"ӨЗГЕРІС КЕРЕК": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗМЕТТЕ ЖҮРГЕН ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Уақыты: 05.10.2021
Оқылды: 1623
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тіл сарайында «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы еңбек етуші әйелдер мәселелері жөніндегі форум өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Шараны «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов ашып, форумның 10 қазанда атап өтілетін Кәсіподақтар күніне орай ұйымдастырылып отырғанына тоқталды.

Нұр-Сұлтан қаласынан келіп, форумға арнайы қатысқан Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, ақпарат және туризм қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрайымы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атқару комитетінің мүшесі Светлана Иманқұлова сөз алып, кәсіподақтардың қазіргі таңдағы міндеті сыйлық тарату емес, еңбеккерлердің құқығын қорғау екенін еске салды.

- Бізде Еңбек кодексін әлі көп адамдар білмейді. Оның маңызына мән бермейді. Еңбек кодексіне әлі де көп өзгеріс керек. Осы мақсатта бірлесе еңбек етуге тиіспіз. Жалпы кәсіподақ мүшелері, олардың игіліктері үшін ұйықтамай, күн-түн демей жұмыс істеуіміз керек, – деді ол.

Келесі кезекте сөз алған «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағының Алматы облыстық филиалының төрайымы, «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы еңбек етуші әйелдер мәселелері жөніндегі комиссиясының төрайымы Самал Бакирова кәсіподақтардағы әйелдердің жалпы саны 54,9 пайызды құрайтынын, олардың басым көпшілігі, яғни, 67 пайызы бастауыш кәсіподақ ұйымдарын басқаратынын, бүгінде елімізде зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін әйелдердің жалпы саны 30 пайызды құрайтынын жеткізді.

Шара барысында облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Айжан Оралбекова да баяндама жасап, Жетісу өңірінде әйелдер белсенділігінің жоғары екенін айтып өтті. Мәселен, 107 нәзік жанды барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары құрамында болса, 5 әйел әкім бар. Облыс әкімі әйелдерге үлкен қолдау танытып, кондитер, сүт өңдеу цехтарын, балабақша,тағы басқа да кәсіптер ашуларына мүмкіндік жасап отыр.

Жиында Қазақстандық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Алматы облыстық филиалының бас маманы, комиссия мүшесі Ләйлә Сағынғалиқызы, «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының әдіскері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Ешенова, облыстық қан орталығының дәрігері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлназ Шалымбетова сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымының жұмысын жандандырудағы ұсыныс-тілектерін білдірді.

Шара соңында кәсіподақ саласында жемісті еңбек етіп жүрген жандар «Кәсіподақ ардагері» медалімен, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапатталды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы