ЖАРЛЫӨЗЕК АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ БАЙҚАУҒА ҚАТЫСЫП, ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Уақыты: 09.09.2022
Оқылды: 1204
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жарлыөзек ауылының әкімі Самат Ихсанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Үздік ауыл әкімі» байқауында жеңімпаз атанды. Ол өңір көшелерін абаттандырып, әр шаңырақтың әл-ауқатын арттыратын арнайы жоба құрастырды.

Ауылда үш бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Атап айтсақ, «Балпық би», «Солтанбай батыр», «Қыдырәлі». Сонымен қатар, 264 шаруа қожалығы бар. Негізгі өндіретіндері – қант қызылшасы, соя мен жүгері.

Жетісу облысы бойынша қатысқан 4 бірдей ауылдық округ әкімдері арасында оза шапқан Самат Ихсанов – осы өңірдің төл перзенті. Сондықтан болар, өткен жылы сайлауға қатысқанда Жарлыөзек тұрғындарының 98 пайызы осы азаматқа дауыс берген. Сенім үдесінен шығатынына  титтей де күмән келтірмеген. Осы күннен бастап ел сенімін ақтау, туған жерін түлету үшін барын салады. «Халқыма жақсылық жасау – мен үшін үлкен парыз» – дейді ауыл әкімі.

Дана халқымыз: «Арғымақтығыңды білгің келсе, ат баптаған ауылға бар, құлыныңнан көрмедік деп, сипамай жібермес жалыңды, ақылдылығыңды білгің келсе, азамат өсірген ауылға бар, атаңмен табақтас болмадық деп, сындыра қоймас сағыңды», – деп текке айтпаған. Әкімнің бүгінгі күнге дейін атқарған шаруасы ұшан-теңіз. Округте  3000-дай халық, 500-ден астам түтін бар. Жері шұрайлы, топырағы құнарлы елді мекен тұрғындары, негізінен, егіншілікпен  айналысады.

Гүлфия Маматаева есімді жеке кәсіпкер:

–  Жалпы, ауыл жағдайы жақсы. Самат Таңатарұлы әкім болып келгелі  әр көшенің  жолдары жөнделіп,  жарықтандырылды. Ауыл балалары үшін үш бірдей ойын алаңы жасалды. Әрбір үйге  су тартылған. Одан басқа не керек? Жап-жақсы мектебіміз, амбулаториямыз да бар. Тұрғылықты  халықтың  басым бөлігі жермен айналысады. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, тұрғындар жаз бойы тапқанын қыс бойы азық етеді, - десе, зейнеткер Көмекбай Асубек:

– Ауылымыздың әкімі шынында да мықты. Кәсіби біліктілігі өз алдына, нағыз іскер азамат деп айтамын. Мен өзім зейнеткерлікке шыққанша  Бақтыбай ауылында тұрдым. Туған ауылыма қоныс аударғалы екі жыл ғана болды. Басқа ауылдармен салыстырғанда Жарлыөзектің жағдайы көшілгері деуге болады. Көшелері асфальтталып,  жарық шамдар қойылған, су да бар. Енді  газ келсе, өркениетке бет алған ауыл атанар едік. Ауылда  еңбекқор адамдар көп. Халық әкімін, әкім әрбір тұрғынын жақсы біледі. Бұдан басқа не керек? Алдағы уақытта да ауылымыз одан әрмен ажарлана береді деген ойдамын, - деп ақтарылды.

Мал басы да жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда  100 пайызға көбейген. «Былтыр 1960  жылқы болса, биыл 3800  жылқы бар. Ірі қараның өзі 2800 болса, биыл 5500 басқа артты, екі есе көбейді», – деген  ауыл әкімі  адамдар  жермен, малмен айналысудың  артықшылығын  түсінгенін айтады.

Жақсы әкім жұртқа жақын жүреді. Елі үшін адал қызмет етіп жүрген, жаңашылдыққа жаны құмар әкімге халқы да дән риза. Барлығы әкімнің игі істерін, ауылдың өркендеп келе жатқанын жарыса айтады.

Бар жағдай жасалып жатқандықтан ба, тұрғындар қаладан қаймағы бұзылмаған ортаға, ауылға көшіп келіп жатыр екен.

– Қазір  ауылдан  қалаға көшіп жатқандар көп қой. Бізде керісінше,  үй салып, қаладан ауылға көшіп келіп  жатқандар көбейді. Бұл  үйлер қаладағыдан  кем емес. Мұның бәрі ауылда тіршіліктің бар екенінің белгісі дер едім. Жермен, малмен айналысып жатқандар қатары артып келеді, – дейді Самат Таңатарұлы.

Ауыл жылдан-жылға өркендеп, дамып келеді. Әлеуметтік мәселелер де біртіндеп шешіліп жатыр. Көпбалалы отбасыларына да барынша жағдай жасалған. Мәселен, мемлекеттің арнайы бағдарламасымен  өткен жылы 5 отбасына үй алып берілсе, жағдайы төмен тағы 5 отбасы «Қарекет» қоры арқылы баспанамен қамтылған. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылардың балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында ауылдағы шаруа қожалықтарының көмегімен қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтар  алынған. Жыл сайын осындай жұмыстар атқарылып келеді. Әкімі жақсы болса – халқы бақуатты. Ауылдың дамып келе жатқаны – елін ойлаған әкімнің арқасы.

Туған ауылым, елім-жерім аман болсын деген ниетте жүретін, Жетісу өңірінен үздік шыққан әкім енді республикалық додада бақ сынамақ. Олай болса, ауылы – алтын бесігін өркендету үшін барын салып жүрген әкімнің алдағы жұмысына табыс, «Үздік әкім» республикалық байқауында сәттілік тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Көксу ауданы,

Жетісу облысы