"ОДАН ЖАМАН БОЛҒАН ЖОҚПЫЗ": ЕҢБЕКТІҢ ҚАЗАНЫНДА ҚАЙНАҒАНДАР

Уақыты: 26.09.2021
Оқылды: 941
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жуырда қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні мерекесі аталып өтті. Бұл күн елімізде осымен сегізінші жыл қатарынан тойланады. Басты мақсат - еңбек адамына лайықты құрмет көрсетіп, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау.

Бүгінгі таңда жанын сала еңбектеніп, өзінің табысын маңдай терімен тауып жүрген жандар аймағымыздың әр түпкірінде бар. Олардың тірілігіне қарап-ақ іштей сүйсініп, көңіл марқайтатынымыз рас. Сол себепті оларды қалай бағаласақ та жарасады. Осы ретте, аталған мерекеге орай еңбектің тайқазанында қайнаған адамдар жайында әңгімелеуді жөн көрдік. Мұндай азаматтар ел үшін мақтаныш, жастарға үлгі-өнеге.

Солардың бірі – Махай Әбділданов. Махай Қасымжанұлының Үшарал орманшылығының орман күтушісі болып еңбек етіп келе жатқанына 36 жыл. Ол адал еңбек қана абыройға жеткізетінін жас кезінен көңіліне тоқып, көкейіне түйіп өскен. Өзіне сеніп тапсырылған міндетті мінсіз атқаруға тырысады. Өзінен кейінгі жастарға бар білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп келеді. Тәлімді тәлімгер ұжымда сыйлы. Қажет кезінде көмегін де аямайды. Сол үшін де әріптестері мақтан тұтады.

– Біздің қызметіміз сырт көзге оңай көрінгенімен қырағылық пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мекеме иелігіндегі 48 гектар аумақты қамтитын тұқымбақты қорғап, күтіп-баптаймыз. Онда 18 ағаш түрі өсіріледі. Оларды өрттен сақтауға барынша күш саламыз. Сөйтіп, өнімді еңбек етуге тырысамыз, – дейді Махай Қасымжанұлы. Сондай-ақ, орманшы бекітілген аумақты күзетіп қана қоймай, ондағы тәртіпті бақылайды және ағаштардың заңсыз кесілуіне жол бермейді. Браконьерлерден де қорғайды. Күл-қоқысты болдырмау, санитарлық тазалық сақтау жұмыстарын да жүргізеді.

Орманшының мұндай еңбектері ескерусіз қалған емес. Мәселен, 2017 жылы ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің І дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. 

Балпық ауылдық округіне қарасты «Бақыт-Қаратал» ЖШС-нің зоотехнигі Алтай Ниетжанов та еңбегімен еленіп, зор табысқа кенеліп жүрген азаматтың бірі. Алтай Керімжанұлы 1964 жылы Оян ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы бастауыш мектеп табалдырығын аттап, Жаңаталап орта мектебін тамамдаған. Әу бастағы арманы құрылысшы болу еді. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына құжаттарын тапсырғанымен оқуға бірден түсе алмады. Ауылына қайтып келіп, сол тұста даңқы елге әйгілі «Қаратал» қой кеңшарында қатардағы жұмысшы болып бір жыл еңбек етіп, жас та болса іскер азамат екенін көрсетті. Кеңес өкіметі тұсында мектеп бітірген соң бірер жыл еңбек еткендерге оқуға түсуге жеңілдік берілетін. Сөйтіп, ол Алматы малдәрігерлік институтының студенті атанады. 1989 жылы жоғары оқу орнын жақсы аяқтаған соң жолдама алып, ауылды түлету үшін іргелес «СССР-дің 60 жылдығы» кеңшарында (қазіргі Жасталап ауылы) қайтып келеді. Бұл ұжымда 7 жыл мал дәрігері болып еңбек етіп, қиындығы мен қызығы мол кәсіптің қыр-сырына қанығады.

Тәуелсіздік алған тұста кеңшарлар тарап, оның жері мен дүние-мүлкі жекеменшікке өтіп жатты. Нарық заманында жұмыссыздық белең алып, еңбекке еті үйреніп қалған мамандардың бірі кәсіпкерлікке бет бұрса, енді бірі пайға алған жеріне дәнді дақылдар сеуіп күнкөріс қамына көшті. Кеңшарда істеп жүргенде ел аузына ілігіп, ауыл, аудан басшыларының марапатына ие болған Алтай Керімжанұлы ел күйзеліп, екі қолға бір күрек іздеп кеткенде де қиналмады. Сол тұста бұрынғы «Қаратал» қой кеңшарының орнына құрылған «Қаратал» акционерлік қоғамының зоотехнигі болып жұмысқа орналасты. Осы ұжымда қызмет атқарып келе жатқанына 25, жалпы зоотехник болып жүргеніне табаны күректей 32 жыл болыпты.

– 1996 жылдан бері «Қаратал» АҚ президенті Бақыт Жексенбіұлымен қоян-қолтық жұмыс істедім. Ал 2012 жылдан бастап «Бақыт-Қаратал» ЖШС-да әкесінің ісін жалғастырып келе жатқан Серікжан Бақытұлымен бірге еңбек етудемін. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Мамандығыма адалмын деп сеніммен айта аламын. Соның арқасында еңбегімнің жемісін көрудемін. Қазіргі кезде төрт түліктің қыстан аман шығуы үшін қам-қарекет жасап, мал азығын түгендеудеміз. Адам таңдаған ісін сүйіп, жанын салып жұмыс істегенде ғана зор жетістікке жетеді, – дейді Алтай Ниетжанов.

Балалық шағы соғыс жылдарында өткен күреңбелдік Бижамал Кемалова да жастарға үлгі. Жалынды жастығын еңбекпен өткізген Бижамал апаны нағыз еңбек адамы деуге болады. Ол 1952 жылдан бастап комсомол сауын бригадасында еңбек етті.

– Жас кезімізден бастап, бел қайыстырып жұмыс істедік. Еңкейген қариялар да қарап отырған жоқ. Істі ауыр, жеңіліне қарамай бәріміз бір кісінің баласындай атқардық. Одан жаман болған жоқпыз. Сөйтіп жүріп тұрмысқа шығып, отбасын да ұйыстыра білдік. Балаларды өсіріп, әрқайсысын құтты орындарына қондырдық. Қазіргі жастарға еңбек қана адамды биікке көтеріп, шыңдайды дегенді айтқым келеді, – дейді өткен күндерді есіне алған тыл еңбеккері Бижамал Кемалова. Сауын бригадасында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Жеңістің 50, 60, 70 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған.

Көпбалалы ана қазір 84 жаста. «Алтын алқа» иегері атанған апамыз төрт ұл, үш қызды өсіріп-тәрбиелеп, балаларынан он үш немере, он екі шөбере сүйіп отыр. Бүгінде алтын құрсақты ананың тұрмысы берекелі, отбасы көпке үлгі. Бала-шағасын адалдыққа, кішіпейілділікке және еңбекке тәрбиелеп келеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы