«ЖЕТІ ЖҰРТТЫҢ ТІЛІН БІЛ, ЖЕТІ ТҮРЛІ ІЛІМ БІЛ»

Уақыты: 21.06.2021
Оқылды: 15216
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың». Бұл – айнымас қағида. Өйткені тіл арқылы адам өзге елдің мәдениетін, ұлттық ерекшелігін танып-біліп, таным көкжиегін кеңейте түседі. Көп тілді меңгерген адамның білімі де, өмірге деген көзқарасы да терең болады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, әлемге әйгілі ғұлама ғалым, шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби жетпіске жуық тіл білген. Тіл білуінің арқасында рухани ілім-білім қалыптастырған. Демек, ғылым мен білімнің дамуы да тілді үйренумен тікелей байланысты.

Бүгінгі таңда, еліміз өркениетті отыз елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойып отырған тұста тілді білудің маңызы зор. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда да шет тілін біліп, меңгертудің орны бөлек. Өйткені, әлемде қарым-қатынастың басым бөлігі ағылшын тілінде жүргізіледі. Демек, ағылшын тілі – әлемдік тіл. Өркениетті елдермен тереземізді тең етіп, жаңа технологиялардың сырын меңгеруде шет тілі ауадай қажет. Осы ретте жас ұрпаққа шет тілін үйрету – бүгінгі уақыт талабы.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде 1-сыныптан бастап ағылшын, орыс тілдері оқытылуда. Бастауыш сыныптан бастап баланың бойына тілдің негізін қалау оны жақсы меңгеруге жол ашады. Әлбетте, ең маңыздысы – бірінші кезекте ана тілді меңгерту. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп ақын Қадыр Мырза-Әлі айтып кеткеніндей, баланың тілі шыға бастаған кезінен туған тілдің құнарына қандырып өсіріп, мектеп жасында өзге тілдерді үйрете бастаған жөн. Қанша тіл білсең де, ең алдымен, ана тілге деген үлкен құрметтің қалыптасуы маңызды. Өз тіліңнің қадіріне жете білгенде ғана өзге тілді бағалай аласың. Кез келген ел үшін ұрпағының туған тілге деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру аса маңызды.

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші, ұрпағымыз білімді, озық ойлы болсын десек, ана тілімізбен қатар шет тілдерін де меңгертуді ұмыт қалдырмайық. Өйткені, адамдар тіл арқылы бір-бірімен қарым-қатынас орнатады. Тіл арқылы өркендеп дамиды. Ал бізге тәуелсіз еліміздің биік тұғырдан көрінуі маңызды. Сол себептен әрбір жастың орыс, ағылшын, француз, қытай, жапон тілдерін үйренуге ықыласты болғаны абзал. Оған негіз қалайтын ұстаздар мен ата-аналар екені сөзсіз. Соған орай балаларымыздың тілдерді оқып, меңгеруіне қолайлы жағдай жасауымыз керек. Өйткені, болашақта ана тіліміздің тұғырын көтеретін шет тілдерін терең меңгеріп, әлемдік деңгейде таныта білетін жастар дер едік.

Салтанат Амиралиева,
М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі
Талдықорған қаласы