ДІЛМАРЛЫҚ ПЕН ШЕШЕНДІК САЙЫСЫ

Уақыты: 25.06.2021
Оқылды: 1323
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық деңгейде пікірсайыс ойынын өткізді.


Негізінен халықаралық америкалық парламенттік форматта жүргізілген пікірсайыс ойынына облысымыздың аудан, қала әкімдіктерінен жалпы 15 команда қатысып, сынға түсті. Ақтық кезеңге жолдама алған 4 команда Талдықорған қаласындағы Жастарға қызмет көрсету орталығының ғимаратында бақ сынасты. Тартысты турнир нәтижесінде Алакөл ауданының намысын қорғаған «Аманат» командасының спикері Бауыржан Ақатаев «Сөз шебері» номинациясы бойынша марапатталды. Ал, ақтық мәреге шыққан Талдықорған қаласының «Алаш» және Талғар ауданының «Талқыз» командалары арасындағы тартысты ойын нәтижесінде төрешілердің шешімімен «Алаш» командасы озық деп танылды.

Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруды, мемлекеттік қызметкерлер арасында зияткерлікті, ізденімпаздықты, жаңашылдықты, жауапкершілікті, ұйымдастырушылық пен шешендік қабілетті арттырып, жастардың саяси белсенділігін, көшбасшылық, шешендік, ділмарлық қасиеттерін дамытуды мақсат еткен турнирге қатысушылар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мәди АЛЖАНБАЙ