ЖИҒАН БАЙЛЫҒЫН ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНА ЖҰМСАҒАН АТЫМТАЙ ЖОМАРТ

Уақыты: 10.05.2021
Оқылды: 1334
Бөлім: РУХАНИЯТ

Маман-Тұрысбек әулетінің кенжесі Есенқұл қажы жиған байлығын қазақ руханиятының жандануына жұмсаған атымтай жомарт жан еді. Ақсұңқардың баласындай дәулетін ел-жұртының ризығына арнаған. Есенқұл даңқты әулеттің кенжесі болғандықтан өткір, ержүрек, қайтпас-қайсар болып ержетеді. Негізінде Маманның төрт әйелі болған. Бірінші әйелінен Тұрысбек, Бейісбек, Сейтітбаттал, екінші әйелінен Анғабек, үшінші әйелінен Құттыбек, Құрманбек, төртінші әйелінен Есенқұл дүниеге келген. Алдыңғы ағаларына арқа сүйеп өскен Есенқұл еркін ойлы, мақсатшылдығымен ерекшеленеді. Дүние есігін ашқаннан баршылықта өскен ол жомарт, мәрттігімен танылады. Зерек ұл жақсы-жайсаңға бала кезінен үйір келеді.

Есенқұл қажы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ең бай адамдарының бірі болған. Жиған-терген дәулетімен ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен меценат. Есенқұлдың анасы да дәулетті, өнерлі ортадан шыққан. Рухани әлемі әдемі, зерделі жан еді. Баланың жан дүниесін ес білгенінен әдемілікке баулиды. Жаңғақ ана атақты Жәлменде бидің қызы. Көрген-білгенінің көптігі баланың дүниетанымын кеңейтеді. Басына бақ қонған бала көрсем, білсем, ел танысам деп талпынады емес пе?! Есенқұл да жастайынан діни білімге, Алла жолындағы парызын толық өтеуге бет бұрады. Шаңырақ көтеріп, бөлек отау болып шығысымен Меккеге баруды жоспарлайды.

Маманның ұрпақтары Бейiсбек, Есенқұл, Тұрысбек әйелдерi – Бөке, Әбу, Кәукен бәйбiшелермен мұсылмандық міндетті өтеуге қажылыққа жол жүреді. Сапар сәтті болып, жол-жөнекей өркениетті елдердің жетістіктеріне тәнті болады. Өнер-білімнің ордаларын көреді. Жазу-сызу арқылы елдің көзін ашып, басқа елдермен терезесін теңестіруге болатынын бағамдайды. Ол үшін халыққа әріп үйрету керек деп ойлайды Есенқұл. Сонан соң қыс қыстау, жаз жайлау деп көшіп-қонып жүрген халықты отырықшылдыққа үйретіп, білім шаңырағында балаларды үздіксіз оқытуды қолға алу керектігін ойластырады. Істі мектеп салудан бастау керектігін топшылайды. Оған дәулеті жетеді. Жиған-тергенін ішіп-жеп ысырап қылмай, қазақтың болашағына, өскіндердің білім көкжиегін ашуға жұмсауды мақсат етеді.

Негізгі мәселе – білім-білігі жоғары ұстаз тарту. Оқу-білім дамымаған шалғай елге білікті ұстаздардың келе қоюы неғайбыл. Мектептерге мұғалім шақыру үшін барлық жағдайды жасау керек. Жатын орын, отбасылық жағдай. Басты мәселе – шақырылатын ұстаздың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіншілік тудыру. Осы ойдың құшағында Меккеге барған Есенқұл қажы мектеп ашу жайын ойында пісіре жүреді.

Уақыт оздыруға болмайды. Ойға алған ісін жүзеге асырмай тоқтамайтын алғыр азамат мәселеге бірден кіріседі. Әйелін ағайын-туысқа ертіп, елге қайтарады да өзі Стамбұлды бетке алады. Стамбұл оның мақсатының тұсауын кеседі. Шаһардағы білімді жандар арасынан Байдырақпан Жаһандаров Есенқұлдың көңілінен шығады. Ол Азия халықтарының тілін өте жақсы біледі екен. Оның үстіне бойдақ. Есенқұл Байдырақпанға жолығып, елге жүруге үгіттейді. Өзінің Еркебала есімді қарындасын ұстазға беруге уәделеседі. Есенқұл қажының ой-арманы білімнің қадірін білер азаматтың көңілінен шығады. Елдің сауатын ашамыз деген ой ұстаздың көңіл пернесін қозғайды. Ұсынысты қабыл алуына оқытуға деген адалдығы себепкер болады. Байдырақпан Жаһандаров Ресей жерiне барғаннан кейiн Уфада "Ғалия" мектебiн бiтiрген оқымысты Ғазиз Ахметкереев пен Нажар Ғалиакбаровты өзімен бірге қазақ жеріне баруға үгіттейді.         

Есенқұлдың ұсынысы оларды да қызықтырады. Бала оқытуға құштар жандар 1907 жылы тамызда  Қараағашқа келедi. Есенқұл елiне келген соң, келiскен уәдесi бойынша Еркебала есімді қарындасын Байдырақпан Жаһандаровқа әйелдiкке берiп, бөлек шаңырақ етіп шығарады. Мал-мүлкін түгендеп береді. Байдырақпан төрт құбыласы түгенделген соң балаларды білім нәрімен сусындатуға кіріседі.  Маман ұрпақтары Қараағашты жан-жақты дамытады. Көрікті қала дәрежесіне жеткізу үшін сәулеті келіскен үйлер салдырып, ағаштар отырғыза бастайды. Үй салу үшін Семейден қызыл кірпіш, Омбы, Керекуден есік-терезе алдырады. Наманған, Әндіжаннан бағбандар шақыртып, жеміс-жидек ағаштарын отырғызады. Бірнеше жылда Қараағашта көк шатырлы 50 шақты үй бой көтереді. Көрікті қаладағы тұрмыс, өнер-білімнің дамуы, қанат жаюы ел-жұртқа тез таралады. Арасан, Қапал, Ақсу, Бақалы, Сарқан, Лепсі жұрты Маманның бастамасына ілесіп, білім алуға ниеттенеді. Есенқұл немере ағасы Құдайберген екеуі Уфаға барып, «Ғалия» медресесінің оқу жоспарын, білім шаңырағының ережелерін үйреніп келеді.

«Мамания» мектебінің сабақтары «Ғалия» медресесінің кестесімен өткізіледі. Білім шаңырағының қасынан орыс тілін оқытатын кешкі мектеп ашылады. Істің бірден жүріп кетуіне «орыстанудан» сескенгендер кедергі жасайды. Бірақ, Маманның сесті ұлы Сейітбатталдың ықпалының арқасында оқу-білімге тұсау қойылмайды.  Есенқұл білім алушыларға жатақхана, асхана, монша және мұғалімдер үйін салып береді. Мешіттің молдалары Хасен мен азаншы Омар оқушыларға Құран сүрелері, дін және жадитше дәріс береді. Адай Есенқұловтың «Ғасыр ғұмырлы мектеп» атты мақаласындағы (Қазақстан Республикасы Орталық тарихи архивтегі 90-ф, 1-тізім, 373-іс, 14-15 бет) жазбада «Мамания» медресесінде қазақ тілі, есеп, иман-шарт, Құран, орыс тілі, пайғамбарлар тарихы, жағрапия, зоология, ислам діні тарихы, татар тарихы, хадис (Пайғамбарлар өсиеті) оқытылғандығы туралы жазылғандығын келтіреді. Есенқұл «Мамания» мектебін Ғалия медресесі сияқты сапалы білім беретін ордаға айналдыруды мақсат етеді.

Қараағаш мектебi алғаш бой көтерген жылдың өзiнде 300 бала қабылданып, әр сыныпта 50 баладан оқуға тура келдi. Мектеп алты жылдық болып ашылады. Оқу тәртiбi мен бағдарламасына сай бай балалары айына бiр сом, орта шаруа балалары елу тиын төлеп, ал кедей балалары тегiн оқытылған. 1908 жылға дейiн дiншiл Мамановтар отбасы ислам шариғатының үкiмiмен өлi-тiрiге арналған зекеттерiн молдалар мен кедей-кембағалдарға үлестiріп келген екен. Қараағаш мектебi салынған жылдан бастап, зекеттерін бiр орталыққа жинап, мектеп пайдасына жұмсайтын болады. Жатақханадағы балалардың ас-суы мен ұстаздардың жалақылары және жақсы оқитын оқушыларға арналған сыйақы тұрақты түрде беріледі. Қараағаш мектебiнде оқушылар көбейе бастаған соң, Мамановтар оқушыларын жоғары білім алуға ниеттенеді.  Оларды оқыту үшін жомарттық жасап, бар шығынды мойындарына алады. Сөйтіп, 1910 жылы Мейiрман Ермектасов, Бiләл Сүлеев, Әубәкiр Мәмбетбаевты Түрік еліне аттандырады.

Сенім білдірген оқушыларының барлығы білімге құштар еді. Олар оқуына жағдай жасап отырған ел ағаларына алғыс айтып, үмітті ақтайтындарын жеткізіп, жолға шығады. Стамбұлдан бiр жыл, Уфадағы "Ғалия" медресесiнде екi жыл оқып, алтындап жазған I дәрежелi куәлiк алып, 1914 жылы қайта оралады. Орыс тілі пәнінің мұғалімі жоқ еді. Оны да шешу жағын қолға алды. Ниет болса бәрін де үйлестіруге болады. Омскідегі семинарияға Бейсенбай Кедесовты аттандырады. Ол да орыс тілінен сабақ беретін дәрежеге жетіп, елге оралады. Ұстаздықты меңгерген Бейсенбай Кедесов пен Әубәкiр Мәмбетбаев Қараағаш мектебiнде қызметке келіп, Ермектасов пен Сүлеев ояздық, облыстық ағарту бөлiмiнде еңбек етеді.

Мақаланы жазу барысында Қараағаштағы коммуна мектебінде (школа коммуна молодежи)  оқыған 99 жастағы Алтынай Есболатова апамен әңгімелестік. Алтынай апа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берген. Елбасы апаны соғыста паравоз жүргізгендігіне байланысты «Паравоз апа» деп атайды. Ашаршылық пен жетімдіктің азабын көп тартқан апам балалар үйіндегі өмірін қаз-қалпында айтып отыр. Ол кісі оқуға барған 1930-шы жылдары «Мамания» мектебі жоқ еді. Қараағаш ауылы мен Мамания мектебінің ғимараты 1918-1920 жылдары ақтардың бекінісіне айналады Ақтардың атаманы Анненков қарамағындағы Бедарев пен Осиповтың отрядтары Қараағашқа бекініп, 1920 жылы Қытайға асарларында мектепті өртеп кетіпті.

"Маман-Тұрысбектердің 12 бөлмелі үйінде оқыдық. Атала, қаракөже қайнатып беретін. Бір күні орыстар келіп, трактор әкеліп, Қарағаш мектебін салған Маман қажыға арналып қойылған құлпытасты құлатты. Бір жеті жүріп, қақ ортасынан бөлді, бөлініп қалғырлар. Күміспен латынша жазылған жазуы болған»,– деп өткен күнді дәл бүгінгідей көз алдымызға әкелді ғасыр жасаған апа.

Есенқұлдың атымтай жомарттығы қазақ жазушыларының арасында тұңғыш роман бәйгесін жариялауымен тарихта қалды.  Адамның ойына ой қосуға тағдыр әсер етіп жатады. Есенқұлдың Әнуәрбек, Ниязбек есімді екі баласы арасына аз уақыт салып дүниеден өтеді. Есенқұл екеуінің рухына арнап, есте қаларлық ұлағатты іс жасағысы келеді. Нәтижесінде, қазақ романына бәйге жариялап, ең құнды кітапты сәбилерінің көзіндей көргісі келеді. Бір жағы, руханиятқа солайша қолдау көрсетуді мақсат етеді. Қорытындысы бәйге жарияланған 1914 жылдың қараша айында шығарылмақшы болып белгіленеді. «Таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссияның сынына беремін. Бәйге сол комиссия жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі», – деген. («Қазақ» газеті, № 52, 1914 жыл, 28 февраль). Бұл қазақ тарихындағы ерекше жағдай еді. Зиялы қауым бәрекелді десті. Тәуекел еткендер бәйгеге қатысуға бел буып, жазғандарын пысықтай бастаған. «Қазақ» газетінің 117-санында: «Былтырғы роман жарысының мезгілі жақындады. Бәйгеге қосыламыз деген талапкерлер «Қазақ» басқармасына білдіріп тұрса керек. Енді солардың жазғандарын қарау жұмысы сыншы азаматтардың мойнында. Сыншылар бір жерге жиылып, кеңеспей болмас. Жиылуға Семей шаһарын ыңғайлы көрдік. Өйткені, сыншылыққа шақырып отырған мырзаларымыздың бірсыпырасы сонда көрінеді. Ардақты азаматтар! Жаңа жетіліп келе жатқан әдебиетімізден бір қызмет бола ма деп бастаған ниет еді, бұған әрқайсыңыз ілтипат етіп, ұлт әдебиетінің құрметіне сыншылдықты қабыл етуіңізді өтінемін. Есенқұл Маманов», - делінген.

«Қазақ» газетінің 1914 жылы 24 мамырдағы № 24 санында, «Ашық хат азаматтарға» деген хабарламасында Маманұлы Есенқұл қажы: «Бәйгеге түскен романдарға сыншылыққа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Сералин, Райымжан Марсеков, Шәкәрім Құдайбердиев, Яқұп Ақбаев, Нармамбет Орманбетов, Нұрғали Құлжанов деген ардақты азаматтарды лайықтаймын», – деп жазады. Есенқұлдың қазақ әдебиетіне деген жанаршырлығы мен жомарттығы көпшілікті тәнті етті. Кіл жүйріктер қатысқан жазу аламанында Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы ие болған. "Есенқұл қажы Маманов – 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты – 100 сом; Тəңірберген қажы Тұрысбеков – 429 сом; Айтмұхамбет Тұрысбеков – 100 сом; Хожа Ахмет Маманов – 50 сом; Баймұхамет Тұрысбеков – 50 сом; Құдайберген Тұрысбеков – 20 сом; Егеубек Жиенбаев – 10 сом; Ғ. Əлібеков – 150 сом; Хұсайын Үкенов – 25 сом 50 тиын; Жолымбет Тұрымбетов – 25 сом; Ерназар Жауқашаров – 20 сом; мұғалім Нығметолла Күзебаев – 15 сом; Нұғман Қанатбаев – 5 сом."

1928 жылдың тамызында большевиктер Есенқұлды тұтқынға алып, тергеу жүргізеді. Еш кінәсі болмаса да, байлығын сылтауратып айдауға жібереді. Есенқұл 1932 жылы жырақта жүріп қайтыс болған.

Журналистік зерттеу мақала жазу барысында «Қараағаш» мектебінің орнына барып, қасиетті бабаларға Құран бағыштадық. Темір қоршаумен қоршалған қорымда елге мәрттігімен танылған Маман Қалқабайұлы, Медетбек Қалқабайұлы, Сейітбаттал қажы, Маманның әйелі, Есенқұл қажының анасы Жаңғақ анаға белгітас қойылған екен.

Білім мен өнердің ордасы болған мектептің орны да жоқ. Мыңды айдаған байлардың салтанаты көрінбейді, сәйгүліктерінің дүбірі естілмейді. Маман-Тұрысбек байдың көк үйлері де көз қуантпайды. Қараағаш қалашығының болғанын тек жайқалған ағаштар ғана дәлелдейтіндей. Ұмытылмайтыны – бай-қажы әулетінің осы жерде халыққа білім беріп, жаңа заманға бейімдегені. Ақсу ауданының Ақсу ауылында «Мамания» атты мектеп бар. Оған осы заманның атымтай жомарт азаматы Молдияр Нұрбаев демеушілік жасап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кем-кетігін түгендеп, ұстаздарының әлеуметтік жағдайына көмектеседі. Ал елімізге танымал меценат Бауыржан Оспанов Есенқұлдың әдебиетке жасаған қамқорлығын жалғастырып, балалар әдебиетінің өркендеуіне үлес қосып «Есенқұл» атындағы бәйгеге қомақты қаржы тігіп келеді. Есенқұл қажының атымтай жомарттығы елге үлгі болса, кәне!

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы