Белгілі әнші Нұржан Ахметбек үлгілі отбасы болудың сырымен бөлісті

Уақыты: 10.09.2023
Оқылды: 959
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ғасырлық мерейтойын ел болып тойлап жатқан қасиетті өнердің қарлығашы Бикен Римова апамыздың атындағы драма театрының алдында алаңсыз асыр салып жүрген балапандарына күліп қарап, кішкентайларын қолдан жетектеген ерлі-зайыптыларды көргенде жүрегің жылып сала береді екен. Асқақ мүсінімен менмұндалап барша қазақты ұлылыққа, дегдарлыққа шақырып тұрған алып Абайдың тастұғыры жақтан тағы бір ек-үш үрпекбас балапан келіп қосылғанда, көзің нұрдай жайнап, «Аллаға шүкір» деп ризашылық білдіресің тағы.

Би апа театрының алдында ұл-қыздарын ойнытып, өздері сейілдеп жүрген Нұржан мен Жұлдызға еріксіз жақындап, қазақы салтпен есендік сұрасып, бір-екі ауыз тіл қатыстық. Жасыратыны жоқ, саз өнерінде өзіндік орны бар, композиторлығымен де, әншілігімен де дүйім елдің ыстық ықыласын арқалап жүрген Нұржан Ахметбек ағамызды бұрыннан білетінбіз. Көп баланың әкесі екенін еміс-еміс естігенімізбен, ұрпағын жетектеп жүрген тілеуқор тұрқын бірінші рет көріп, гитара асынған азаматтың асқар тау әкелік болмысына шын сүйсіндік.

Сүйініш пен ризашылық көңілді білдіргеннен кейін, бүгінгі жастардың отбасы құндылығына аса мән бере бермейтінін, кейбір жас отбасылар көп балалы ата-ана болудан қорқатынын айтқанымызда Нұржан Мұхамбетбекұлы:

– Шүкір, Алланың берген перзенттерін өзі көп көрмесін. Жалпы, өнерлі, спорттық жетістікке жеткен, кез келген саланың шыңына ту қадаған жандардың бәрі үлкен отбасынан шыққандар. Тұғырлы тұлғарымыздың дені үлкен әулеттің тәлімін көргендер. Жалпы керегесі кеңге кеткен әулеттен түлеген перзеттер көпшіл, қамқор болып, өзін ғана ойлайтын, өзім деп тұратын мінезден аулақ болады, – деп әңгімесінің әлқисасын әріден бастаған әнші, шүкірәнасын айта келе, Алланың сыйы болған перзентті жоспарлап сүйіп, жағдайды жасап алып ұрпақ көремін деу бекершілік екенін айтады.

– Уақытысында тіршілікті түзеп алайын деген таныстарым бүгінде үлкен өкініште жүр. Бала Жаратқанның адам баласына берген үлкен нығыметі ғой. Оған ақыл мен сананы салмақтап барып, «бүйтсем-сүйтсем, сосын сүйсем» деудің қажеті қанша? Денсаулық барда, қолыңнан іс келіп тұрғанда неден тартынасың? – дейді.

Расында, бүгінгі жастар отбасылы болғанымен ата-ана болуға асықпайтыны да күнделікті өмірде көрініс беріп жатқан жайт. Жанның жылуы, сезімнің алтын арқауы болған баланы кешеуілдеткеннен де болар, кейбір жас шаңырақ мезгілсіз шайқалып, екеуара дүрдараздыққа салынып жатады. Бұл орайда, 7 ағайынды болып ер жеткен Нұржан аға Ахметбектің пайымы басқа. Ол:

– Өзіміз жеті ағайындымыз. Әкем Мұхаметбек 11, анам 12 ағайынды болған. Осы орайда, жастардың таңырқап, «бұл қалай?» деген болымсыз сұрақ қоятынына таң қаламын. Кейбірі ақымақ көріп, қалай асырайсыздар, қалай жеткізесіздер деп жатады. Қазақта «бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деген аталы сөз бар. Адамды асыраушы да, жеткізуші де адам емес, оған Аланның берген нығыметі, шарапаты емес пе? – дей келе үлкен отбасының артықшылығын айшықтап өтті.

Саз өнерінің өркендеуі жолында терсіңді еңбек етіп, ғажайып әндер жазып, әншілігімен де дараланып жүрген өнер иесінің жары Жұлдыз Мағауияқызы да дүниенің бар байлығы балаларым деп білген ақжүрек ана, әулеттің кең кеуде келіні. Жолдасының тапқанын ұқсатып, үйіне берекет кіргізіп отырған, балалардың тәрбиесінен асқан ұлы іс жоқ деп жүрген ғазиз жан. Бүгінде осынау ерлі-зайыптылардың 10 перзентінің тұңғышы Аружан Алматы қаласында білім алып жатыр. Шығармашылыққа жақын, әнге құмар болған Аружан өз қалауы бойынша былтыр оқуға түсіпті. Одан кейінгі перзенттері – Сүлеймен, Фатима, Абдурахман, Мәрия, Мадина, Камелия, Ғажайып, Мұзафар, Гүлтұнық.

Бірін-бірі жетектеп, бірін-бірі аймалай сүйіп жүреген, ойнатып, ақкөкіректене асыр салған балаларға қарап осындау көлкөсір бақытты өзіңе де, еліңнің әрбір азаматына да тілейді екенсің.  Оны кейіпкерге ашып айтпасақ та,  бүгінгі тағам түрлері сапасызданған, экологиялық жағдай салдарынан бала көтеру де үлкен мәселеге айналып бара жатқанын, сол себепті жағдай деп жүрмей перзент сүйуден тартынбау керегін, бәрі өз уақытымен болғаны дұрыс екенін айтқан Нұржан аға:

– Айналамыздағы кейбір жандар үреймен қарайды. «Осымен болған шығар» деп қояды. Бізді құдды жоспармен жұмыс жасағандай (күліп), негізінен жеңгеңе денсаулық берсе, Алла бұйыртып жатса тағы да перзенттен тартынайын деп тұрған жоқпыз, – дейді.

Ал біз, осынау берекелі отбасының егесімен сұхбаттасып тұрып Жеңіс Ысқабай ағаға қоңырау шалып, жан сүйсінткен жандарды суретке түсіріп алуын өтіндік. Әсерлі әңгіме соңын ала жеткен фотомайталман да ерекелеген бүлдіршін, қамқор ата-анаға сүйсініп отырып рәсімге түсіріп алған-ды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай