"НЕГЕ СОНША ҚЫМБАТ?" СЕГІЗ БАЛАНЫҢ АНАСЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНА ШАҒЫМДАНДЫ

Уақыты: 28.08.2020
Оқылды: 1415
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қандай заманда өмір сүрсек те, өз қиындығы болатыны анық. Бірақ қазіргідей дамыған заманда қиындық аз десек, ар алдында өтірік айтқанмен тең болар еді.

Жер жаннаты Жетісу жері – еліміздегі ең бай өңірдің бірі. Ауылшаруашылығы өз алдына жақсы дамыған. Бірақ мұндай жағдай қарапайым халық үшін айтарлықтай пайдалы болып жатпағаны анық. Оған келтіретін дәлел де көп. Мәселен, азық-түлік бағаларының қамбаттауы бәріміз үшін оңай болған жоқ.

Сегіз баланың анасымын. Ай сайын мемлекеттен төленетін жәрдемақыны алып отырмыз. Бірақ бала күн сайын өсіп келеді. Оның ас-ауқатынан бөлек киімі, ойыншығы бар. Бірақ ол басқа тақырып. Мен біздің өңірдегі азық-түлік бағасына қатысты ойымды жеткізгім келеді.

Жетісу жерінде бірнеше кәсіпорын бар. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық қаншама?! Күнделікті тұтынатын ет, сүт, нан, макарон, көкөніс өнімдері облысымыздан өндіріледі. Аталған өнімнің ешқайсысы шетел асып келмейді. Бірақ тауар бағасы неге сонша қымбат? Өз қамбамыздан шыққан астығымыздың бағасын тым аспандатып тастағанымыз қалай? Барлық азық-түлік қымбат.

Мәселен, еттің келісі 2 мың 200 теңгеден 2 мың 500 теңгеге дейін сатылады. Ал қолдың сүті литріне 150-200 теңге. Бұл баға басқа біреулер үшін қымбат болмауы мүмкін. Алайда біз секілді қарапайым, қолы қысқа отбасылар үшін бұл үлкен ақша. Азық-түлік алсақ, киім алмай, киім алсақ, тамақ ала алмайтынымыз анық. Ары тартсақ та, бері тартсақ та қолды жоқшылық байлап тұр. Әйтеуір өлместің күнін кешіп жатқанымыз Жаратқанға аян. Өз өніміміздің бағасын тұрақтандырып, халықтың қалтасына салмақ түсірмесек екен.

Айжан САЯТҚЫЗЫ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан