АЛДЫМЫЗДА АЯЗ КЕЛЕ ЖАТЫР. ҚЫСҚА ДАЙЫНБЫЗ БА? ҚАЗАНДЫҚТАР ҚАЛАЙ?

Уақыты: 09.08.2022
Оқылды: 989
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов «Талдықорғанжылусервис» КМК «Бас қуат» қазандығына барып, жылыту маусымына әзірлік жұмысымен танысты. Аталмыш мекемеде арнайы жиын өткізіп, жауапты мамандармен бірқатар мәселені талқылады.

Талдықорған қаласының орталық қазандығы «Бас қуат» 2022-2023 жылғы жылыту маусымына дайындық үстінде. Бүгінде дайындық жұмыстарының 65-70 пайызы біткен. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында әзірлік шаралары толығымен аяқталады. Бұл туралы аймақ басшысының орынбасарына «Талдықорғанжылусервис» КМК «Бас қуат» қазандығының басшысы Манархан Ахимбеков баяндады.

Жалпы үлкен және кіші 10 қазандыққа деген ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары бітуге таяу. 4 газ қазандығы жаңа болғандықтан маусымға сақадай-сай. Аталған мекемеге қарайтын 185 шақырым жылу құбырларының 8 пайызы жыл сайын жөндеуден өтіп тұруға тиіс болса, мұның 90 пайыз жұмысы жасалынған-ды. Желтоқсан айына дейін көмір отынын пайдаланатын қазандықтарға деген қатты отын тапшылығы жоқ. Өлшем бойынша жыл соңына дейін толығымен жетеді деп күтілуде.

Өз кезегінде Жеңіс Шылбынұлы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасымен Қаратал өңірінде көтерілген мәселенің түйінін тарқатты. Күні кеше аймақ басшысына әулиелер мекенінің тұрғындары күндізгі уақытта электр жарығы не үшін өшетінін сұрап, сауал жолдаған болатын. Бұл туралы «ТАТЭК» өндіріс бойынша басқарушы директоры Серғазы Желдібаев мәлімдеді.

– Жаз уақытында облыс бойынша әдеттегідей жоспарлы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Күн жылы кезде электр желілері мен орталықтарды тексеріп, қажетті жұмыстарды жасамасақ, қыс мезгілінде қиын жағдайда қаламыз. Өйткені өңір бойынша көптеген мекеме  мен тұрғын үйлерге ыстық су мен суық су жылу электр қуаты арқылы тарайды. Қараталдық жұртшылықтың сауалына себеп болған – Талдықорған қаласынан Құс фабрикасына дейінгі таулық жерде орналасқан электр желілерінің жұмысы. Өткен жылғы аязда тау белдеуіндегі аталмыш электр сымдарына диаметрі 15 сантиметрге дейін мұз қатқан. Соның салдарынан 5-6 сағат жарық болмай қалды. Осының алдын алу үшін әрі облыс әкімінің тапсырмасымен біз жеделдетіп жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, – дейді ол.

Айтуынша, Талдықорған қаласындағы № 152 орталықтан Үштөбе қаласындағы № 151 орталыққа жететін электр қуатының көлемі 110 мың вольт құрайды екен. Бір бағандағы екі тізбекпен тарайтын электр көзінің екеуін де өшірмесе аса қауіпті көрінеді. 10-18 тамыз аралығында жасалуы керек жұмысты аймақ басшысының пәрменімен жеделдетіп 5 тәулік шамасында жасап бітуге күш саламыз деп отыр. Осыған орай таңғы сағат 6-дан кешкі 19:00 шамасында Қаратал ауданына тарайтын электр жарығы сөндірілетінін ескертті.

Жиын барысында көтерілген келесі мәселенің бірі – көмір. Бұл жайлы Талдықорған қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Мақсұт Нұрғалиев баяндады. Облыс орталығындағы көмір қабылдайтын 11 тұйықтың жетеуі белсенді жұмыс жасап жатқанын айтқан ол, қазірдің өзінде қатты отынды алам деушілерге сата алатындықтарын жеткізді. Бір ғана Шұбаркөл көмірінің  3300 тоннасы тұйықтарда барын атап өтті. Былтырғы жылғы баға сақталып, биыл да қатты отынның тонналық көрсеткіші 14500-15000 теңге шамасында екенін айтты.

Жауапты мамандардың баяндамасынан кейін жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ж.Тұяқов әрбір іске ыждаһаттылық танытып, жұмыс белсенділігін арттыруды тапсырды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы