РАМАЗАННЫҢ БІР КҮНІ: ҚЫРЫҚ ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 08.05.2019
Оқылды: 1450
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін Панфилов ауданында 40 жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 14 отбасыға осы айдың ішінде пәтер кілті табысталатын болады. Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов көпбалалы 13 отбасыға пәтер кілтін арнайы табыстап, көрімдік тарту етті.

Қоныстойын тойлап жатқан отбасыларды құттықтаған аудан әкімі биыл тағы 5 қабатты 240 пәтер салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы көпбалалы он отбасыға үй салып беруді жоспарлап отырғанын баяндады. Үш бөлмелі пәтердің кілтін алған 7 баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жыл бойы пәтер жалдап қиналғанын айтты. Рамазан айының қарсаңында баспаналы болған қуанышты ана аудан, облыс әкімдігіне алғысымнан басқа айтарым жоқ дейді.

Бүгін қоныстойын тойлағандардың қатарында Татьяна Камурова да бар. Жеті баланы бір өзі асырап, баспанасыз жүрген ана 6 жылдан бері осы күнді күткенін айтып, қуаныштан көзіне жас алды.

Бір стандартта салынған 70 шаршы метр 40 үйдің құрылыс жұмысы 2017 жылы басталған. Мұнда жеке қоражай, арнайы қоймасы мен бірге әр үйдің сырты жеке-жеке қоршалған. Айта кету керек, жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды. Жалпы үй кезегінде 2648 отбасы тұр. Оның ішінде 268-і көпбалалы отбасы санатында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"