БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ БАЙҚАУДЫҢ БИЫЛҒЫ ЖЕҢІМПАЗЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 27.09.2021
Оқылды: 1446
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Нұр-Сұлтанда Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысты. Байқаудың бірінші орын жүлдесін әріптесіміз, "Жетісу" телеарнасының журналисі Сәния Байтарова жеңіп алды.

Байқаудың салтанатты рәсімінде танымал тележурналист Арман Сқабылұлы:

- Өз басым Бейсен бауырыздың осы өмірде қалдырған еңбегі еленіп қоймай, осындай бауқау арқылы жаңғырып жатқанына қуаныштымын. Байқауға қатысушылардың дені жастар болды. Расы керек жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты. Барлығы 100 өтініш келіп түсті. Бейсеннің бағдарлама жүргізгенде өзіндік принциптері болды. Оның сөйлеу мақамы, өзін ұстауы, журналистік этикасы тұтас бір дүние. Бейсен негізінен әлеуметтік бағдарламаларды жүргізгеннен ол халыққа жақын болды, қайырымдылықпен айналысты. Байқау барысында аймақтағы тілшілерге мән беріп, қолдау көрсетуге тырыстық, - деді.

Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары: І орын - "Жетісу" телеарнасының редакторы Сәния Байтарова, ІІ орын - "Aqtobe" телеарнасының редакторы Ерлан Мұқанов, ІІІ орын - «Qazsport» телеарнасының редакторы Индира Бектенова.

- Бейсен ағамыздың бейнесі есімізде мәңгі қалары сөзсіз. Талдықорғандағы ағамыздың кабинетінде үлкен портреті тұр, біз соған қарап ағамыз әлі ортамызда жүргендей сезінеміз. Кейде қарап, көзімізге жас аламыз, бір қарағанда ағам маған жол көрсетіп тұрғандай көрінеді. Бейсен ағамыз басқарған "Жетісу" телеарнасының ұжымы өте ұйымшыл. Жеңімпаз атану мен үшін үлкен құрмет. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Жеңіс жалғыз менікі емес, ортақ деп есептеймін, - деді байқау жеңімпазы Сәния Байтарова.

Аталған байқау жеңімпаздары дәстүрлі «Astana Media Week – 2021» медиа апталығының ашылу салтанатында марапатталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"