"ШАРТТАРЫ ЖЕҢІЛ": БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ЖАҢА ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 18.08.2020
Оқылды: 1090
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі – "Шаңырақ" пилоттық жобасы арқылы баспана алу үшін өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Құрманғалиев «Жетісу медиа» ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында айттты.

Аталған бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленген. Сондықтан, әрбір қазақстандық бағдарламаның шарттарына сәйкес, баспаналы болуға толықтай құқығы бар.

Жиында Жасұлан Құрманғалиев пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 210 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінгенін, оның 90 миллиард теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне түскенін айтты.

–  Мемлекет басшысының тапсырмасына  орай жүзеге асып жатқан бағдарлама аясында шамамен 7-8 мыңдай отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең, жеңілдетілген заемды алу үшін бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына займ мөлшерінің 10 пайызынан кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинаулары қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін. "Шаңырақ" жобасының аясында жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан бастап 2010 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда әкімдік кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне әкімшілік кезегіне кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 101 мың 271 теңгеден аспауы тиіс. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңа соғылған үйлерден ғана алуға болады. "Шаңырақ" бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады, – деді баяндамашы.

Әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі Алматы қаласында 240 мың теңге, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 220 мың теңгеге дейін жетеді. Шымкент, Алматы қалаларының  маңындағы аймақтарда 200 мың теңгеге болса, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында 180 мың, ал  басқа өңірлерде оның ішінде, Талдықорған қаласында 160 мың теңге деп белгіленген.

Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу туралы және төлем қабілеттілігін бағалау жөніндегі өтініштерін 2020 жылдың 17 тамызынан 16 қыркүйегіне дейінгі аралықта тек қана hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұтынушыларына да, банктен салым ашып, тұтынушылар қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банк өкілдері бағдарламаға қатысатын азаматтардың назарына  негізгі 6 қадамды ұсынды.

1-қадам: www.hcsbk.kz банк сайтындағы "Қолжетімді тұрғын үй/"Шаңырақ" пилоттық жобасы бөлімі арқылы электрондық өтініш беру;

2-қадам: Банк сайтында өтініш берген күннен бастап 3 күн аралығында банк қызметкерінің қоңырауын күтіп, оған жауап беру. Ол несиелендіру шарттарыны мен бағдарлама талаптарын жіті түсіндіріп, өтініш тапсыру үшін сізді банк бөлімшесіне жазады;

3-қадам: Төлем қабілеттілігіңізді бағалау үшін құжаттарыңызды алып, банк бөлімшесіне белгіленген уақытта келу;

4-қадам: Займды мақұлдау жөнінде банктің оң шешімін алу;

5-қадам: Банк талаптарына сай, жеке құрылысшылардан жаңа тұрғын үй табу (сондай-ақ, "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ кепілдігі бар), сату-сатып алу немесе үлестік қатысу келісімдерін жасау;

6-қадам: Банктен заем алу!

Ең бастысы заемды алу үшін өтініш берушінің жинақ шотында несие көлемінің 10 пайызынан кем түспейтін тұрғын үй құрылыс жинағы болу керек. Әкімшілік кезегіне қай уақыттан бастап есепке тұрғаныңызды egov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан білуге болады.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан