ЖОЛ САПАСЫ ҚАЗІРГІДЕН ДЕ ЖАҚСАРАДЫ

Уақыты: 22.06.2021
Оқылды: 1241
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

 Еліміздегі жол құрылысы соңғы жылдары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы өзінің 2015 – 2019 жылдарға арналған бірінші бесжылдығында күткендегідей нәтиже көрсетті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар автокөлік жолдары мен жергілікті жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарды деуге болады. Бағдарламаның 2025 жылға дейін созылған екінші кезеңінде жол сапасы қазіргіден де жақсарады деген сенімдеміз. Осы орайда жол саласында ұзақ жыл еңбек еткен білікті маман, әрі басшылық қызмет атқарған жол ардагері Оңалбай Қауысбековті әңгімеге тартқан едік.  


– Оңалбай Қауысбекұлы, жалпы бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

– Әрине, бірден жол маманы болуды армандадым десем артық болар. Мектеп қабырғасында жүргенде математика, физика сынды пәндерді жақсы көрдім. Содан болар, мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы политехникалық иниститутқа құрылыс инженері мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны ойдағыдай аяқтаған соң туған жерім Көксу ауданына келіп, еңбек жолымды бастадым. Құрылыс саласында жүріп, жол салудың, жөндеудің қыр-сырын меңгердім. Әскерден соң жол құрылысы саласы бойынша жұмысқа орналасып, осы саланың маманына айналдым деуге болады.

Жол құрылысына сексенінші жылдардың басында келіпсіз. Сол уақыттардағы жол сапалы болды дегенді жұрт жиі айтады. Осы жайында не айтар едіңіз?

Жол, негізінен, қай кезде де сапалы салынады. Бүгінгі жолға қойылатын талапты, оны салуға пайдаланылатын озық технологияны кеңес уақытымен салыстыруға мүлде келмейді. Ол кезде автокөліктер мүлде аз болды. Бүгінгідей толассыз жүрмейтін. Әсіресе, жүк тасымалдайтын "КамАЗ"-дардың салмағы қазіргідей ауыр болмайтын әрі сирек қатынайтын. Содан жол бұзылмай, біраз жылға жететін. Ал бүгінгі жол құрылысы жоғары сапада, жаңа технологиямен салынады. Біздегі жолдар негізінен 15-20 тонналық көліктерге арналып салынса, сол жолдармен 40-50 тонна жүгі бар "КамАЗ"-дар жүреді. Содан жол бұзылмай қайтеді?!

Сіз «Талдықорған жолдары» ЖШС-інде ұзақ жыл еңбек еттіңіз және соның басшысы болдыңыз. Сол туралы айтсаңыз?

Расында саналы ғұмырым осы кәсіпорында өтті. 2010 жылдан бастап аталған серіктестікте директор болдым. Кәсіпорынның құрылтайшысы елге сыйлы, облыстық мәслихаттың екі мәрте депутаты Жанайдар Егінбаев деген азамат болды. 2015 жылы жол құрылысын бақылап жүргенде мерт болды. Ол азамат қайтыс болған жерді жерлестері бүгінде «Жанайдар асуы» деп атайды.

Осы орайда басшылыққа айтар бір өтінішім бар. «Жанайдар асуы» ауызша атау түрінде қалмай құжат бойынша да ресми рәсімделсе деймін. Мұны ол кісіге лайық құрмет деп есептеймін.

Осы участокты салу бізге оңай болған жоқ. Өте жауапты кезең еді. «Алматы-Өскемен» күрежолы бойында жатқан Алғабас пен Балпық би аралығындағы жаңа жолдың уақытылы берілуіне бар күшімізді жұмсадық. Тіпті, кейбір кездерде қаражат жағынан қиындық туcа, Жанайдар өзі шешіп, тығырықтан алып шығатын. Ол кісінің жеке шаруашылығы болды. Сондай жомарт жан еді. Соның арқасында жол уақытылы салынып, бар қиындықты жеңдік.

Жол салудың қызығы мен машақаты қандай?

Жол салудың қыр-сыры өте көп, тіпті бір ғылым деп айтуға болады. Жолдың категориясы әртүрлі болады. Сондықтан, әр категорияның өзіне тән салыну ерекшелігі бар. Жол салынатын аумақтың климаттық жағдайы, оған төселетін топырақтың, қиыршық тас пен асфальт қоспаларының құрамы мен сапасы, бәрі бір-бірімен байланысуы керек. Оны жол мамандары жақсы біледі. Мәселен, «Жанайдар асуын» салуда оның машақаты көп болды. Жұмыс басталғанда топырақ төсеп, үстіне су шашып таптайық десек, балшық болып, тапталмай әуре-сарсаңға түстік. Осы жұмысты бірнеше мәрте қайталадық, нәтиже шықпады. Сөйтсек, ол жердің топырағы жерге тоң түсе бастағанда өзінен өзі ширатылып, таптағанға қолайлы күйге түседі екен. Осындай климаттық ерекшелікті байқағаннан кейін барып ары қарай жұмыс жүргіздік. Тау болып жатқан асуды 37 метрге дейін төмендетіп, жаңадан теп-тегіс асфальт жол салдық.  

– Жастарға айтарыңыз бар ма?

Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан, олар өз еліне маңдай терлерін төгіп, адал қызмет етсе деймін. Жол салушы мамандығы қай кезде де тапшы. Жастар осыны ескерсе деймін.

Сұхбатыңызға рахмет, еңбегіңіздің зейнетін көріңіз!

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА