«Жамантыда» жаңа су қоймасы салынады

Уақыты: 16.04.2024
Оқылды: 358
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ауыл тұрғындарының үміті ақталатын болды. Енді 1-2 жылда жаңадан салынатын су қоймасы көктұмалықтардың басын ауыртқан мәселені түбегейлі шешіп тастайды. Өткен аптада су қоймасын салуға қатысты жұмыстарды тексеруге келгендер Жаманты өзенінің бойын аралап, зерттеу жұмысын жүргізіп қайтты. 


 – Алдағы 5 жылда Жетісу облысында 7 су қоймасы, 1 бөгет салу жоспарлануда. Соның бірі Алакөл ауданының Ырғайты ауылдық округіне қарасты Жаманты өзенінен су қоймасын салу қарастырылып отыр. Осыған орай, су қоймасы салынатын жерді нақтылап жатырмыз. Жалпы, су қоймасына 10 млн. текшеметр су жиналатындай етіп салу жоспарда. Сонда ғана осы өңірдегі суға қатысты мәселелер толығымен шешімін табады. Жоспарға сай биыл техникалық негіздемесін жасап, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, келесі жылы су қоймасын салу жұмысына ресми кірісеміз, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков.

Алакөл ауданында сонау 1920 жылдары Есіркеп  тоғаны, Ақтоған, Қаратоған деп аталатын каналдар қазылып, өңір халқының егін шаруашылығымен айналысуына ықпал етті. Кейін 1975 жылы Тентек өзенінен бөгет салынып, бұрынғы каналдар ірі суару жүйесіне айналды. Өткен жылдан бері Тентек бөгетін қайта жаңғырту жұмысы қолға алынып, суармалы алқаптың көлемі ұлғая түсті.

 – Қазір ауданда 30 мың гектардан астам суармалы жер бар. Оны Тентек бөгетінің оң және сол жағалауы арқылы қамтамасыз етіп келеміз. Бұл өңір тұрғындарының қант қызылшасымен айналысуына да мүмкіндік тудырды. Алайда, Тентектің суы жетпейтін жерлерде  жазды күнгі егін суару кезінде су тапшылығы орын алады. Әсіресе, бұл жағдай Ырғайты ауылдық округіне қарасты Ақши мен Көктұма елді мекендерінде анық байқалады. Егер Жаманты өзенінен су қоймасы салынатын болса, аталған ауылдардағы суармалы жер көлемі тағы да 5 мың гектарға ұлғаяды. Бұл өңір экономикасын өркендетіп, тұрғындардың адал еңбегімен нәпақа табуына мүмкіндік береді, – дейді Алакөл аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Манатбек Рысбеков. 

Ақши мен Көктұма аумағынан тоған қазып, су шығарып, тау етегіндегі сары жазыққа жайқалтып егін өсіріп, игілігін көру бұрыннан бар тәжірибе. Кезіндегілер тауды бөктерлей тоған қазып, Жаманты өзенінен су шығарған екен. Оны жұрт бүгінге дейін «Сарықамыстың тоғаны» деп атайды. Кейін су тасқыны салдарынан жер көшкіні орын алып,  тоғаннан су жүрмейтін болыпты. Содан бастап осы өңірдің тұрғындары су тапшылығын сезе бастаған. Кейінгі жылдары өзен суының азаюы су тапшылығын тіпті көбейтіп жіберген. Қазір тек өзеннен Кеңес кезінде салынған канал арқылы келетін су 4 мың гектарға жуық егісті суғаруға ғана жетеді. Есесіне, канал суын егіске бұрса, ауыл тұрғындары ауласындағы азын-аулақ көкөнісін суара алмай қиналады. Суды ауылға бұрса, егіс алқабына су жетпейді. Сондықтан жергілікті жұрт Жаманты өзенінен су қоймасын салу мәселесін біраз жылдан бері жиі көтеріп келеді. 

Көктұма ауылының ақсақалы Жарылқасын Қалдыбаев:
– Жаманты – бұрын өткел бермейтін ағысы қатты, суы мол, үлкен өзен болатын. Бала кезімізде Жаманты өзені тасығанда ары-бері өтудің өзі қиындық тудыратын. Қазір өзеннің арыны қайтты, суы азайды. Соның салдарынан жаз айларындағы егін суару науқаны басталғанда су тапшылығы білінеді. «Жаманты өзенінен су қоймасы салынады»  деген хабарды естігелі ауыл тұрғындарының қуанышы еселене түсті. Осы жоба тезірек жүзеге асса, өңір тұрғындарына үлкен көмегі тиер еді, – дейді.

Әрине, су қоймасы су үнемдеу жағдайын жақсартып, жұрттың суға деген қажеттілігін шешкенімен оның қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылуы тиіс. Себебі, кейбір орын алған жағдайлар соның маңыздылығын қайта-қайта еске түсіреді. 

– Жетісу облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ұсынысымен Жаманты өзенінен су қоймасын салудың техникалық негіздемесін жасауға Өскеменнен келіп отырмыз. Біздің мекеменің бұл саладағы тәжірибесі мол. Осыған дейін Алматы облысының Жамбыл ауданы және Жетісу облысының Сарқан ауданындағы су қоймаларын, бөгеттерді қайта жаңғыртуға қатысты техникалық негіздемесін жасадық. Оның нәтижесін жұрт көріп отыр. Жалпы Жаманты өзенінен су қоймасын салу өте қолайлы. Егер техникалық негіздемесі дұрыс әрі жүйелі жасалса, бұл жерден 10 млн. текшеметрден артық су жинайтын су қоймасын салуға болады. Бұл дегеніңіз, 10 мың гектарға жуық егіс алқабын суаруға жетеді, – дейді «Тау сәулет» ЖШС жобалау бөлімінің басшысы Сансызбай Мұңғылбаев. 

Су шаруашылығына жауапты мамандардың айтуынша, облыста сумен қамтамасыз ететін 15 нысан болса, оның екеуі су қоймасы. Жаманты өзенінен салынатын су қоймасы бұл санды көбейте түседі. Сондай-ақ, су қоймасымен бірге екі канал салынып, оның бірі егіс алқабына, енді бірі Көктұма ауылына су жеткізеді. Демек, су қоймасының салынуы егіске қажетті су тапшылығын шешуден бөлек жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қосалқы шаруашылықтарды өркендетуге де мол мүмкіндік береді. Әсіресе, Ақши мен Көктұма ауылы тұрғындарының ауласына түрлі көкөніс егіп, жазғы шомылу маусымында Алакөлге келген туристерді экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Қажет АНДАС
Көктұма ауылы,
Алакөл ауданы