ЖАЛҒАН СТАТИСТИКАМЕН ӨЗ-ӨЗІМІЗДІ АЛДАМАЙЫҚ - ЖЕТІСУДЫҢ ӘКІМІ

Уақыты: 05.09.2022
Оқылды: 1705
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Текелі қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, қала әкімі лауазымына ұсынылған кандидатты таныстырды. Депутаттардың келісімен Алмас Әділ моноқаланың әкімі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Көксу ауданын басқарған. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сессиядан кейін Бейбіт Исабаев қала активіне жаңа әкімді таныстырды.

Текелінің бұрынғы әкімі Батыр Молдахметов әріптестеріне, қала тұрғындарына, ақсақалдар мен қоғам белсенділеріне қоян-қолтық бірге жұмыс істегендері үшін ризашылығын білдірді. Сол сияқты өңірдегі маңызды жобаларды іске асыруда қолдау көрсеткен облыс басшылығына да алғыс айтты.

Өз кезегінде Алмас Әділ өзіне артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Бейбіт Исабаев облыс көлеміндегідей әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар Текелі қаласында да жүріп жатқанын атап өтті. Дегенмен қалада күні бүгінге дейін шешілмей келе жатқан жүйелі проблемалар бар екенін де жасырмады. Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын тұрғын үймен қамту, соның ішінде апатты үйлердің мәселесін шешу - негізгі міндеттердің бірі. Бұл ретте тұрғындарды көшіру жұмыстары әзірге аяқталмаған, апатты үйлердің орнына салынатын баспана құрылыстарына қажетті жер учаскесі анықталмаған. Алмас Әділге осы мәселені бақылауға алу тапсырылды.

Әсіресе жаз маусымында ауыз судың жетіспеушілігі моноқалада үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін қаланың жоғарғы жағынан 4 ұңғыма қазылған. Енді инженерлік желілердің құрылысын, сумен қамту магистралды желілерін қайта жаңғыртуды жүзеге асыру керек.

«Бұл мәселенің өзектілігін ескере отырып, осы жұмысты 2024 жылға дейін созбай, келесі жылдың соңына қарай аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ жаңа әкім қоқыс полигонын орналастыратын учаскені анықтауы керек, себебі қазір қалдықтар Текеліден Талдықорғанға тасымалданула. Бұлай болмайды. Қазір ТЭН дайындалып жатыр, жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге қаржы бөлінді», - деді Б.Исабаев.

«Достық» шағын ауданын газдандыру жұмыстары да аяқталуға тиіс. Мұнда мердігер компания өзіне жүктелген істі соңына дейін жеткізбеген. «Бұл мәселені біз тұрақты бақылауға алдық. Мердігер барлық олқылықтарын орнына келтіріп, тиісті жұмыстарды толыққанды аяқтайтын болады», - деп сендірді облыс әкімі.

Оған қоса Бейбіт Исабаев туризмді дамыту, салаға ірі инвесторлар тартуды жандандыру қажеттігін айтты. Шағын және орта бизнесті дамытуға, әлеуметтік нысандарды сейсмикалық жағынан күшейтуге де назар аудару керек екенін тілге тиек етті. Нәресте өлімінің себептерін анықтап, мұндай жайттарға жол бермеу керектігі де ескертілді.

- Ел Президенті біздің алдымызға халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сапасын жақсарту туралы міндеттер қойып отыр. Ол үшін әрқайсымыз білікті, адал еңбек етіп, әділетті болуға тиіспіз. Есеп беру үшін жұмыс істеп, қағаздағы сандарды алданыш етуді қою керек. Жалған статистикамен өз-өзімізді алдап, мемлекеттің дамуына, ортақ болашағымызға кедергі келтіреміз. Бірінші кезекте сапалы ауызсу, медицина мен білім берудің сапасын арттыру, жақсы жол, тұрақты жұмыспен қамту – біздің басты міндетіміз, - деді Бейбіт Исабаев.

Сол сияқты облыс әкімі Батыр Молдахметовтің мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі Жетісу аймағын одан әрі дамытуда кәдеге жаратылатынын да айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"