"ҚАЙДАҒЫ АҚША?" АЛАЯҚТАР КҮЙЕУІ ҚАЙТЫС БОЛҒАН ӘЙЕЛДІ АЛДАП СОҚҚАН

Уақыты: 31.08.2020
Оқылды: 1315
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қарыз дегенді о бастан-ақ жақтырмайтынмын. Бала күнімізде әкем марқұм: «Қарызға жолағым келмейді. Ертең алй-бұлай болып кетсем, мойнымда қарыз болмауы керек. Ешқашан да қарызға жоламаңдар. Ал қысылып алған күнде де уақытында қайтарыңдар»,– деп үнемі айтып отыратын. Әке ақылын тыңдап өстік. Қарыз алсақ, құтылғанша асығамыз. Бірақ алмаған қаражатты алды деп айып тағып жатса ше? Мұндайда қайтпек керек?!

Үш баланың анасымын. Жолдасым өткен жылы өмірден өтті. Әйел адам үшін ер адамның жауапкершілігін арқалау қаншалықты ауыр екенін бәрі білер. Алайда Жаратқан нәзік жандыларды өте төзімді етіп жаратқанына көзім жетті.

Балаларымды адал еңбекпен асырап келемін. Қиналғанда жақындарым көмектесті. Ел ішіндеміз ғой, жанашырларым көп. Балаларым үшін мен барлық қиындыққа төтеп бере аламын. Алайда несие несібемнен айырды. Жұмыста жүрсем, бір банк қызметкерлері телефон соғып: «Қарызыңызды қашан төлейсіз? Сіз алған 600 мың ақшаны кім қайтарады?» – дегенде төбемнен жай түскендей күй кештім.

Абдырап: «Қайдағы ақша, не ақша? Мен ешқашандай да қарыз алмадым. Ол банктің табалдырығын аттап басқан емеспін»,– деп шыр-пыр болдым да қалдым. Содан қалалық әкімдіктен көмек сұрап бардым. Бірақ нәтиже болмады. Бәрінің жауабы: «Бұл мәселе біздің құзыретімізге қарамайды. Банк қызметкерлеріне барып жолығыңыз».

Банк қызметкерлеріне барсам олардың қолында менің барлық құжатым тұр. Тіпті, ақша алғаны туралы өтінішке қолым да қойылыпты. Сол құжатты көрген соң қолдан келер ештеңе жоқ екенін түсіндім. Егер өз аяғыммен барып, қаражатты қолға алып, бала-шағама бұйыртып бір дүние алсам, бұлай күймес едім. Ары қарай қудаласам, сотқа жүгіну қажет екен. Алайда олар қызметі үшін ақша сұрап отыр. Олай қудалайтын да жағдайым жоқ. Енді бостан-босқа қарыз төлейтін болдым. Айналып келгенде, алаяқтар менің атымнан несие алып, мені алдап соққан.

Мұндай қиындық тек менің басымда ғана емес деп ойлаймын. Алаяқтардың істері үшін қарапайым халық зардап шегетіні жаныма батады. Сол үшін барлық адамдарды алаяқтарға алданбай, аса сақ болуға шақырамын.

Мейрамгүл ІЗБАСАРҚЫЗЫ

Талдықорған қаласы

Сурет - ғаламтордан