкен мотивация береді. Мысалы досыңызбен бәсекелісіп, челлендж жасауға болады. Нақты сома мен жинау керек уақытты белгілеңіз. Сонымен қатар, жеңген адамға арналған сыйақы мен жеңілген адамның орындайтын тапсырмасын ойластырыңыз. Белгіленген соманы жинаған адам жеңіп қана қоймай, сыйлық алады. Ал кім ұтылады сыйлық алмай,тапсырма орындайды.

Бесіншіден, қалаған затыңызды сатып алу үшін 30 күндік ережені қолданыңыз. 30 күндік ереженің шарты– затты сатып алмай, 30 күн күтіңіз. Осы затқа жұмсағыңыз келетін соманы алып, жинақ шотына салыңыз. Егер 30 күннен кейін ол зат сізге әлі де маңызды болса, сатып алыңыз. Маңызын жоғалтса, ақшаны шотта қалдырыңыз.

Алтыншыдан, күн сайын «365» ережесін іске асырыңыз. Ережені дүйсенбі немесе жаңа жылдан бастаған жөн. Ереже шарты бойынша күн сайын ақша жинау керек. Мысалы, 1 қаңтарда сіз шотыңызға 100 теңге салсаңыз, 2 қаңтарда 200 теңге аударуға тура келеді. Дәл осылай күн сайын еселеп отырсаңыз, бір жылда біраз қаражатқа қарық боласыз.

Кеңестер көңіліңізден шықса, депозит туралы түсінікке кеңінен тоқталайық. Алдымен салымшы атты мәртебелі атқа ие болу үшін қаржыны қандай мақсатта жинап жатқаныңызды білу маңызды.

Бізге белгілі депозиттің үш түрі бар. Олар: талап етілмелі депозиттер (ағымдағы шот), мерзімді депозиттер және жинақ салымдары. Алғашқы түрінде ашқан жеке шотыңызға ақша құйсаңыз, банктен ешқандай пайыз төленбейді. Тек салған ақшаңызды ғана шешесіз. Тиімдісі сол, қалаған уақытыңызда қалаған соммада ақшаңызды ала бересіз. Екінші түрінде белгіленген мерзім мен пайыз төлеу шарты арқылы құясыз. Яғни, белгіленген уақытқа дейін ақша алмайсыз, алған жағдайда айыппұл қарастырылған. Уақыты келгенде салған қаржыны үстеме пайызымен шешесіз. Үшінші түрінде ешқандай мерзім болмайды және төленетін пайызы аздау келеді. Аталған депозиттерге жинаған ақшаңызды  кейін кез келген мақсатта жұмсай бересіз.

Мысалы, пәтер алуды жоспарлап жүргендер «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаржы салуға әдеттенген. Жақсы нәрсені әдетке айналдырған адам ғана жақсылыққа жетеді. Ақша жинау әдеті бір бөлек те, әдебі тіптен бөлек. Үйлі болғысы келетіндер елдегі «Отбасы банктен» басқа «Қазақстан Халық Жинақ Банкі», «Банк ЦентрКредит», «Сбербанк», «Жусан банк», «Еуразиялық банк», «Bank RBK», «ForteBank», «Altyn Bank» сынды сегіз бірдей банкте ақша жинап, «7-20-25», «Баспана Хит» бағдарламасы арқылыпәтер алу қарастырылған. Бастапқы жарнасы 20 пайыздан басталып, 7 және 10,75 пайызбен несиеге үй береді.

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Алматы облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің санаттағы маманы Мұрат Бөлегеновтің кеңесіне жүгінгенімізде:

- Кезекке тұрмай 7 пайыздан бастап несиеге баспана алғысы келетіндер «Отбасы банкіне» үй соммасының 50 пайызын құюға болады. Соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес, көп балалы отбасы ретінде кезекке тұрып, «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Нұрлы жер» және жақында ғана қосылған әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламалары арқылы қуанышқа кенелуге жол ашық, – деген ол «Отбасы банкінің» депозитінің артықшылығы көп екенін айтады. Айталық, жыл соңына дейін 583 400 теңге салатын болсаңыз, 116 680 теңге мемлекеттік сыйақы беріледі.

Пайызды харам санайтындар қаржысын «Ислам Банкіне» құйып пайызсыз, несиесіз үй алуға болады. Сондай-ақ, салған ақшасына ешқандай пайыз алмауды көздеген жандар депозиттің бірінші түріне (талап етілмелі депозиттерге) қаржы құйған абзал.

Депозиттерге қалай кепілдік берілгендігі турасында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (https://kdif.kz) арқылы таныса аласыз. Аталған сілтемеге кіріп, қаржылық сауатыңызды біршама арттырып алуға да болады-мыс. Ақшаны ақша шақырады. Тек қорықпай алдыңызға нақты мақсат қойсаңыз осының өзі жетіп жатыр. Теңгенің құнсыздануын есепке алсақ, несиеден де еш қорқудың қажеті жоқ. Нарықта барлық нәрсе жаппай қымбаттайды, солай жалғаса бермек. Қарапайым нанның осыдан бес жыл бұрынғы бағасын алып қараңыз. Жылдар жылжыған сайын ұтпасаңыз, ол нәрседен ұтылмайсыз.

Баласының болашағына алаңдайтын ата-ана алдымен ұл-қызына депозит ашудан бастау керек. Ай сайын 5 000 теңгеден құйсаңыз, 18 жылда 1 080 000 теңге жиналады. Оған банктің үстеме пайызын қоссаңыз, кейін балаңыздың қажеттілігіне кәдімгідей көмектеседі. Әсіресе, қаладағы жастардың көбі секілді пәтер жалдап, үйден үйге көшіп жүрмес үшін, бүгіннен бастап қамдану қажет.

Қаржылық тұрғыда сауатты әрі бай болудың ең тиімді жолы – кәсіп бастау. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жоспарлап жүрген ісіңізді ілгерілетуге нақты қадам жасасаңыз болғаны. «Бизнестің жол картасы – 2025» секілді мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану даүлкен демеу. Қайтарымсыз грант ұтып, кәсібін нәсібіне айналдырып жатқан жандар да баршылық.

Жақсы үйде тұрып, керемет көлік мінуге таптырмас жол, мінекей, осы. Тек, көрпеге қарай көсілуді ұмытпайық. Әйтпесе, қатардан қалмасын деп баласына «Айфон» алып беретін, ас та төк той жасайтын көзсіз намыстың кесірінен қарызға белшеден батып, несиелерін жаба алмай жатқан жандарды көріп, жаға ұстайсың.

Бабадан «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөз бекер қалмаған. Бір ғана жапондардан үйренеріміз жетіп артылады. Әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін, бай мемлекеттердің алдыңғы қатарында Жапония елі тұрғанының сыры неде? Жапондықтардың алатын орташа жалақысы – 3150, ең төменгі еңбекақысы – 1400 АҚШ долларын құрайды. Енді осы ақшаны теңгеге шақтап есептесек, 1 348 414 мың теңге. Керемет емес пе? Олардың қазба байлығы жоқтың қасы, дәнді дақыл егетін жері де аз. Еңбекқор халықтың жыл сайынғы демалысы 9 күн ғана. Әлемдегі ең қысқа демалыс саналады. Аптасына 60 сағат жұмыс істейтін ел таңданбасына қоймайды. Осындай мемлекетке «Қалай ұзақ өмір сүріп, бай болуға болады?» деген сауал қоймасаңыз да көп нәрсе түсінікті. Көпшіліктен естіген: «Теңіз өнімдерін көп жейді» деген жауап бұл жұмбақты шешпейді. Жапондықтар секілді өмір сүрудің қарапайым жолы – ойыңды таза ұстап, көтеріңкі көңіл-күйде жүру, бірін-бірі ренжітпей, қарапайым болу. Сонымен қатар, жүрек қалаған нәрсемен айналысып, саналы ғұмырын рухани баюға арнау. Аты жаман аурулардың басым көпшілігі уайым, күйзеліс, жүйкенің жұқаруы, ашу деп аталатын жағымсыз нәрсенің кесірінен пайда болатынын медицина дәлелдеп үлгерді.

«Бензин қымбаттады», «пәтер ақысы көбейді», «бала-шағамды қалай бағам?», «Несиенің күні жақындады», «Кімнен қарыз сұрасам болады?», «Жұмыс жоқ» деп кете беретін сарсаң ой тереңге батырмаса, жарыққа алып шықпайды. «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең» дегендей, жаман энергияны бойымызға үйе бергеннен ештеңе өнбейді. Одан да туындаған мәселені шешуге тырысып, жаның қалаған жұмысты істеген жөн. Олай болса, әрекеттің берекетін көріп, қарекет етейік. Сонда ғана еккен ағаштың жемісін жейміз.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан