"ҚАРИЯЛАР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР": БҮГІН - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ

Уақыты: 01.10.2020
Оқылды: 3049
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қариялар... Осынау бір сөзді естігенде көз алдымызға өмірде көргені мен көңілге түйгені мол жандар келеді. Өмірдің сан соқпағы із қалдырған маңдайындағы әжім біз үшін сүйкімді көрінеді. Сәкіге жайғасып, әңгіме-дүкен құрып отырған қариялар басымыздан сипап, ақылын айтып отыратын. Бар болса қалтасынан тәтті кәмпитін беріп, таусылып қалса, бала көңіліміз алабұртып, алдына отырып еркелеп, мауқымызды басушы едік. Бізге, балалар үшін, ақсақал деген қанша сұрақ қойсақ та жауабын білетін даналық иесі секілді көрінетін. Бұл пайымның дұрыс екеніне есейе келе көз жеткіздік.

Ауылдағы аулада қамшы өріп, кетпен-күрегін қайрап отыратын аталарымыз, жүн түтіп, ұршық иіріп отыратын әжелеріміз орны алабөтен қазынадай көретін. Кешкісін мал өрістен келген соң ата-әжелеріміз біздерге ертегі, қисса-дастандарды айтып, бір ғажайып әлемге сапар шектіретін. Әгарәки, ертегісі таусылып қалса, «Әже, ана ертегіні айтып беріңізші» деп қиылып, қайта-қайта тыңдай беретінбіз. Біз үшін ата-әжелерміздің ғажап үнін естудің өзі бір ғанибет еді.

Иә, өмір деген Қаратал өзенінің суындай тоқтаусыз ағып жатқанымен, судың жағасындағы жас шыбықтардың кемелденіп, жылдар өткен соң қурайтыны секілді, кеше ғана ортамызда жүрген қазыналы қарттарымыздан көз жазып қалатынымыз – өмір заңдылығы. Мұқағали ақынның өлеңі осындайда ойға орала береді. «Неменеге жетiстiң, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бiрi мiнiп келместiң кемесiне, Бiрi күтiп, әнеки, жағада тұр». Уақыт бір орында тұрмайды. Сынаптай сырғып өтіп жатқан өмірде дария кеуде, тау мүсін қарияларды көзі тірісінде құрметтейік. Жастарға қарияларды үлгі етейік. Ақын айтқандай, «Ақыл айтып жүрмесе қасымызда, Сонда орнайды жетiмдiк басымызға».

Бүгінде қарияларымызды қаншалықты құрметтеп жүрміз?  Қарттар күні мерекесінде білім ошақтарында, қоғамдық мәдени орындарда іс-шаралар өтеді. Әйтсе де, қарттарға құрмет көрсету бір күнмен шектелмеуі тиіс. Қарияларымызға қоғамдық көлікте орын беріп, кішіпейілділік көрсетіп жүрміз бе? Көшеде ілбіп кетіп бара жатқан қарттарды көлігіңізбен жеткізіп салсаңыз, зор сауап болмай ма? Бейтаныс қариялармыздың қолын алып амандасып, ақ батасын алғаннан жаман болған адам бар ма екен?

Ертеде қазақ даласында бір адам болыпты. Жас күнінде құлағы жақсы естіген екен. Жасы ұлғая келе қос құлағы естімей қалыпты. Бірде далада отырса маңырап қойлар келе жатады. Сонда қарт  отырып: «Ойпырым-ай, баяғының қойлары маңырап келуші еді. Қазіргінің малдары аузын ашып келетін болыпты», – дейді. Біз бұл мысалдан бүгін жас болғанымызбен, ертеңгі күні қарттардың сапына қосылып,  сау мүшемізден ақау шығып, көмекке мұқтаж, жылы сөзге зәру болып қалатынымызды аңғарамыз.

Ислам дінінде қарттарды қадір-леу уахимен бекітілген екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Жебірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды», – деген. Сондай-ақ, Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген. Демек, жасы үлкен адамды қадірлеу – берекенің артуына сеп болады екен.

Қазақ халқы қашанда жасы есейген адамдарды құрметтеген. Тарихқа сүйенсек, XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф.Фон Шварц: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді», –  деп жазады.

Қазіргі рухани құндылықтар таразысын материалдық байлық басқан заманда қарапайым қағидаларды орындауға қарекет қылдық па? Сананы тұрмыс билеген заманда қазыналы қарттарымызды сыйламақ түгіл, өз балалары үйіне сыйдырмай қарттар үйіне апарып тастағанын естігенде денең түршігіп, ауыр күрсінеді екенсің. Бұрын қазақ жерінде қарттар, жетімдер үйі деген болды ма? Есігінде құлпы, даласында түрмесі болмаған ата-бабалармыздың өркениетті қоғамына жете алмай жүрген жоқпыз ба?  Әйгілі Қашаған ақын: «Жетпістен жасы асқанда, сексенге аяқ басқанда, жастар елеп келмесе, келіп сәлем бермесе, күнде асыл кисе де, қартайғанда ер жетім», – деп қалай тауып айтқан десеңші?!

Қысқасы, біз ата-анамызға, қарттарымызға құрмет көрсеткенде ғана бақытқа қол жеткізе алады екенбіз. Ертеңгі күні біз қартайғанда балаларымыз бізге жақсы қарағанын қаласақ, біз де ата-анамызға құрметпен қарауымыз керек. 

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы