5 ҚАБАТТЫ 20 ПӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙ: ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Уақыты: 20.06.2021
Оқылды: 1381
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сәулетті ғимараттардың бой көтеруі ауылдар мен қалалардың сәнін келтіреді. Ал халықтың игілігі үшін салынып жатқан тұрғын үйлер – баспанасыз жүрген жандардың берекелі әрі тұрақты шаңырағы. Жыл сайын аудан орталығында жалгерлік тұрғын үйлердің салынып, халық игілігіне пайдалануға беріліп жатқандығы бәрімізге аян. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын табуда.

Сәуір айында Бақанас ауылында 5 қабатты 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Аталмыш тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуді өз міндетіне алған «Асан М Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы уақытқа дейін баспананың іргетасын құйып, қабырға кірпіштерін қалау жұмыстарын бастап та кетіпті.

Аудан орталығында күнделікті жанталаса құрылыс жұмыстарын жасап жатқан құрышқолды құрылысшылардың жай-күйін білу үшін құрылыс нысанына арнайы бардық. Алдымен ол жердегі қарбалас жүріп жатқан жұмыстардың басы-қасында үнемі жүретін құрылыс бригадирі Нұрбол Аманқұлов және көмекшісі Жанат Шалқаровпен әңгімелескенімізде олар құрылыс жұмыстарының қалыпты әрі белгіленген кестеге сай жүріп жатқанын айтты. Сонымен қоса, 17 адам жұмылдырылып, жұмыспен қамтылған. Алдағы аптада 35 адамға дейін жұмысшылар қабылданады деп жоспарланса, оның ішінде жергілікті тұрғындардан 10 адам жұмыспен қамтылмақшы.

Құрылыс басында техникалардың жеткілікті екендігін көзіміз көріп, құрылысшылардың да жұмысқа қызу кіріскенін байқадық. Аудан орталығынан бой көтерген 5 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда.

Айта кетерлігі, салынып жатқан жалгерлік тұрғын үйдің жылу жүйесі орталықтандырылған қазандық арқылы қамтамасыз етілсе, ауызсу және кәріз жүйелері де назардан тыс қалмаған. Мұның сыртында абаттандыру жұмыстары тағы бар. Осылайша, аудан орталығында бой көтеретін көпқабатты тұрғын үй ауыл ажарын аша түспек.

Одан бөлек, былтырғы жылдың қыркүйек айында аудандық орталық аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмысы басталған. Тоқтаусыз жүргізгеннен құрылыс жұмыстары 70 пайызға аяқталыпты. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді өз міндеттеріне алған «Нұр-Шапағат-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс басшысы Асан Абирдің айтуынша, қазіргі таңда ғимараттың А блогында сейсмикалық күшейту және сылау жұмыстары жүргізілуде. Ал Б, В, Г және галерея блоктарының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Өйткені, ол жерлерде негізгі жұмыстар толығымен біткен. Сонымен қатар есік, терезелері ауыстырылып, ғимараттың шатыры да жабылған. Аталған блоктарда кафельдеу, әрлеу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Сондай-ақ, ғимараттың кәріз, су, жарық және жылу жүйелері де ауыстырылып, жаңаланады.

 Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан ЖШС-нің бригадирі Олжас Жуасовтың құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті тұрғындардан 60, жалпы саны 130 адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Құрылыс құралдары мен қажетті техникалары да жетерлік.

Әрлеу жұмыстарын жасап жатқан құрылысшылар арасында Ақдала ауылының тұрғыны Бақтияр Адырбаев пен бақанастық Бақыт Жұманов кафель қалап жатыр екен. Бақтиярдың айтуынша, құрылысшы болып жұмыс істеу еш қиындық туғызбайды. Ол аудан орталығынан өзіне жұмыс табылғанына дән риза. Істеген жұмысының еңбекақысын да уақытылы алып жүргенін әңгімеге арқау етті. Осы ретте аудандық орталық аурухана ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына өңір тұрғындарының басым көпшілігі жұмылдырылған.  

Жалпы айтқанда, ғимараттың сыртқы қабырғасы кірпіш сыртынан шыны мақтамен қапталса, оның сыртынан жылу сақтағыш буоқшаулағыш жүргізілген. Ал ең сыртқы қабаты арнайы панельдермен қапталу үстінде.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы