БЕКСҰЛТАН НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫНЫҢ ТАҒЫ БІР ЖАҢА КІТАБЫ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Уақыты: 21.02.2021
Оқылды: 1135
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті қаламын саусағына қапсырған мезгілден бастап бүгінгі сеңгірлі сексен жасына дейін от жүрегінен ұлтқа керек жауһар қазына қотарды. Мәңгілік мәнге ие әйел әлемін әуезді де әдемі бедерлеп, ұлы ойлармен астастырып, ұтқыр баламалармен, кесек көріністермен айшықтай отырып, қазақ әдебиетінде тың жатқан ұлы өріске өзіндік сөз сарайын салды. Ертегінің еліне саяхат жасаған жанша қоғамдағы түрлі тағдыр иелерінің татқан мехнаты мен шерін, жұтқан уы мен балын, қуанышы мен мерейін асырған себезгі, сейдің шақтарын да оның қаламы арқылы танып-біліп, ғажайып шығармалары арқылы жанға қуат дарыттық. Әлемнің барша жауһар шығармаларын түгесе оқып, сарқа сараптап тастаған сонау жастық шағында-ақ  оның болмысы бекзат тақырыпты мәңгілік шығармаларына арқау еткеніне таңданасың. «Бір өкініш, бір үміт», «Ерлі-зайыптылар», «Күтумен кешкен ғұмыр» сынды ғажайып романдарымен-ақ исі қазақтың жүрек төрінен тақ сайлаған талант-тақсырының шығармашылық ғұмыры жайлы бір сәт ойланғанда, осындай тебіреністің тәтті әуезімен ырғала бусандық. Бұла сезімнің бұлақ-бастауына айналған әрбір шығармасының мәні мен мазмұнын ғажайып өреде айшықтап, сұлу баламалармен асқақтата атап шықпасақ та бір ғана Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ деген ныспының өзі Алаш жұртын елең еткізер ұлы махаббаттың нышаны екенін айтпасақ та, аңдауға болады деп топшыладық.

Рас, бекзат болмысты Бексұлтан Нұржеке-ұлын күллі қазақ оқырманы сүйіп оқып, асқақтата төбесіне көтеріп келеді. Жазушының әр жылдары баспа бетінен жарық көрген жауһар дүниелерінен тартып, қоғам құбылысы, заман тынысына, уақыт бетбұрысы мен өзгерістеріне қарата жазылған мақалалары, публицистикалық еңбектері өзі ойлы оқырманның сусағанда сімірген ақ нәріне айналды.

Ақ қары аспан мен жерді тұтастырған ақпан айында от жүрегін тулата өмірге келіп, бүгінде 80 жастың серіппелі шанағынан серке күй түлеткен тұғырлы тұлға, классик жазушының қасиетті қаламы әлі де жауһар туындыларды зейіні зеңгір оқырманға ұсынып келеді. Оған соңғы бір 5 жыл көлемінде жарық көрген қосы бірдей ғажайып кітап: «Әй, дүние-ай» романы мен «Қазақ батырлары» жинағы дәлел болмақ.

Ұлт-азаттық көтерілісінен қазақ тәуелсіздігінің арайлы таңы қылаң берген шаққа дейінгі тұтас бір ғасырға жуық сүрлеуді, сүргінді дәуренді суреттейтін «Әй, дүние-ай» романы көпшіліктің ықыласына ие болған туынды екені жасырын емес. ҚР Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма өзінің бай мазмұнымен, жазушының ерекше суреткерлігімен, тілдік жауһарымен, композициялық құрылысы таңдай қақтырғаны рас.

Бұл тұрғыда  көрнекті жазушы Дулат Исабеков: «Бексұлтанның «Әй, дүние-ай романын» аса жоғары бағалаймын, әрі осындай туындының өмірге келгеніне ризамын. Бұл романды бірнеше мәрте қайталап оқып шықтым. Әлемдік Нобель сыйлығына ұсынылған шығармалардың бәрі осы биікте ғана», - дейді бір сұхбатында. Расында, М.Әуезовтің там-тұм естеліктер мен тарихи дәлелдер келтірген «Қилы заман» романынан кейін, тарихи мазмұны бай, дәлелдер мен ақтаңдақ ақиқаттарға толы әрі көркем, әрі ғажайып суреткерлікпен жазылған «Әй, дүние-ай» романы Б.Нұржеке-ұлының қалың оқырманын еселей түсті.

Жазиралы Жаркент топырағынан тамыр алып, Ұлы Даланың тұғырлы еменіндей еңсе тіктеген жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлының жақында тағы бір кітабы баспадан жарық көрді. Ол – тарихымызға қосылған ұлы қазынадай болып көркем баяндалған, әдеби хикаялар мен әңгімелер арқау болған, мазмұнды публицистикалық һәм тарихы деректемелік шығармалар енген «Қазақ батырлары» кітабы. Оқырманға жаңа жол тартқан осынау кітапты біз де қолға алып, тамсана тілшелеп түгестік. Тебірендік.

Тебірене келе «Қазақ батырлары» кітабын айшықтауды мақсат тұттық. Ендеше, ұлы тарихымыздың тұтас ұлы тарауы арқау болған туындылар тізбегіне зер салайық.

Классик жазушының мерейлі жасының қарсаңында қалың оқырманға жол тартқан аталмыш кітаптың алғашқы шығармасы – «Атажау» тарихи хикаясы. Бұл хикаяға қазақ пен қалмақ халқының үш ғасырға ұласқан жаугершілік кезеңіндегі айшықты оқиғалар, сұрапыл шайқастар арқау болған. «1634 жылы қалмақтың шорос тайпасынан шыққан Қара-Құла тайшы қайтыс болды. Қазақтар оны Қарақал дейтін. Оның үлкен ұлы Қотақасын қалмақтың басын біріктіріп, Ерден Батыр қонтайшы деген атпан таққа отырды. Сөйтіп, Жоңғар хандығы деген атпен тұңғыш қалмақ мемлекеті құрылды» – деген жазушының тарихи көркем дерегі һәм анықтамасымен басталған «Атажау» хикаясы бірден өзінің иіріміне тарта жөнеледі.

Одан әрі Шығайдың баласы Есім ханның алғырлығы, сұңғыла саясаты, Арқастың аңқайында тұтқын болған Жәңгірдің хәлі бірден хикаядан өзгеге бас бұрғызбай, тек шығармаға іңкәр ете түседі.

Басбағып келген жаудың тұтқынына түскен Жәңгір сұлтанның хәлі қазақ халқының намысына шоқ боп тиген-ді. Әсіресе, ел мен жердің қамы үшін ұлы іңірде іркіліссіз ой сорабына салынып, халқының жайын күйттеп, тұғырлы тағында емес, жортуылды жол өткеріп жалы қалың күлік жонынан бір сәт түспеген Еңсегей бойлы Ер Есімге бұл хабар ауыр тиеді. Намыстан жамалы нарттай қызарған хан, ділмарлар мен бектерді, билер мен қолбасшыларды жиып, тұтқындағы сұлтан тағдырын ойталқыға салады. Ақырында, Есім хан Қарасай батырға бұл тығырықтан шығар жолды тап деп оңашада тілек білдіреді.

Анталап келген жауды ауыздықтап, сегізкөзін сырқырата соққы берген, шүңет көзінен қан ағызып қырғын салған Есім хан қансырап жүріп айласын асырып кеткен жауына таңданды һәм кектенді. Алайда, қалмақтар жатағында темір кісенде қалған сұлтанды құтқару Қарасайға жүктелгенімен, біз де хикая желісі бойынша мазмұндап отырғанымызбен, жазушы бұл аралықта қазақ хандығының арғы-бергі тарихын көркем суреттегенін қаперде ұстау керек-ті.

Тіпті, біз көп естімеген тарихи деректемелерді келтіріп, тұтас шежіремізді хикаяға түзеді. Соның біріне, жалқы бір тебіреністен туған жазбаға зер салайық: «Бүкіл қазақ бір атадан тараған халықпыз. Өз атасы Анарыс деген кісіні шешесі еркелетіп Арыс атап кеткен екен. Аса ірі, дәу кісі болса керек. Дәу біреуді көрсек, арыстай азамат дейтініміз содан. Со кісі сырт елде білім алған, елді іліммен басқаруды мақсат еткен адам болыпты. «Ақыл бійлемеген тоқтық аштықтан жаман», – депті бабамыз. Алты баласы «Алты Арыс» атаныпты. Ақ және Пан деген екі үлкені қыс кезінде Хантәңірінің етегінде жылқы күзетінде жүріп үсіп өліпті. Сірә, қарлы боранда адасып кетсе керек. содан екі ағайынды өлген айды «Екі ағайынды» деп атап, кейін «Ақ және Пан өлген ай» деп жүріп, ол айды «Ақпан айы» атап кетіппіз. Арыс бабамыз ұлдарын екі-екіден еншілеп, Ақ пен Пан ауылын үлкен, йағный «Ұлы йұзы», – Ақ Арыс ауылы деп; ортаншы балаларын Жан мен Болды ауылын «Орта йұзы», – Жан Арыс ауылы деп; ал кіші балаларын Бек пен Балдың ауылын «Кіші йұзы», – Бек Арыс ауылы деп еншілепті. Және жәй еншілемей, екі үш ұлы өліп, төртеуі қалған кезде бір-бірімен ауыз бірлікте болыңдар, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп тәлім беріпті».

Бексұлтан Нұржеке-ұлының ғажайып шығармасында осындай деректемелер, аңыз бен ақиқат астасқан шежіреміздің негізгі түбірі іспетті мәліметтер көптеп ұшырасады. Есім сен Тұрсын хандардың қақтығысы, сол дәуірдегі қазақ хандығының ішкі-сыртқы ахуалы көркем баяндалған шығарма жүлгесіне ойыссақ, Қарасай батыр жанына серік етіп Ағынтайды таңдап, екеуі ұзақмерзімді жоспардың, жіті барлаудың арқасында басбағып барып жоңғар жатағына енеді. Суан (Жазушы шығармада «Сұуан» деп жазады) Солтанғұл қарттың қырғыз құдасы Бұурайкенің ақпары ақиқатқа айналып, қалмақ қонысын тез тауып, ішкерлей енген қазақтың қос батыры әуелі Батыр қонтайшыны естен тандырып, Жәңгірді тұтқыннан босатып, онымен қоймай еріне елеңдеп түзге шыққан Батырдың сегіз қатынының бірі Ахайды қонтайшының қарындасы екен деп өңгеріп кетеді. Міне, осындай мазмұн желісінде басталған «Атажау» романы бірден адамды өткен дәуірге жетелей түседі. Сұңғыла хан мен сақсырына қан толса да халық үшін аянбай ұлы істер атқарған қазақ батырларының рухы, болмысы, асқақ тұрпаты шығармада көрініс беріп, оқырманға рухани ұлы күш құяды.

«Екі-ақ адам келіп, қалмақ ордасының қақ төрінен мені ың-жыңсыз алып кеткені, шынымды айтсам, әлі маған ертегі сыйақтанады. Мені күзетіп тұрған қарауыл екен деп, Қарасай батыр түзге отыруға шыққан қонтайшының өзін қылғындырып талдырып кетсе; күйеуім неге кешікті деп, артынан іздеп шыққан азай тоқалын Ағындай батыр қонтайшының қызы екен деп, арқалап әкеліп отыр. Болар іс болып бітті, бірақ осыны ұйатқа қалмайтындай қылып қалай айақтаймыз?! – деп тебіренеді Жәңгір сұлтан қазақ қонысына аман оралып, отаулы үйде кеңес құрғанда. Б.Нұржеке-ұлының сұлтан аузына салған бұл сөзінің өзінен-ақ, қазақ батырларының ел намысы үшін басын бәйгеге тіге білгенін, ұлы жорықтарда жалғыз өзі ұлы мұрат жолында ғажайып ерлікке нышандас іс тындырғанын аңдауға болады.

«Ал бүкіл үйсіннің түп нағашысы – арғын Аспар деген кісі, Ұмай атты енеміздің әкесі. Арғын – үйсінге әрі аға, әрі нағашы.» – дейді Б.Нұржеке-ұлы атылмыш хикаяда. Осының өзі біз үшін жаңа ашылған тарихи құнды дерек болғанын жасыра алмаспыз. Тағы бір қайталайық, міне, осы сарындас деректерге толы «Атажау» шығармасы қазақ әдебиетіндегі тарихи туындылар ішінде шоқтығы биік жазба екені, кітап қалың оқырманның қолына жеткенде жоғары бағасын алатыны ақиқат. 

Қадари-халдің жеткенінше көркем баяндап, шығарманы айшықтап отырған соң, әрбір кейіпкердің туындыдағы тағдыр-сорабы оқырман үшін қызық болары сөзсіз. Сондықтан, негізгі тақырыбы, алтын өзегі – Орбұлақ шайқасы болған осынау хикаядағы бірқатар кейіпкер тағдырына тоқталып, шығарма желісіне ойысайық. Ең сүйікті қатыны Ахайды алып кетіп, онымен қоймай өзін талдырып масқара еткеніне, жымын білдірмей келген екі-ақ адам сұлтан тұтқынын босатқанына Батыр қонтайшы намыстан өлердей болып булығады. Ол шақта қатынын қанша іздесе де қазақ жерінен таппасын деп Бұурайке қырғызбен қосып жіберген қазақ қолы қамсыз еді...

Қазақ аманат еткен Ахай тағдырына қырғыздар қылаудай да қиянат жасамады. Қылдай қысастық көрсетпеді. Алайда, 6 жыл Ахайдан, тоқалының ішінде кеткен перзентінен айырылған Батыр қонтайшы осынау аттай жылдар жүлгесінде тұтас қалмақ тізгінін тақымына басты. Сан рет сүргін салып, қазақ пен қырғызға маза таптырмады. Сондай соғысты жазушы «осы қалмаққа не жетпейді» деген сұраулы оймен тебіреніп жазады. Сап түзеп келген сарбаздарының саны сиреп, сан рет қазақ қолынан оңбай жеңілсе де ақиқатында қалмақтың қазаққа деген өшпенділігінің шегі жоқ еді-ау. 

«Атажау» хикаясының тақырыбының өзі андағайлап тұрғаны белгілі. Ақиқатында, «атажау» болған қалмақтар әрбір қазақ батыры мен азаматына оңдырмай қысастық көрсетіп, шайқастың басым көпшілігінде жеңілгенімен, түптеп келгенде Алаш асылдарына қасірет шектірді. Оны мына бір жазба арқылы танып-білуге болатындай: «Талай! Қазақ сенің әкеңді де өлтірген жоқ, шешеңді де өлтірген жоқ. Ана оң қолыңды ұстап тұрған Ұзақ батырдың шійеттей екі інісі мен екі қарындасын он екіде бір гүлі ашылмай тұрған бала күнінде найзаға шаншып сен өлтірдің. Ол үшін сені жазалай алмадық. Мына сол қолыңды байлап тұрған Қазақтың Қарасай батыры мен сол айағыңды байлап тұрған Ағынтай батыры Жәңгір сұлтанды тұтқындап әкеткенің үшін  әлі сені жазалай алмай жүр еді. Қара Ертісте қалың найманды кәрі демей, жас демей жазықсыз қырдың. Ол үшін де жазаңды әлі тартқан жоқсың. Оң айағыңды Табайдың талай рет малын тартып алдың, бір ағасын, екі бірдей інісін өлтірдің, ауылын да шаптың, ағайындарын да қырдың, соның бәрі сұраусыз дедің бе? Кәне, айтшы, осыншама өшігетіндей біз сенің кіміңді өлтірдік? Сен тіріде бізге тыныштық жоқ екеніне әбден көзіміз жетті. Сол үшін, байағыда Қара Ертістің бойында қашып құтылғаныңда айтқаным айтқан, сені төртке бөліп бұтарлап өлтіремін! Дүнійенің төрт бұрышында да саған орын жоқ. Бұдан былай қазақ жеріне басып кірген қалмақтың бәрін өстіп төртке боршалап жазалаймын. Апарыңдар! Анау тұрған төрт талды іиіп, айақ-қолын соған байлап, жібере салыңдар! Адам үшін ең үлкен ұстаз – өлім!». Бұл Еңсегей бойлы Есім ханның уақытында болған оқиға һәм ханның қаһарлы пәрмені еді. 

Ажал тағаты жетіп жарық ғаламнан жанар тайдырған Есім ханнан кейін қазақ іштей ыдырап, қасиетті хан тағы бос қалды. Сол аралықта қалмаққа ұран шашып, тайшылардың тағдырын тоғыстырып, бектерінің басын біріктірген Батыр қонтайшы 50 мың  әскерімен қазақ-қырғызды ауыздықтауға аттанып үлгереді. Алты жыл аңсарына айналған Ахай тоқалы, жамалын бір көрмеген баласы салдарынан намысы кеткенін ескеріп, алдымен айырқалпақтылардың жеріне көз алартты. Сөйтіп, Жетісудың оңтүстік-шығыс шебінен лап қойған жоңғар жасағы ілгерілей жылжып Талғарға таянып, жолдағы қазақтарды қансыратып, қызын күң, ұлын құл, тұғырлы тұлпарын қазына ете жүріп қырғыз басына қара бұлт қаптатты. 

Мұздай құрсанған қыли көз, шүңет жанар жаудың ентелеп келгенін сезіп-біліп отырған Бұурайке бастаған 10 мың қырғыз қолы қалмақпен бетпе-бет келді. Басында жекпе-жек күш сынасты. Белдесті. Бұурайкенің балауса ұлынан өзге перзенттері жаппай шайқаста шейіт кетті. Қырғыз жусады. Алатаудың ақ төсін емген екі жауының бірін жайратқан қалмақ әскері ендігі нысанасына қазақты алды. 

Қарқара жайлауында ұйлығып бір ай жатып, жолай шапқыншылық жасай жүріп жер-суы шұрайлы өңірлерге қоныстанып, демала жүріп қырғыздарды бағындырған қамақ жасағының найза ұшы қазақ сахарасына бұрылды. Дегенмен, жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы хандығы босап, қарашасы мен батырлары бытырап жүрген қазақ халқының жан шақырып, анталаған қалың жауға қарсы айла-шарғы құруға да қалмақтардың салқам басып, самарқау жүріп ұрыс салғаны оң болғанын ашып көрсетеді. Бес түмен қолмен, дүниені төңкерер күшпен келіп асықпай ұрыс салуы – қалмақтың қателігі еді.

...Иә, ұлы тарихымыздың ең ірі шайқастарының бірі – «Орбұлақ» шайқасы екені анық. Қасиетті жазбамыздың шаңсіңді беттерінде жатқан жерінен Бексұлтан Нұржеке-ұлы осынау оқиғаны тірілтіп, санамызға сіңірді. Жазушының қайсарлығымен, көрегендігімен һәм тарихты түптеп білуімен тірілген, жалпыхалықтың рухымызды асқақтатар осынау ғажайып ерлікке толы шайқасқа арналған «Атажау» хикаясының негізгі алтын өзегі де, нілі де алапат айқастың нақ өзі. Сондықтан да, туындының ең негізгі шырқау шегі – Жәңгір сұлтанның Жалаңтөс батырға хабаршы етіп қарындасын жіберіп, қазақтың Қарасай, Ағынтай, Елтінді, Ұзынмұрт Ұзақ батырлар мен найман Көксерек, Албан Шоған абыздың хас батыр балалары сынды (есімі белгілі көп батырды атамадық) ержүрек қолбасшылардың 600 ғана әскерді  жиып, оқпана қазып, 50 мың ойратты ойсырата жеңуінде! Жазушы бұл қаһармандыққа толы айқасты салқамдықпен суреттейді. 

Анталап келген жауды ауыздықтай алмасын білсе де, бір шөкім топырақты жат табанға мәңгі тастамауды мақсат еткен Жәңгірге Елтінді мен Ұзынмұрт Ұзақ батырлар ақыл қосып, бүгінде «Орбұлақ» аталып кеткен тау сілеміне алып барады. Сөйтіп, аз қолмен жаудың түменін түте-түтесін шығаруға болатын табиғат сомдап берген бекініске жауды алдап алып келіп, қиындықпен қолға түсірген мылтық һәм садақпен жау жасағын жусатып, қазылған оқпанаға жаудың қызыл қанын толтыра ұрыс салады. Әрине, біз бұл арада ғажайып шығарманың рухқа бұла күш құятын ғажайып көріністерін, жазушының хас шеберлігімен көз алдыңа келер әрбір қазақ батырының асқақ тұрпатын, қажырын, қайратын, қаһармандығын бидай басын сындыра жеп желіген тұлпардай желе-жортып жазып отырмыз. Әйтпесе, Жалаңтөс баһадүр Самарқаннан 20 мыңға жуық қол бастап келіп, онсыз да бір түменін тажал тырнағында қалдырған ойратты одыраңдатпай қуып шыққаны, салқамдықпен қазақтың 600, қырғыз батырлары бастап келген 100, жалпы саны жеті жүз-ақ сарбазбен самсаған қолды жайратқан Жәңгір сұлтанның рухын, айбынын толғап отырсақ, онда көшқұлаш жерге көсіліп кетеріміз аян. Дегенмен, қалың қол бастап келгенше қалмақтың өр еңсесін басып, шеріктерін қынадай қырған Салқам Жәңгірге Жалаңтөстің тебірене тамсаныс білдіргенін жазушы былай деп жазады: «Азбын деп саспаған, көптен қорықпаған, жаны қысылғанда да сабырын сақтаған салқам бауырым-ау, бармысың? – Бармын, батыр аға. Өз айтқаныңызды еске алып, алыстан әдейі шақырттым. Айыпқа бұйырмаңыз. Әкем өлгенде айтқансыз: «Өз жаның қысылса, әкеңнің арыуағын шақыр; еліңнің жаны қысылса, алыстағы мені шақыр!», – деп. Сізді көріп, жау қашты. Жеңіс сіздікі. – Жоқ, жеңіс біздікі! Әскерің қанша? – Жеті жүз. – Жеті жүз? Мына қырғынды жеті жүз жауынгермен жасадың ба? Апырмай, қалмақтың өлімінен қара жер көрінбейді ғой. Жақындап қарайыншы. О-о! Қаһарманым-ай!». Жалаңтөс пен Салқам Жәңгір арасындағы осынау диалогтың өзінен-ақ, Алаш жұртының ұрпақтан-ұрпаққа ауысар рухының айбары, бұла күші, ақ қайнары «Орбұлақ» шайқасы сынды ғажайып оқиғалар екенін аңдап, аталмыш шайқас әлем тарихында теңдессіз шайқастардың бірі болып қалатынын пайымдауға негіз бар. 

Негізінде айбарлы бабаларымыздың батырлығы біз жабайы жылқыны қолға үйретумен асқақтады деп пайымдап келдік. Тұтас тарихымыздың негізіндегі ұлы жаугершілік соғыстарда біздің басым түскеніміздің түпкі төркінін ат үстінде айқас салуға алып келіп тіредік. Алайда, «Орбұлақ» шайқасы туралы жазылған Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Атажау» тарихи хикаясын оқыған адам, қазақ батырларының, айбарлы қандарының соғыс стратегиясын да жетік меңгергенін аңдауға болады. Мәселен, «Орбұлақ» шайқасында жауды жер қылып жеңгеннен кейін, соғыс алқабын көріп шыққан Жалаңтөс баһадүрдің тебіренісін жазушы былай суреттейді: «Қолайлы жерді қалай жақсы таңдағансыңдар! – деді Жәңгірді көзімен аймалап. – Телегей күшті терең ақылдың қалай жеңгені ап-айқын көрініп тұр. Жер жарықтықтың ыңғайлысын-ай! Ыңғайлы жерді таба білген тарландарым-ай! Бізсіз де берілмейтін екенсіңдер» – деген сөзді суреткерлікпен салады. Міне, осы бір батыр толғамынан-ақ қазақ халқының ұлы ұрыстарда айбыны асқаны айбарлылығымен қоса ақылдылығынан екенін аңдауға толық негіз бар.

Жалпы, қаламның ұшын бөкенжеліске салып, жалпылама қысқаша баяндағанда осындай мазмұндағы «Атажау» хикаясы – төл тарихымыздың таңбаланып қашалған ұлы оқиғаларының бірі һәм рухтысы «Орбұлақ» шайқасына арналып, ұлы батарларымызға қойылған жауһар ескерткіш екені даусыз! Жазушының тілдік қуаты, көркем баламалары мен хас суреткерлігі тұрғысында айтудың өзі артық; классиктың аты – классик емес пе?! Ендеше, күллі қазақ халқының жүрегінен орын алған көрнекті қаламгер, ғажайып суреткер Бексұлтан Нұржеке-ұлының бұл шығармасы да көпшілікті дәл біздей тебірентеді деп сенеміз.

«Қазақ батырлары» кітабына тағы бір ғажайып шығарма енген. Ол әлбетті, тамырлы тарихымыздың тұтас бір ғасырын қамтыған «Әй-дүние-ай» романы. Өз уақытында бұл ғажайып роман туралы теберене термелегенбіз. Шәйі қыздың тағдыры арқылы тұтас тарихымыздың бір ғасырын қамтыған бұл туынды мемлекет тарапынан да, халық тарапынан да жоғары баға алды. Одан өзге, «Мүденің қатыны», «Айрықша жекпе-жек», «Ағынтай батыр», «Дана батыр», «Қаһары қатты Қабанбай, «Бұқар жырлаған батырлар, «Бөдес батыр және оның ұрпақтары», «Ырайымбек батыр», «Ырайымбек батырдың серіктері», «Бөлек батыр», «Аралбай батыр», «Алатау батыр – Есім ханның хас батыры, сардары», «Қасым аға ақылды батыр еді», «Ұзынмұрт», «Ұзынмұрт Ұзақ батыр», «Жәңгір хан және Қарасай батыр», «Он алтыншы жыл», «Албан Хангелді батыр», «Хангелдінің ақыл жемісі – Ырайымбек», «Әбілқайыр хан батыр», «Наурызбай батыр», «Қостан батыр», «Албан Тазабек батыр», «Аңырақай жеңісі» сынды толымды еңбектер енген «Қазақ батырлары» кітабы шын мәнінде ұлттық руханиятқа, тамырлы тарихымызға қосылған асыл арна.

Жоғарыда атап өткен көптеген шығарма көркемдік, суреткерлік жағынан жоғары әрі тарихи дерекке бай.  «Атажау» хикаясы мен «Әй, дүние-ай» романынан бөлек 24 туынды енген кітаптағы бір ғана «Мүденің қатыны» әңгімесін атап өтсек деп отырмыз: Тұман хан өз баласы Мүдені арандатады. Аманат болып жау қолында жүрген ұлының жарық ғаламнан жанар тайдыруын ойлады ма, сол елге найзасының ұшын тіреді. Тұман мұны біліп істеді. Ымырадағы қос елдің бірі соғыс ашса, міндетті түрде аманаттағы адамның басы алыну керек. Әкесінің қалың қолмен тигенін, енді өз жанының аман қалмасын білген Мүде жау жатағынан сытылып шығып, хан тұлпарын мініп кетеді. 

Мүденің тірі келгенін көрген Тұман хан баласының ызбарлы жүзін көріп әрі қаймығып, әрі тайсақтайды. Айыбын мойнына алып бір түмен сарбазды сыйға тартады. Мүде 10 мың қолды өз дәргейіне қаратқан соң, оларды хас сарбаз етуді ойлайды. Күн жаттығады, түн жаттығады. Мүде қорамсаққа оқ салып, оны адырнаға бекітіп, бір тіршілік иесін нысанаға алады. Жазықсыз жанды жайратуға бірқатар сарбаз жүрексініп, көбі адырнасын шірене тартады. Нысаналы тіршілік иесі жарық ғаламнан жанар тайдырады. Аңтарылып қалғандарды бұйрыққа қарсы шықты деп басын алады. Жаттығудың бір кезеңінде Мүде әскер басын, ғұндар үшін ең ұлы күш болған жылқыны яки жау ханынан татып алып келген күлігін, кейін өз әйелін нысанаға алады. Үш нысана жер құшады. Бұйрықты орындамағандардың алғашқыда басы алынса, кейін мұнан сабақ алған қалың қол Мүденің айтқанын екі етпейтін болады. 

Тұман тағына Мүде отырып салқар далаға сұңғыла саясат жүргізеді. Айналасындағы елдерді ауыздықтайды. Сол кезеңде қазіргі қытайдың түбірін түптеп қопарар қуатқа ие болып, мол мүмкіндікке қол жеткізеді. Аттың қаба жалында қайсарлықпен жортуыл өткерген ғұн әскері негізгі жауын қамайды. Міне, сол тұста тұла бойында жауының қаны бар қатыны Мүдені азғырып, ымарамен іс тындырып, дұшпанын босатуды, кейін екі ел бауырлас болып өтетінін айтып өтінеді. Бұл шарғыға ұлы хан алданады. 

Жалпы мазмұны осы сарындағы шағын әңгімені Бексұлтан Нұржеке-ұлы аса көркем жазып шығыпты. Әсіресе Мүденің жер қайсықан қолының жортуылдағы кезін, әйелінің азғырған тұсын, ханның сұңғыла саясатпен қытайларды алдап түсіргенін, бәрін-бәрін шағын әңгіменің арқауы етіп, бір де бір тарихи деректі аттап өтпегеніне таңдандық. Бұлай дейтініміз біраз жыл бұрын тарихшы, жазушы Қ.Салғараұлының «Мүде хан» повесін оқып, ғұн билеушісінің тұтас ғұмырымен танысқандай болған едік. Классик жазушының шағын әңгімесі сол мазмұнда болғанымен, барынша көркем жазылған, тарихымыздың ең негізгі бастауының бірін қамтып, бабалардың асқақ тұрпатын көз алдымызға алып келген туынды деп бағаладық.

Ендеше, тамырлы тарихымыздың шаңсіңді беттерінен жауһар аршып, қасиетті қалымының қуат-құдіретімен туынды түлеткен, ел жүрегінің төрінен, төл әдебиетінің өрінен тақ сайлап, сексеннің сеңгіріне шыққан классик жазушымыздың «Қазақ батырлары» жаңа кітабы қалың оқырманның ыстық ықыласына ие болады деп сенім білдіреміз!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Сурет - ғаламтордан