"ҚУАНЫШЫМДА ШЕК ЖОҚ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА 100 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 16.12.2019
Оқылды: 1357
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласында Тәуелсіздік күніне орай 100 отбасы баспаналы болды. Пәтер иелерін қуанышымен Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы құттықтады.

Коттедж қалашығындағы жаңа пәтерге жайғасқандардың басым көпшілігін көпбалалы және мүгедек баласы бар отбасылар құрайды.

– Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Бүгін талдықорғандықтар үшін қос мереке. Тәуелсіздік күніне орай жаңадан салынған коттедж үйлер пайдалануға берілді. Бүгін, міне, 55 коттедждің құрылысы аяқталып, қаншама отбасы, бала-шаға қуанышқа бөленіп жатыр?! Өз үйі, өз шаңырағында еркін өскен балалардың көзінен қуаныш, жүзінен күлкі көру – бәріміз үшін зор бақыт. Бүгінгі мерекеде шаңырақтарыңыз шаттыққа, бақ пен берекеге толы болсын, – деген облыс басшысы қалашықта балабақша мен 900 орынды мектеп құрылысы жоспарланғанын жеткізді.

Өз кезегінде көптің атынан сөз алған көпбалалы ана Виктория Брощенских пен Назгүл Молдахметова риза көңіл, ақ алғыстарын ақтарды. "Өз баспанам болғанын 15 жылдан артық күттім. Толық емес отбасы ретінде кезекке тұрған едім. Бүгін, міне, қуанышымда шек жоқ. Ел ағаларына рахмет айтамын. Осындай қуанышты күндер, мереке көп бола берсін", – дейді баспаналы болғандардың бірі Рауза Қазақбайқызы.

Айта кетерлігі, Талдықорғандағы «Коттеджді қалашықта» бекітілген жобаға сәйкес, жалпы алаңы 56,4 мың шаршы метр болатын 606 жеке тұрғын үй (коттедждер) салу жоспарланған. Бүгінде жалпы алаңы 13,9 мың шаршы метр, екі қабатты 155 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, "Хутор" және Еркін шағын аудандандарында екінші нарықтағы 45 үйдің баспана кілті табысталды. Меценаттар көмегінің нәтижесінде мұнда да кезекте тұрған отбасылар баспаналы болды.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото – Айдын Нұршанов

Алматы облысы