БІЛІКТІ ҰСТАЗ БЕН ТАЛАНТТЫ ОҚУШЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДА ТОП ЖАРЫП ЖҮР

Уақыты: 08.06.2021
Оқылды: 1348
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайына 5 жыл толды. Ашылған сәттен бастап ғимарат соңғы үлгідегі техникалық құралдармен жабдықталып, заманауи дизайнымен көзге түсуде. Қазіргі уақытта мекеме балалардың мектептен тыс тынығу мен дарындарын ашатын мекенге айналды.


Оқушылар мен ата-аналардың сұраныстары бойынша жыл сайын жаңа үйірмелер ашылып, балалардың қызығушылықтары одан сайын арта түсуде. Үйірме шәкірттері халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, шетелде өз өнерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда. Нақтыласақ, 2016 жылы үлгілі хореографиялық «Солнышко» би ансамблінің 40 жылдық мерейтойы атап өтіліп, жеткен жетістіктері туралы журнал жарыққа шықты. Одан бөлек, 2017 жылы Испания мемлекеті Ллорет Де-Мар қаласында өткен халықарлық байқауда бас жүлдені иеленді. «Мұрагер» домбырашылар ансамблі Чехияның Прага қаласында жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленіп, Санкт-Петербургте өткен супер финалға жолдамамен қатысып, 2-орыннан көрінді. Сол сияқты «Мелоди Кидс» вокал студиясы, «Унисон», «Веселая компания» үйірмелері талай мәрте халықаралық, республикалық байқауларда жүлдері орындарға ие болуда.

Эстетикалық бағыттағы «Көңілді бояулар», «Юная модель», «Сән және дизайн», «Қыш өнері», «Мүсін өнері», «Қолөнер» үйірмелерінің қатысушылары да республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, түрлі көрмелерге жұмыстары қойылып, жоғары бағасын алуда. 

Мекеме спорттық-өлкетану бағытында да біршама жұмыстар атқару үстінде. Мысалы, «Туризм» және «Тарихи-өлкетану» туристік марафоны бойынша облысымыздың әсем жерлеріне саяхат ұйымдастырылады. «Туған жер» бағдарламасы аясында балаларды өз өлкесінің тарихын терең білуге баулуда. Сондай-ақ, «Шахмат» үйірмесін ерекше атап өткен жөн. Түркия мемлекетінде өткен чемпионаттан үйірме қатысушылары 2-орынды иеленіп келді. Қазіргі таңда осы үйірмеге сұраныстың артып, оқушылардың білімі шыңдалуда. 

Ерекше атап өтер үйірмелердің бірі – «Ертегі әлемі» қуыршақ театры мен «Жас актер» үйірмесі. Койылған спектакльдері мен жүргізіліп жатқан жұмыстар ата-аналар мен көрермендердің көңілінен шығып қана қоймай, түрлі байқаулардың жеңімпазы атануда. 

Бес жыл аралығында Оқушылар сарайы жаңғыртылып, жаңа қырынан көрінуде. Ғылыми-техникалық бағытты жандандыру мақсатында «ІТ сынып», «Технопарк», «Fab Lab», «Коворкинг» орталықтары ашылып, қазіргі заманғы ең озық технологиялық құрал-жабықтармен жабдықталды. Аспан әлемімен жақынырақ танысу үшін оқушыларға арнап кешкі уақытта обсерватория мен жұлдызды зал жұмыс істейді. Қала мектептеріндегі оқушылар алыс-жақын аудандарға үнемі экскурсиялық жұмыстар жүргізіп тұрады. Сонымен қатар жанды бұрышта биология сыныбында гидропоника мен ерекше гүл тұқымдары өсірілуде.

Ерекше мақтанышпен айтарлық дүние – «Бала әлемі» оқу-танымдық журналы мен газеті 200-300 данамен жарыққа шығып, өз оқырмандарын табуда. Лингвистикалық бағыттағы үйірмелердің әлеуметтік желілерде жүргізіп жатқан жұмыстарын бүгінде барлық өңірлер тамашалап, көріп отыр. 

Үйірме жеткіншектері тек байқауларда ғана емес, қалалық, облыстық деңгейде өтетін іс-шараларға белсене қатысады. Жастар саябағында әнші-бишілеріміз сахнада өз өнерлерін көрсетсе, қолөнерші, жас суретшілердің көрмесі қойылады.  

Үйірме жеткіншектерінің жеткен жетістіктері білікті де білімді ұстаздарымыздың еңбектерінің нәтижесі екені сөзсіз. Ұстаздарымыздың қатарында ҚР Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, 2 ҚР мәдениет қайраткері, 12 жоғары санатты, 9 бірінші және 15 екінші санатты, 4 педагог-зерттеуші, 5 педагог-сарапшы, 11 педагог-модератор қызмет етеді.

Ұстаздар жыл сайын өз біліктіліктерін арттыру бағытында жұмыс істеуде. Осындай білікті ұстаздар мен талантты оқушылардың алар асулары әлі алда!

Айдана НҮСІП, 
 «Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық
қазыналық кәсіпорнының әдіскері
Талдықорған қаласы