МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ: «АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛІГІНЕ ЖАСТАРДЫ ТАРТУ ҚАЖЕТ»

Уақыты: 19.06.2021
Оқылды: 1414
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысына арнайы сапармен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізіп, Жетісу жеріндегі ынтымақ пен келісімнің нығаюына үлес қосып отырған ұйымдардың жұмысымен танысты.

Кездесуді алдымен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық мүшелерімен және еріктілердің жұмысымен танысудан бастаған астаналық қонақ Жетісу жеріндегі ерікті жастардың белсенділігіне, ынтымақ-бірлігіне қатысты мәліметтерді сұрап білді. Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев ашып, жүргізіп отырды. Тақырыпқа қатысты өз ойын ортаға салған Марат Әзілханов еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігін, ынтымағы мен бірлігін қалыптастыруға үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына артылған жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін, соған сай белсенді қызмет ету керектігін атап өтті. Одан бөлек, Ассамблея мүшелігіне жастарды тарту қажеттігіне тоқталған астаналық қонақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық «Жаңғыру жолы» штабының төрағасы Руфина Усанованың, Ақсу ауданы, Қапал ауылдық округі аппаратының бас маманы, мемлекеттік тіл жанашыры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Владимир Чепельдің, «Жаңғыру жолы» штабының мүшелері Ахмад Мучараев пен Кристиана Борконың ой-пікірін тыңдап, жастардың көзқарасына оң баға берді.

Былтырғы пандемия кезінде дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне ас-су жеткізіп, жанашырлықтарым танылған жастардың жұмысын таныстырған еріктілердің айтуынша, қоғамның дұрыс жолмен дамуы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан жасөспірімдердің дұрыс тәлім алуын мектеп қабырғасынан бастау керек. Одан бөлек, еріктілердің мемлекеттік тілді дамытуға, халықтың жанашырлығын оятуға үлес қосып жүргенін жеткізген жастар кездесу соңында астаналық қонақтармен естелік суретке түсті.

Одан кейін Тіл сарайында өткен кездесуге этномәдени орталықтардың, Қоғамдық келісім және аналар кеңесінің, жетекші журналистер клубының, ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері қатысты. Алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілікке, ынтымаққа, тыныштыққа, тұрақтылыққа қосқан үлесін салмақтаған Марат Әзілхановтан соң сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин еліміздің өркендеп дамуына ең алдымен қоғам атсалысуы керектігін атап өтіп, берік орныққан дінаралық, ұлтаралық келісім келешектің күнін жарық ететінін жеткізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Жетекші журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы Атсалим Идигов ортақ міндетке шоғырланғанда ғана мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тыныштығы баянды болатынын атап өтті. Оның айтуынша, ондай міндетті мемлекеттік тіл атқара алады.

– Қазақстанда туып, ержетіп, өсіп-өніп отырған әрбір этнос өкілдері өзін қазақпын деп есептеуге қақысы бар. Сондықтан барлық ұлттың өкілі қазақ халқының маңына топтасып, оның тілін меңгеріп, мәдениетін, салт-дәстүрін тануы тиіс, дүниетанымын біліп, жанын ұғынуы керек. Сонда ғана әрбір ұлттың өкілі мақтанышпен кеуде керіп: «Мен қазақпын!» деп айта алады, – деген Атсалим Саламұлы кездесуге жиналған көпшілікті ауызбірлікке, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға шақырды. – Сол арқылы бәріміз нанын жеп, суын ішіп отырған Ұлы Даланың патриотына айналамыз. Бұл біздің ауызбіршілігімізді бекітіп, ырыс-құт пен ынтымағымызды арттырады. Бұл жай айтылған сөз емес, нақты ұсыныс, бұлтартпас шындық. Біз рухани тұрғыдан бірігіп, бір ел – бір мемлекет ұстанымын берік ұстансақ ешқандай жау ала алмайды. Сондықтан мен осыны айтуға тиіспін. Мен айтпасам, басқалар үндемесе кім айтады? Бір ізбен тізіліп келе жатқанымызға міне 30 жыл болды. Қазіргі заман талабы, бүгінгі жастардың сұранысы мүлде бөлек. Соған жауап беретіндей, соған үлгі көрсететіндей болуымыз керек. Шындығында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі биік, абыройы асқақ, болашағы зор.

Келесі кезекте сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Несіпжамал Баймадиева, заң ғылымдарының кандидаты, жаттықтырушы медиатор Бақыт Чинғаева өздерін толғандырған мәселелерді жеткізіп, атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесін таныстырды.

Жиынды қорытындылаған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Жетісу жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандарды Алғыс хаттармен марапаттап, естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ