"АРЫ-БЕРІ САБЫЛМАЙСЫЗ": АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТІН БАСТАДЫ

Уақыты: 27.08.2020
Оқылды: 1120
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Алакөл ауданының орталығы - Үшарал қаласында сервистік әкімдік өз қызметін бастады.

Бүгінде мемлекет дамуының және әлеумет әлеуетінің көтерілуіне кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту, сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздеген сервистік әкімдіктің ашылуына Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, аталған департамент жанында құрылған облыстық ақпараттық үгіт-насихат штабының төрағасы Серік Мұқанов арнайы келді.

Облыс бойынша тоғызыншы болып өз қызметіне кіріскен сервистік әкімдікте қазір Үшарал қалалық округі әкімдігінің аппараты, аудандық білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары орналасқан. Олардың міндеті жұрттың өтініш-тілектері мен тиісті жұмыстарына уақытылы және сапалы, ең бастысы, ашық форматта қызмет көрсету. Сонымен қатар, «е-gov» бұрышы арқылы да тұрғындар өздеріне қажетті қызметтерді ала алады.

- Жаңа сервистік әкімдік ашылғаны халыққа жақындықтың бір белгісі деп білемін. Себебі6 жұрт қала аумағында шашырай орналасқан мекемелерді араламай, ары-бері сабылмай, барлық жұмысын бір жерде аяқтай алады. Өте керемет бастама. Мен бүгін баламның мүгедектігі туралы анықтамаасының уақытын созуға келдім. Бұндағы қызметкерлер барлық сұранысымды толықтай орындап, аз ғана уақыттың ішінде жұмысымды тәмамдап берді, - дейді ақжарма тілегін ақтарған Үшарал қаласының тұрғыны Жанат Байсалова.

Артынша аудандық әкімдіктің мәжіліс залында Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері атқарған жұмыстарын пысықтау мақсатында жиын өтті.

Кездесудің шымылдығын ашқан Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев бармақ басты, көз қысты әрекеттердің ел экономикасына тигізер орасан зор кесіріне тоқталып өтті.

Келесі кезекте мінбер төріне көтерілген Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев жыл басынан бері жүзеге асқан жобалар мен атқарылған жұмыстар жайында сөз қозғап, қоғам дертіне айналған жемқорлықтың алдын алу – жалпыұлттық міндет екендігін жеткізді.

Аталған департамент жанында құрылған облыстық ақпараттық үгіт-насихат штабының төрағасы Серік Мұқанов өзінің талай жылғы қызмет барысында жемқорлықпен күрес ісінің қаншалықты өзгергенін және бұрынғы мен бүгінгіні салыстыруға келмейтінін тілге тиек етті.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы