"ТАЛҚЫЛАНЫП ОТЫРАДЫ": ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ КЕЗЕК КҮТТІРМЕС МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛЕДІ

Уақыты: 27.10.2019
Оқылды: 734
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелер мен түйіні қиын міндеттерді тиімді шешу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға қол қойған болатын. 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілген Заң бойынша еліміздің барлық өңірлерінде құрылған Қоғамдық кеңестер шешімі кезек күттірмейтін маңызды мәселелерді көтеріп келеді.

Алматы облыстық Қоғамдық кеңесі де ай сайын жиналып, аудан, қалаларда қордаланған міндеттердің орындалуына байланысты талқылаулар өткізіп тұрады. Сол арқылы Жетісу жерінің экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан өркендеп дамуы жолындағы келеңсіздіктер мен кемшіліктердің болмауына елеулі үлес қосып отыр. Соған байланысты облыс әкімі Амандық Баталов Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп беріп, қоғам белсенділері берген ұсыныстарды назарда ұстайтынын жеткізді.

Әсіресе, негізгі бағыты ауылшаруашылығы саналатын облыстың суармалы жерлері мен егістіктеріне, жайылымдары мен шабындықтарына қатысты мәселелер Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмай, көпшілікті алаңдатқан ортақ тақырыптар ұдайы талқыланып отырады.

Мысалы, облыс әкімімен болған кездесуде мен Талдықорған қаласында салынып, алғашқы бағыттары жұмыс істей бастаған өндірістік аймақтың жұмысын жандандыру қажеттігін ескертіп, мал шаруашылығын, оның ішінде биязы жүнді қой шаруашылығын өркендетудің аса өзекті екендігін алға тарттым. Менің ұсынысымды мұқият тыңдаған Амандық Ғаббасұлы осы салаға жауапты орынбасарына арнайы тапсырма беріп, мәселенің дұрыс шешім табуын қадағалауды ескертті. Өңір басшысының мәселеге осылайша жауапкершілікпен қарауы үлкен парасаттылықтан хабар берсе керек.

Меніңше, еліміздің өркендеуі, қоғамның дұрысталуы, қылмыс мен заңбұзушылықтың тыйылуы, сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырымен құруы ең алдымен қоғамның тынысын тап басып білетін, тұрғындар мен азаматтардың ойындағысын дөп басып танитын белсенді азаматтар көтерген тақырыптарға баса назар аударудан басталады. Өйткені, қазіргідей технология қарқындап дамыған кезеңде адамдар арасындағы қарым-қатынас күрделеніп, туыстық байланыстар азайып барады. Соның кесірінен жақын-жуықтың арасы жат тартып барады.

Бұл, ең алдымен, халқымыздың ақыл-ой, сана-сезіміне, ой-пікіріне, дүниетанымына ерекше әсер етеді. Сол арқылы мемлекетке, Отанға, отбасы мүшелеріне, ағайын-туысқа жаны ашымайтын ұрпақ өсіп шығады. Бұның сорақысы туған жердің топырағын қасиет тұтатын ұлттық ұғым аяқасты болады. Оның кесірі табиғатты, қоршаған ортаны ластайтын, бір күндік тіршілікті ғана місе тұтатындардың қатарын көбейтеді. Оның ақыры шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінің құнарлы топырағын ластауға әкеп соқтырады. Ластанған топырақтың құнары қашса жайқалған шабындық, гүлденген егістіктің сиқы кетіп, тіршілік атаулының құты кетері анық. Құдай ондайдан сақтасын, сондықтан, ең алдымен, ұрпақ тәрбиесін дұрыс жолға қойып, елі мен жеріне жаны ашитын, Отан мен Мемлекет болашағына алаңдайтын жастардың қатарын молайту керек-ақ. Осының өзі келешегіне үмітпен қарайтындардың санын ұлғайтып, жанашыр жандардың үлесін арттырады.

Жетісу жерінің өркендеп, өсуіне, қарқынды дамуына, табысты гүлдеуіне билік пен халықтың арасын жалғайтын алтын көпір қызметін атқаратын Қоғамдық кеңес көтерген мәселелердің шешім табуы әсер етеді деп сенемін.

Алмасбек САДЫРБАЕВ,

Алматы облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі,

ҚР Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері ассоциациясының басқарма төрағасы