ЖАМБЫЛ-175, МҰҚАҒАЛИ-90: ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚОС КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 21.02.2021
Оқылды: 461
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл қазақтың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 175, мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды. Қос алыптың мерейтойына орай облыс орталығындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында рухани шара шымылдығын түріп, белгілі ғалым, жазушы Уәлихан Қалижанның «Жамбыл», ақиық ақынның орыс тілінде жарық көрген «Возвращение ласточки» кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.

Рухани шараның алғашқы сөзін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев алды. Ол қазақ шешендік өнерінің текті жалғасын танытқан, бекзат өнер айтысты шырқау шегіне жеткізген, жыраулық дастанның жарқын үлгісін танытып, өлең түрленткен Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы тебірене әңгімеледі. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың жуан ортасында жақұт жырларымен танылып, исі қазақтың жүрек төрінен орын алған ғажайып ақын Мұқағали Мақатаев туралы да ерекше атап өтті.

Өз кезегінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, ғалым Уәлихан Қалижан,Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, Қазақстанның Құрметті журналисі, қаламгер Жақыпжан Нұрғожаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев «Жамбыл» және «Возвращение ласточки» кітабының тұсаукесер рәсімін өткерді.

Шара барысында «Жамбыл» роман-этюдінің авторы Уәлихан Қалижан сөз алып, туынды жайлы аз-кем ақпар берді. Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатын оқып берді. Өз кезегінде белгілі журналист Жақыпжан Нұрғожаев сөз алып, Жамбыл мен Мұқағалидың ұлттық көзқарасын, ұлылығын, ғажайып шығармашылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлы да қос тұлғаның ғажайып шығармашылық ғұмырбаяны туралы сүбелі әңгімені ортаға салды. Мұқағали Мақатаевтың жырларын орыс тілінде тәржімалап жүрген ақын, аудармашы Орынбай Жанайдаров тұсауы кесілген «Возвращение ласточки» кітабы туралы ақпар берсе, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова Мұқағалиға арнаған өлеңін оқып, ұлтым деп өткен қос тұлғаның рухты жырлары Мәңгілік Елдің рухани азығы екенін атап өтті.

Қазақ поэзиясының бір-бір асқар тауындай қос тұлғаның мерейтойына арналып шығарылған, оқырманға жол тартқан толымды еңбектердің тұсаукесер кешінің соңы облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы