ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ: ҚАНИПА БІТІБАЕВА ОЙЛАП ТАПҚАН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ

Уақыты: 12.02.2021
Оқылды: 1532
Бөлім: РУХАНИЯТ

Технология – оқу үрдісін жандандыру мақсатында ұйымдастырылған, белгілі бір мақсатқа жұмылдырылған, алдын ала ойластырылған ықпал мен әсер. Оның тиімділігі, біріншіден, практикалық маңызында жатыр. Екіншіден, ол оқушыларды шығармашылық жұмыстарға баулиды, әр оқушының дербес ізденісін, қабілеттерін дамытады. Сол ізденіс негізінде олар белгілі бір өнімге қол жеткізеді.

Қанипа Бітібаеваның оқыту технологиясы – оқушылардың ғылыми ізденіске талпынуын, ал мұғалімнің жаңаша ізденіске бет бұруын талап етеді. Әдебиетті құзыреттілік тұрғысында оқытуда олардың тиімділігі ерекше болып табылады. Жобалап оқыту түрлеріне зерттеу, іздену, ғылыми жұмыстарға баулу, шығармашылық бағыт, ақпаратты жинау, жинақтау, сол бойынша презентация жасау, модельдеу, инсценировка, белгілі бір оқиғаны, кейіпкер іс-әрекетін бейнеге, бір сұлбаға түсіру жатады.

Жобалап оқыту технологиясында пәнаралық, пәнішілік байланыс маңызды орын алады. Жоба жасау үшін оқушыға бірнеше пәннен алған білімдерінің көмекке келуі, дүниетанымы, іскерлігі аса қажет.  Жобалап оқыту проблемалық оқыту әдіс-тәсілдерін басшылыққа алады. Оның басты себебі, жоба жасауда оқушылар алдында бір проблеманың шешімін табу мақсаты тұрады. Мысалы, «Қазақ тілі – ХХІ ғасырда», «Болашақ ұлт мектебі» жобалары жайлы осыны айтуға болады. Сондай-ақ, білімді жеке тұлғаға бағыттай оқыту технологиясы да амал-тәсілдерді жобалап оқытуда тиімді болып келеді. Өйткені, жоба жасағанда оқушыларға таңдау беріледі, өз еріктерімен топқа немесе жұпқа бөлінеді, жобаларын қорғауға, пікірлерін дәлелдеуге толық құқықты.

Қазір тәжірибеде кең пайдаланып жүрген жобалап оқыту технологиясында сабақ құрылымына мән беріледі. Жоба жұмысының кезеңдері мазмұн, оқушы, мұғалімнің іс-әрекеті, қорытынды, жүйелеу, сараптаудан тұрады.

Әдебиеттен білім беруде интерактивті оқыту технологиясының әдістері де өте тиімді. Ол, әсіресе, тіл дамыту үрдісінде белсенді іс-әрекет атқарады. Оған дебат, конференция, рөльдік ойындар жатады. Көбінде ауызекі сөйлеу түрі арқылы жүзеге асатын жұмыстар пайдалы болып келеді. Соның ішінде пікірталас дәстүрлі оқыту үрдісінде де тиімділігімен тәжірибеде кеңінен қолданылуда.

Б.ЕЛЕУСІЗОВА,

«М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы