ДӘМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ: "42 МЫҢ 500 ТЕҢГЕНІ ҮЙДЕН ШЫҚПАЙ-АҚ АЛДЫМ"

Уақыты: 18.04.2020
Оқылды: 772
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мен екі жылдан бері Алматы қаласындағы дәмханада қызмет етіп келдім. Өз көлігіммен Ұзынағаштан Алматыға барып-келіп жүретін едім.

Алайда бүкіл әлемді алаңдатқан қауіпті індет біздің елге де келіп, өрши бастағандықтан Алматы қаласы карантинге жабылды. Осылайша, мен жұмысқа бара алмай, үйде отыруға тура келді.

Бастапқыда: «Күнделікті табысым тоқтады. Енді қалай күн көремін?» - деп ойладым. Бірақ Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті естіп, көңілім жайланды. Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындауды тапсырды. Бұл, әрине, үлкен көмек.

Мен 42 500 теңгені алдым. Үйден шықпай-ақ, онлайн өтініш бердім. 3-4 күннің ішінде «Каспи голдқа» түсті. Мынандай қиын-қыстау кезде бей-берекет көшеге шығудың өзі қорқынышты.

Мен мемлекеттің көрсеткен көмегіне өзімнің ризашылығымды білдіремін. Әлеуметтік желіден де күнделікті көріп отырмын, "Біз біргеміз!" акциясы арқылы көптеген мұқтаж жандарға көмек көрсетілуде. Осындай кезде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, аты жаман ауруға бірге қарсы тұрғанымыз абзал. Бұл да бір уақытша қиындық қой. Бұл күнде өтіп кетер. Ең бастысы карантин шектеулерін сақтай отырып, үйде болған дұрыс.

Еркінбек ТОҚТАСЫНҰЛЫ,

Ұзынағаш ауылының тұрғыны

Жамбыл ауданы

Алматы облысы