АЛТАЙ ДОСЫМБАЕВ ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 02.09.2022
Оқылды: 1760
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Есік қаласында Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз сөйлеген Марат Елеусізұлы ҚР Президенті аппаратымен келісе отырып, аудан әкімі лауазымына ұсынылатын азаматтың есімін атады. Ол – Алтай Досымбаев.

Аудан әкімінің міндетін атқарып келген Алтай Мәшікұлының өмір жолы да, атқарушы биліктегі істеген жұмыстары да жұртшылыққа кеңінен таныс. Осы өңірдің тумасы. Туған жерге ту тігіп, қабілет-қарымын жан-жақты көрсетіп келеді. 10 жылдан аса уақыттан бері Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары. Әлеуметтік-экономикалық саладағы міндеттердің талапқа сай жүзеге асуына өз үлесін қосуда. Білімі мен білігі, іскерлігі, жинаған мол тәжірибесі қоғам дамуына септігін тигізетіні анық. Марат Елеусізұлы кандидатураға қатысты ойын ортаға салып, негізгі шешімді  мәслихат депутаттарының еншісіне қалдырды.

Ұсынысты мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Халық қалаулыларының сеніміне ие болған Алтай Досымбаевты аймақ басшысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі етіп тағайындады. Бұдан кейін үлкен мәжіліс залында аудан активіне жаңа басшыны таныстырды.

Бүгінгі таңдағы сындарлы уақыттың талабы да, жүгі де ауыр. Жауапкершілігі зор. Демократияға батыл қадам басқан еліміз үшін іскерлікті бұрынғыдан да  ширата түсудің  қажет екені айтпаса да түсінікті. Жаңа әкімнен аудан жұрты игілік пен ізгілікті, тың ізденістерді күтетіні сондықтан.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қырқүйектегі жаңа Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталды. Халықтың әл-ауқатын арттырудың өзекті мәселелерін атады. Саяси құжатта айтылған бес бағытты саралады. Оның ойдағыдай жүзеге асуы – ел сенімінен шығудың  басты кепілі екенін сөз етті.

- Еңбекшіқазақ ауданы зор мүмкіндіктерге ие. Мұндағы аграрлық сала, өндіріс, туризм, бәрі – байлықтың көздері. Оны қат-қабат дамытудың негіздері жеткілікті. Адам ресурстары да аз емес. Сондықтан, жаңа әкім  өзіне жүктелген міндетті лайықты атқарады деп сенеміз, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Алтай Досымбаев бар күш-жігерін өңірді өркендетуге жұмсайтынын паш етті.   

Алтай Мәшікұлы 1962 жылы туған, білімі жоғары. 1988 жылы Қазақ ауылшаруашылығы институтын «Ауылшаруашылық өнімдерін ұйымдастырушы экономисі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1979 жылы «Қаратұрық» кеңшарының жұмысшысы болып бастаған.

Әр жылдары А.Саттаров атындағы кеңшар жұмысшысы, «Асы», «Алексеевский» кеңшарларының бас экономисі, комитет төрағасы, директорының орынбасары, Еңбекшiқазақ аудандық экономика бөлiмiнің бастығы, «КАСС» ЖШС қаржы саласының директоры, «Ақжол» ЖШС директорының орынбасары, Шелек селолық округiнiң әкiмi, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған.

2011 жылдың қаңтар айынан Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары лауазымында.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы