«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҚТАРЫНЫҢ ЖҰМЫС МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1164
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қапшағай қаласындағы орталық жағажайда облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХVІІ жұмыс маусымы ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев қатысты. Одан бөлек, Қапшағайда бас қосқан жастар «Таза жағалау» және «Бұл сенің жерің, таза ұстау міндетің» акцияларын өткізіп, көпшілік арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының облыстық филиалы көптеген жүйелі шараларды ұйымдастырды. Облыс жұртына экологиялық міндеттердің маңыздылығын насихаттап, нақты іс-әрекеттерімен де үлгі көрсетті. Осы арқылы жастарды отансүйгіштікке баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда. 

Жетісу жері ерекше аймақ. Тұмса табиғатқа бай. Қай жаққа қарасаңыз да құлпырған өлкені көресіз. Бірақ, табиғатқа тамсанумен бірге оны дамытуға, өркендетуге атсалысуға міндеттіміз. 

«Жасыл ел» бағдарламасы – еліміздегі жасампаз жастардың басын қосқан айтулы жоба. Экологияны қорғау белсенділігі бәсеңдемейді. Бүгінгі таңда біздің өңірде «Жасыл ел» жасақтарының саны 2000-ға жеткелі отыр. Ең бастысы, жастарымыздың бойында ынта мен жігер тасқындап тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары Арслан Момышұлы.

Еңбек жасақтарының маусымы Қапшағайда бекер ашылған жоқ. Мұнда демалушылар легі күн санап көбеюде. Қазір тазалық сақтауды қадағалайтын жауапты кезең. Мұндайда «Жасыл ел» жасағының қызметі өте керек. Жиналғандар осыны қапысыз ұқты.

Аталған шараға «Жасыл ел» жасақшыларымен бірге облыс, қала және аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының өкілдері мен белсенділері қатысты.

Болат МӘЖИТ