АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БІР ТОП АДАМ "АБАЙ" МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 13.02.2021
Оқылды: 1236
Бөлім: РУХАНИЯТ

С.Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада бас қосқан руханият саласының өкілдері хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай аймағымызда атқарылған жұмыстарды сөз етіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры тарапынан ұсынылған Абай атындағы мерекелік медаль мен Алғыс хатын тапсырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев, «Абай» атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының жетекшісі Ермек Бейсембаев пен аталған қордың атқарушы директоры Аслан Ғафуров арнайы қатысып, руханият жанашырларын марапаттады. Шараны облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев жүргізді.

– Хакім Абайдың мерейтойын өткізуге орай облыс әкімінің қолдауымен жазба ақындар арасында мүшәйра жарияланып, оған 300-ге жуық ақын қатысты. Сол сөз бәсекесіне түскен ақындар өлеңдері жинақталып, «Адамзаттың Абайы» атты жыр жинағы баспадан шықты. Облыс делегаттары құнды кітапты ақынның туған жеріне жеткізіп, жырсүйер қауыммен кездесіп қайтты. Сондай-ақ, суретшілер байқауы, Абай оқулары, тағы басқа түрлі мәдени, әдеби шаралар ұйымдастырылды. Облыстық әкімдіктің қолдауымен Семейде Абай атындағы аллея ашылып, жұрттың ризашылығына бөленді. Осындай игілікті шарада белсенділік танытқан азаматтарға Мәдениет және спорт министрлігі мен халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының марапатын тапсыру үшін жиналып отырмыз, – деді Мәрлен Қапашұлы.

Әрине, осыған дейін біз Абай мұрасын дәріптеп келсек, енді Мемлекет басшысы айтқандай: «Қазақ руханиятын Абай арқылы насихаттауға көштік».  Бүгінде күллі қазақтың, тіпті, әлем руханиятының көшбасшысына айналған Абай мұрасы ел руханиятын өркендетудің бастамасына айналды. Бұл жайлы Ерлан Сыдықұлы:

– Өткен жылы Абай шығармалары оннан астам шет тіліне аударылып, оқырмандарына жетті. Ал елімізде ұлы ақынға ескерткіш, орта мектеп, колледж ашылып, саябақтар салынды. Халықаралық деңгейде де маңызды іс-шаралар өтті. Әсіресе, Президенттің тапсырмасымен өткен жыл Абай жылы деп аталып, Абай атындағы телеарна ашылып, жұрттың ықыласына бөленді.  Былтыр туып Абай есімін еншілеген сәбилерге арнайы стипендия тағайындалды. Қысқасы, атқарылған жұмыс ауқымды. Саралап көргенде ақын мұрасын ардақтауға елімізде жетісулықтардың ерекше белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Сол азаматтарды марапаттау үшін арнайы ат арытып келіп отырмыз, – деп айрықша атап өтті.

Мерейтойды ұйымдастыру мен өткізудің салмағы Мәдениет және спорт министрлігіне жүктелгенімен сол маңызды шаралардың нәтижелі атқарылуына халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры ерекше ықылас танытып, белсене атсалысты. Бұл жайлы кеңінен тоқталған Аслан Ғафуров осы жолғы марапатқа ұсынылған үміткерлердің абайтануда сіңірген еңбегі мен мерейтойды атап өтуге қосқан үлесіне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Сондықтан әрбір марапат өз иесін тапты деп айтуға болады.

Бұл қатарда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры тағайындаған «Абай» атындағы медальге жетісулық ақындар мүшәйрасын ұйымдастырып, «Адамзаттың Абайы» атты тарихи жинақтың шығуына көп еңбек сіңірген ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, сол мүшәйрада бірінші орынды жеңіп алған ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, «Абай» спектаклінде Абай рөлін сомдаған Б.Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Базарбек Тоқымтаев және Абай бейнесімен жұрт жүрегінен жылы орын алған Б.Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Сағындық Жұмәділов, «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты танымдық, философиялық туынды жазған автор Досым Омаров, Абай мұрасы жайлы 200-ден астам хабар түсіруге мұрындық болған облыстық «Жетісу» телеарнасының продюсері Гүлжан Қызайбай, мектеп оқушылары арасында Абай оқуларын өткізіп, жақсы нәтиже көрсеткен ұстаз Бақыт Садықова, шығармашылық ұжымдардың Абай мұрасын насихаттауына бастамашы болған облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ермек Доланғаранов, облыста өткен барлық шараның бас жобалаушысы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев бар. Сонымен қатар, бір топ азаматқа Мәдениет және спорт министрлігі мен «Абай» қорының Алғыс хаты тапсырылды.

Халқымызда: «Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат» деген нақыл бар. Соңында марапат иелері сөз алып, жүрекжарды ойымен бөлісті. Сол қатарда Әміре Әрін: «Абай бүгінде тек қана қазақтың Абайы емес, бергі жағы түркі әлемінің, арысы күллі дүниенің рухани көшбасшысына айналды. Америкада өлеңі оқылып, Жапонияда әні шырқалса, Еуропада  музейлері ашылып, өмірі насихатталса, одан артық қазақ халқында бақыт бар ма?! Осы ретте Абайды насихаттай білген замандастарыма алғыс айтқым келеді», – деп сөзін қорытындылады.

Марапаттың сан түрі бар. Бірақ Абай мұрасын нәсихаттауға қосқан еңбектің жөні бөлек. Өйткені, Абай мұрасы қазақ руханиятының келешегімен бірге тыныстап, мәңгілікке бағыт ала беретіні сияқты аталған марапаттың да өміршең болатындығы анық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы