АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 01.11.2022
Оқылды: 1651
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әкімдік ғимаратында азаматтарды қабылдап, жеке мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді.

Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар негізінен әлеумет, білім, кәсіпкерлік, жол, құрылыс, энергетика, газдандыру, тұрғын үй және жер мәселелерін қамтыды. Сонымен бірге, әкім қабылдауында Талғар, Іле аудандарында қоғамдық көліктердің санын арттырып, жолаушылар тасымалын жандандыру жұмысы өзекті тақырып ретінде көтерілді. Сұрақтардың басым бөлігі Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл және Ұйғыр аудандарындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты болды.

Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы, Ащысай ауылының тұрғындары Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің әбден тозығы жеткеніне наразы болса, Талғар өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандардың мекемелерге кіріп-шығуы қиындаған. Кейбір ғимараттарда баспалдақ өте биік, мүгедектер арбасымен көтеріліп-түсу мүмкін емес.

Қабылдау шарасында Ащысайдағы білім ордасы келесі жылы күрделі жөндеуден өтетіні, қазіргі таңда сараптама жұмысы жасалып жатқаны айтылды. Ал мүгедектер мәселесіне байланысты дұрыс жасалмаған пандус иелеріне, мекемелерге ескерту берілетіні сөз болды. Сонымен бірге, Ащысай ауылында жаңа спорт кешені 2023-2024 жылдары бой көтеретіні нақтыланды.

Өңір тұрғындарының мұңы мұнымен бітпейді. Қабылдауда мектеп асханаларына тексеріс жүргізу, білім ордаларындағы ас мәзірін қайта қарау, көлік ағыны көп жолдарға бағдаршамдар, бейнекамералар, басқа да арнайы жол белгілерін орнату туралы ұсыныстар түсті.

Мысалы, Талғар ауданы, Жаңалық ауылынан келген белсенді азаматтар балалар автобусын жүргізу, аялдама салу, "Сергек" камерасын іске қосу, цифрландыру жайынан әңгіме қозғаса, жамбылдық көпбалалы ана баспанамен қамту туралы өтінішін айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Бұдан бөлек, саяжай статусына қатысты мәселелер, жас отбасыларды қолдау, оңалту орталықтарын құру, оларды қаржыландыру, жаңа әлеуметтік жобалар жайы да назардан тыс қалған жоқ.

– Азаматтардың өтініш-тілектері, ұсыныстары мен талап-арыздары ескерусіз қалмайды. Барлық туындаған мәселелер заң шеңберінде шешімін табады. Облыс әкімдігінің сайтында әрбір аудан, әрбір ауылдық округ, елді мекендер бойынша негізгі проблемалар картасы әзірленген. Онда мәселелер тек көрсетіліп қана қоймайды, сонымен бірге, шешімі, орындалу жолдары да шетінен жазылып, белгіленіп отырады, – деген Марат Елеусізұлы баспана сұраған көпбалалы анаға тұрғын үй кезегінен тыс кәсіпкерлер қоры арқылы бұл мәселені шешуге болатынын жеткізді.

Аудан, ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтуға қатысты сұраққа облыс әкімі: "Елді мекендерді газбен қамту жұмысы тек мемлекет тарапынан емес, жеке инвесторлар есебінен де жүзеге асуы тиіс. Газдандыру жұмысын инвесторларды тарта отырып жүргізген әлдеқайда тиімді", – деп жауап берді.

Әкім қабылдауында қоғамдық бірлестік төрағалары, саяжай қоғамының жетекшілері мен белсенді азаматтар тарапынан 30-ға жуық сұрақ қойылып, тың ұсыныстар мен жаңа ой-пікірлерге қолдау білдірілді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қонаев қаласы,

Алматы облысы