"7-20-25": ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АУДАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 18.03.2019
Оқылды: 1411
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қарасай аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің және екінші деңгейдегі банк өкілдерімен жұртшылықтың кездесуі болып өтті. Сұрақ-жауап форматында өткен алқалы жиында «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.

 

Жеңіс Шылбынұлы өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасы негізінде дүниеге келген «7-20-25» бағдарламасының халықты баспанамен қамтамасыз етудегі артықшылықтарына тоқталып, оның орындалу барысында кездесіп отырған кедергілер жайлы айтып өтті. Жеке пәтер аламын деушілер 7 пайыздық үстеме ақымен баспана құнының 20 пайызын алдын ала құйып, қалған сомасын 25 жыл ішінде төлеп отыруы қарапайым халық үшін оңтайлы талап. Бұл үшін басында басқа үйі жоқ, ипотекалық қарызы тіркелмеген, несие төлеуге қабілетті Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт.

Осы бағдарлама бойынша тұрғындардың пәтер алуын барынша жеңілдету мақсатында облыс әкімдігі елімізде тұңғыш болып бюджеттік мекеме қызметкерлерінің, көпбалалы отбасыларының алғашқы салымын жасауға көмек қолын ұсынып отыр. Яғни, алғашқы салымның 10 пайыз көлеміндегі қаржы қайтарымсыз берілмек. Бұл қаражат бүгіндері аудандарға келіп үлгерген. Тұрғын үй сертификатына ие болған адамдарға облыс аумағынан жаңадан салынған үйлерден баспана алу шарты қойылады.

Жеңіс Тұяқов пен Қазақстанның Ұлттық банкі облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов бағдарламада қарастырылған жеңілдіктер мен оны пайдаланудың қыр-сырына тоқталып, қарасайлықтарды мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар негізінен үстеме пайыздың есептелуі, өз қаражаты жетпеген жағдайда туысқандарын кепіл ету тәртібі, бұдан бұрынырақта алған несие тарихы турасында сауалдарын жолдады. Аталған жайлар жалпы көпшілікке қатысты болғандықтан облыс әкімінің орынбасары «Баспана» несие ұйымы» акционерлік қоғамының басшыларына мәселені жіті бақылауға алу қажеттігін айтты.

Жиын барысында екінші деңгейдегі банктердің тұрғындардың жас мөлшеріне, несие тарихына, кепілдікке туыстарын қою мәселесіне қатысты әртүрлі талаптар қойып, кедергі келтіретіні де сөз болды. Бұл мәселеге келгенде облыс әкімінің орынбасары «7-20-25» бағдарламасы жалпыға ортақ болғандықтан оның талаптары да біркелкі болуы қажеттігі жайлы ескертті. 

Бүгіндері облыс әкімдігі, банк өкілдері мен құрылысшылар арасында төлемдерді аудару, пәтерлерді рәсімдеу жөнінде келісімдер жасалуда. Дегенмен, Ж. Тұяқов наурыз айының соңына қарай тұрғын үй сертификаттары беріле бастайтынын мәлімдеді. Аталған шаралар өлкемізде бағдарламаның орындалуын жеңілдетіп, тұрғындарға үлкен көмек болатыны сөзсіз.

***

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс ТҰЯҚОВТЫҢ қатысуымен өткен жиында «7–20–25» бағдарламасындағы жаңа мүмкіндіктер мен өзгерістер сөз болды. Жеңіс Шылбынұлы мен ҚР Ұлттық Банк облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов баспаналы болуға ниет білдіргендерге мемлекет ұсынып отырған жеңілдіктерді түсіндіріп, аталған бағдарлама екінші деңгейлі сегіз банк арқылы жүзеге асырылатынын айтып өтті.

 

Басқосуға келген екінші деңгейлі банктердің Ұзынағаш ауылында орналасқан «Халық Банк», «Каспий Банк», «АТФ Банк», «Еуразиялық Банк» секілді бөлімшелерінің басшылары қойылған сұрақтарға жауап берді. Олар бұл орайда үй сатып аламын деушілерге қарыз берерде әр банк бекіткен шарттағы ерекшеліктерді атады. Әсіресе, жас мөлшеріне қойылатын шектеулерде едәуір айырмашылық бар екені айтылды. Алғашқы жарнаны төлеуге облыста бір миллион теңге қайтарымсыз қаржы берілетіні, мұның үлкен қолдау екені түсіндірілді. 

Аудан әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ертас осы бағдарлама бойынша өңірде бес қабатты, көппәтерлі тұрғын үйлер салуға жер телімі бөлініп, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстың құжаттары дайындалу үстінде екенін, баспана құрылысына инвестор тартылғанын жеткізді. 

Құрылысты биыл бастау жоспарланып отыр. Бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде 306 бюджеттік сала қызметкерлері мен мың жарым әртүрлі санаттағы азаматтар тұр.

Қ. Қайранбаев,
С. Сатыбалдиев