4-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ МҰҚАҒАЛИ ЖЫРЫНАН ЧЕЛЛЕНДЖ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Уақыты: 13.02.2021
Оқылды: 1418
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы №17 орта мектептің 4 «ә» сынып оқушылары Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай жыр челленджін ұйымдастырып, ақынның туған жер, Отан тақырыбындағы өлеңдерін жатқа оқыды.

Бастауыш сынып мұғалімі Роза Мыңбаеваның ұйытқы болуымен өткен жыр бәйгесіне оқушылар белсене қатысты. Олардың ақын өлеңдерін нақышына келтіре, толқып тебірене оқуынан әдебиетке бейім болып өсіп келе жатқандығын аңғаруға болады.

– Балалардың туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, тіл, әдебиетке құмартып өсуіне осындай шаралардың себеп болары сөзсіз. Осы орайда ақындардың туған күні, мереке кездерінде ашық сабақтар мен сынып сағаттарын өткізіп, оқушылардың бойына жақсылық пен ізгілік дәнін себуге мейлінше көңіл бөлеміз, – дейді Роза Дүйсембайқызы.

Отыз жылдан астам білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздың жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі ерен, тағылымы зор. Оқушылардың да өзінің анасындай шуағын төгіп тұрар ұстазға деген құрметі шекіз.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы