ҚОНАЕВТА "ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК" ТАППАЙ, БОС ЖҮРГЕНДЕРГЕ ЖҰМЫС ҰСЫНЫЛДЫ

Уақыты: 06.09.2022
Оқылды: 1670
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қонаев қаласындағы орталық мешіт алаңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған Қарасай, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласынан 40-қа жуық жұмыс беруші мекеме қатысып, 700-дей жұмыс орнын ұсынды.

Шараны Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен облыстық прокуратура, әділет департаменті, жеке сот орындаушыларының аймақтық палатасы бірлесе ұйымдастырды. Мақсаты – жұмыссыз жандарды еңбекпен қамтып, алимент бойынша борышкерлердің қарызын азайту.  

– Алматы облысында қазіргі таңда 33 мың жұмыссыз бар. Оларға жұмыс тауып беру мақсатында жыл сайын 20-ға жуық бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі. Қонаев қаласында алғаш рет облыстық деңгейдегі жәрмеңке ұйымдастырылуда. Жұмыс ұсынып отырғандар ішінде жаңадан ашылып жатқан мекемелер бар. Біз олармен келісімшартқа отырып, етене жұмыс істеудеміз. Оларға қажетті мамандарды оқытып, даярлаймыз, – деді Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова.

Талғар ауданының Тұздыбастау ауылындағы «Н.Береке» ЖШС 180 тігіншіге жұмыс ұсынып отыр. Олар да өздеріне қажетті мамандарды жәрмеңкеден табуға ниетті. 

– Біз өз қаражатымызға тігін цехын ашып жатырмыз. Оған тігінші мамандар қажет. Оларға жалақымен қатар артық жұмыс істеген сағаттарына қосымша ақы төленеді. Түскі ас тегін беріледі. Тігін цехы толықтай Қытайдан, Жапониядан әкелінген жаңа технологиялық құралдармен жабдықталған. Жұмыс компьютерлік басқару, лазерлік аппарат арқылы жүргізіледі. Бастапқы кезде шетелден келген арнайы техника мамандары жұмыс істеу барысын үйретеді. Сондықтан тәжірибелі мамандармен қатар жастар да қажет, – деді тігін цехының жетекшісі Жайна Қабиден.

Еңбекшіқазақ ауданында 237 жұмыс орны бар. Дәрігер, физика, математика пәні мұғалімі, тәрбиеші, инженер, жол жөндеуші, басқа да сала мамандары қажет екенін аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Назира Қыдырқожанова алға тартты. 

Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген Қапшағай көпсалалы колледжінің 3-курс студенті Гүлім Жаңабергенді сөзге тартқанымызда аспаз-кондитер мамандығын оқып жатқанын, соған орай жәрмеңкеден қажетті жұмыс тапқанын жеткізді. Ал зейнеткер Бекболат Қыдырәлі өзіне күзет, бақылаушы, тексеруші сынды жұмыстар іздеп келгенін, бірқатар мекемеге өтініш қалдырғанын айтты. Осылайша жәрмеңке жастардың да, қосымша жұмыс іздеген жандардың да екі қолға – бір күрек табуына септігін тигізді. 

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы