ЖАСТАР ЖЫЛЫНАН НЕ КҮТЕСІЗ?

Уақыты: 02.01.2019
Оқылды: 2179
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Еркебұлан Мұсабеков,
«Жетісу» футбол клубының ойыншысы:

– Жастар – елдің негізгі қозғаушы күші. Бүгінгі таңда жастарға барлық жағдай жасалған. Оқу орындарында гранттар көбейіп, шетелге оқыту бағдарламасы жұмыс істейді.  Спортшы болғаннан кейін әр елді-мекенде спорт мектептерінің бой көтеріп, залдардың ашылып жатқандығы қуантады. Көп көңіл бөлінетін салалардың бірі – спорт. Елбасымызға осы қамқорлығы үшін үлкен рақмет айтамын. Келер жылды Жастар жылы деп бекітсе, демек жастарға артылған сенім екі есе күшейді деген сөз. Үмітті ақтап, сенімнен шығуға бар күш-жігерімізді саламыз. Күтетініміз өте көп.

Жұлдыз Жұмахан,
«Жетісу» телеарнасының тілшісі:

– Мен Жастар жылы дегенде тек бір нәрсені ғана ойлаймын. Мемлекеттік қызметкер болсын, журналист болсын, жас мамандарға барлық жағдай жасалса деймін. Сол тұрғыда өзгерістердің болғанын қалар едім. Жастардың бүгінгі басты мәселесі – баспана. Үйі жоқ жас қызметкерлер бүгінде өте көп. Қатары да күн санап өсіп отыр. Содан кейін жалақы мәселесі де қамтылса. Мәселен, пәтерден пәтер жалдап жүргендердің бірі өзіммін. Тапқаным пәтерақы, ішіп-жеуіме кетеді. Мәселен, бізбен қатар бітірген ұл-қыздардың кейбірі жұмыссыз. Сондай замандастарым тұрақты жұмысқа орналасып, ойындағы игі жоспарларын іске асырсын деп тілеймін.

Жансая Қабден, 
Оқушылар сарайының қызметкері:

– Болашақ жастардың қолында. Әр іске жаңа көзқарас, жаңа ой, жаңа серпін керек. Жастар – зор мүмкіндік бастауы. Жас қызметкерлердің еңбегі бағаланып, абырой биігінен көрінсін деп айтамын. Жастар жылынан менің де күтерім көп. Жастар  жылында  ел ертеңі  саналатын буынға жан-жақты  қамқорлық көрсетіледі деген ойдамын. Елбасы да  әр Жолдауында жастарға зор сенім артатынын айтып келеді. Бүгінгі күннің жастары жан-жақты болса ғана алға басады. Әр жасқа тілерім – жақсылық.