МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 26.08.2023
Оқылды: 719
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының ұйымдастырылып жатқанына 10 жыл. Отанның негізгі бөлшегі саналатын отбасындағы  құндылықтарды жаңғыртуға, ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірін насихаттауға, шығармашылығын шыңдауға бағытталған байқау биыл да өз жалғасын тапты. Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өткен мерекелік жиында бірқатар отбасы мерейленді.

Ұлтымыздың танымында отбасы мен Отан егіз ұғым. Қасиетті құндылығымыздың қарашығындай болған дәстүрімізді дәріптеп, ата-анасын ардақтап, өмірдің әр саласында өзін көрсете білген отбасылар баршылық. Олардың жарқын ісі жалғасын тауып, кейінгіге өнеге болуы керек. Осы негізде 10 жыл бұрын бастау алған байқау бүгінге дейін талай шаңырақты шаттыққа бөледі. Бүгінде соның жарқын үлгісін көре білдік.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау салтанатының алғашқы сөзі облыстық мәслихаттың төрайымы Гүлнар Тойлыбаеваға берілді. Ол:

– Отбасылық құндылық Отанымыз үшін әрқашанда қымбат.

Әрбір отбасының бақыты – еліміздің бақыты. Сол үшін қаншама ата-ана еңбек етіп келеді. Бабаларымыздың «Бала бер, бала берсең, сана бер» деген қанатты сөзі әр отбасы үшін ұран болып қала бермек. Әрбір отбасында жарасымды тірлік, жұбайлардың бір-біріне деген ізгі махаббаты, баланың күлкісі орын алу керек. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген дана қазақтың сөзін еске ала отырып, сіздер шаңырағын кеше ғана құрған жас отбасыларға үлгі-өнеге көрсетулеріңіз керексіздер, – дей келе байқауда жүлде алған жандарды марапаттады.

Ұлттық байқаудың шарты бойынша жүзден жүйрік шыққан сарқандық Молдабаевтар мен талдықорғандық Еркінбектер әулеті жүлделі 3-орын иегері атанды. 2-орынмен қараталдық Амировтар және Панфилов ауданының Керімбековтер әулеті марапатталды. Қоғамдағы белсенділігімен топ жарып, алға шыққан алакөлдік Қайрановтар әулеті 1 млн. теңгемен қаржыланып, жеңімпаз болды.

Өнегелі отбасылар марапатталғаннан кейін асқақталған ән шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Жетісу жұртшылығына танымал Бейбіт Мұса, Тілек Нағымбев, Гүлзат Ануарбекова сынды өнерпаздар ән шырқап, көрермен ықыласына бөленді. Аталмыш шара мерекелік көңіл-күймен аяқталды.

Айғаным АЙТМҰХАН