САРЫӨЗЕКТЕ СУ ТАПШЫ. КІНӘРАТ НЕДЕН? ӘКІМДІК ӨКІЛДЕРІ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 09.08.2022
Оқылды: 856
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарыөзек ауылында су мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Осы орайда тіршілік көзіне тапшылықты түсіндіру мақсатында су қоймаларының жағдайын көруге ат басын бұрдық.

Әкімдік қызметкерлері бастаған топ алдымен Сарыөзек ауылындағы су құбыры жүргізіліп жатқан көшеге барды. Мұнда Кербұлақ аудандық автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Медет Сопбеков: «Сарыөзек ауылында жобаға кірмей қалған көшелердің бірі – Суханбаев көшесі. Бұл көшенің тұрғындары осы уақытқа дейін ескі су құбырымен су ішіп келген. Құбырлардың ескіруіне байланысты бұл көшеге су көтерілмейтін, дұрыс келмейтін. Бүгінгі күні жаңа трассаға қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Таяуда бұл жұмыстар аяқталады. Жаңа су құбыры жүргізілсе, Суханбаев көшесінің су мәселесі шешіледі деген ойдамыз», – деп жұмыс барысымен таныстырды.

Бұдан ары Сарыөзектің жоғары жағындағы су қоймасына бет алдық. «Мұнда екі су қоймасы (резервуар) болған. Қазіргі күні оның біреуі бұзылып, орнына жаңасы салынуда. Мына көріп тұрғандарыңыз – жаңадан салынып жатқан екі мың текше метрлік су қоймасы. Бұрынғы су қоймасы ескіріп, жан-жағынан су ағатын болғандықтан, жаңалау мақсатында құрылыс жүріп жатыр. Мұның құрылысы тамыз айының аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылысы аяқталса, Сарыөзек ауылының үштен бір бөлігі сумен қамтамасыз етіледі. Аталмыш су қоймасының құрылысын «Көлсайстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Мына құрылыс аяқталған соң екінші ескі су қоймасы бұзылып, орнына жаңа қойманың құрылысы жүретін болады. Жаңа су қоймалары салынып болған соң судың мәселесі бірден шешіледі деу қиын. Себебі, мәселе онда емес. Қазір құдыққа (скважинаға) барғанда, оның себебін білесіздер», – деп істің мән-жайын түсіндірді Медет Құсайынұлы. 

Ауылдың ортасындағы су қоймасына келгенімізде: «Бүгінгі күні судан қиындық көріп отырған көшелерге, атап айтсақ, Мәдибекұлы, Мәметова, Малайсары және Жансүгіров көшелеріне осы қоймада жиналған су жіберіледі. Бүгінде уақытша жалғап қойғанбыз. Алдағы уақытта толығымен іске қосылатын болады. Мұның да құрылысын «Көлсайстрой» ЖШС қолға алған. Бұл су қоймаларының жұмысы тамыздың аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда», – деп бас маман Д.Қонаев орта мектебінің маңындағы су қоймасының жұмысын көрсетті.

Медет Құсайынұлы: «Сарыөзек ауылының тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін бір сорғылы стансыға келдік. Негізі бұлар – үшеу. Соның біреуінде тұрмыз. Бұл – «Третья речка нижняя» деп аталады. Сарыөзектің бірінші су мәселесі, тереңнен соратын сорғы резервуарға су жеткізуі керек. Ара қашықтығы – 7 км. Негізінен, олай болмауы тиіс. Жақын жерде резервуар тұру керек. Екінші су көтеру стансасы (станция второго водоподъема) болуы қажет. Содан кейін барып, арнайы арақашықтыққа су айдауға арналған сорғы арқылы (центробежный насос) су қоймаларына жетуі тиіс. Шындығын айту керек, бұл уақытқа дейін ондай насостар болмаған. Қазіргі кезде «Көлсайстрой» ЖШС осы жобаны іске асыруда. Екінші су көтеру стансасы салынады осы жерге, содан соң сорғылардың күюі тоқтайтын болады. Себебі, екінші су көтеру стансыларының арқасында су сорғыштар (насостар) қиналмай, ары қарай тасымалдайды. «Көлсайстрой» ЖШС осындай құрылыстарды жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта, тамыздың соңында жұмыс аяқталады. Жобаға кірмей қалған көптеген жұмыстарға байланысты бұл жұмыстарды бітіру мерзімі бір айға ұзаруы мүмкін», – дей келіп, күн панельдерін көрсетті.

Күн энергиясы – таусылмас қуат көзі. Бұлар сорғы стансыларына арналған. Бұл сорғы стансылары сағатына 55 Квт. және 45 Квт. өндіреді. Мұнда батареялар күндіз күн энергиясын пайдаланса, түнде электр желісінің қуатымен жүзеге асырылады. Осындай күн электр стансысы электр энергиясын үнемдеу мақсатында «Третья речка верхняя» деп аталатын сорғы стансысында да орналасқан.  Бұл стансыда екі ұңғыма (скважина) жұмыс істеп тұр. Мұнда күн электр стансысы сағатына 110 Квт өндіреді. Бұл да электр энергиясын үнемдеуге үлкен пайдасын тигізуде. Бас маман өз сөзінде су мәселесінің себебін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Жылай-жылай арық қазсаң, қуана-қуана су ішерсің» деген екен бұрынғылар. Сусыз тіршілік жоқ, әрине. Біздер барып, аралап қайтқан су сорғыларының, су қоймаларының жұмысы жандануда. Ескілерінің орнына жаңадан су қоймалары, арнайы арақашықтыққа су айдауға арналған стансылар салынуда. Алдағы уақытта судың мәселесі толықтай шешіледі деген үміттеміз. 

Айнаш ҚАСЕНОВА

Кербұлақ ауданы,

Жетісу облысы