ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ ӘЛЕМДЕ ЕШБІР ЕЛДЕН КЕМ ЕМЕС

Уақыты: 13.05.2021
Оқылды: 1895
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемді дүрліктірген індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Пандемияның салдарынан көптеген сала тұралап, әсіресе, кәсіпкерлікке сын сағаттар туды. Сонымен бірге, ұстаздар қауымына да бұрын-соңды болмаған жаңа міндет жүктелді. Ол - күнделікті сабақ кестесінен жаңылыспай, білім беру ісін қашықтықтан жалғастыру.

Әр мұғалімнің алдында қандай қиын жағдай орын алса да, жас буынды білімсіз қалдырмау міндеті тұрды. Алғашында тосырқап қарағанымыз рас. Тіпті, бұл қалай болар екен деп күмәнмен қараушылар да кездесті. Бірақ білім алу, білім беру жұмысы бәрінен биік болғандықтан, жұмыла еңбек етіп, балаларды да, өзімізді де жаңа жүйеге бейімдеп үлгердік. Қазіргі таңда онлайн оқыту арқылы да көптеген жетістікке қол жеткізіп, шәкірттерді биікке самғатуға болатынын түсіндік.

Өзім қызмет атқаратын №25 орта мектепте де онлайн шаралардың арқасында қаншама белесті бағындырып, жүздеген оқушыны жарыстарға қатыстырдық. Нәтижесі де жаман емес. Бұл жерде айтқым келгені, білім алу жолында барлық мүмкіндікті пайдалануға болатыны және ешнәрсе оған кедергі келтірмейтіні. Осы тұрғыда мемлекетіміздің білім беру жүйесі жолға қойылғанын түсініп, қуанып қаламыз. Орайлы сәтті пайдаланып Қазақстанның білім беру саласы әлемде ешбір елден кем емес екенін айтқым келеді.

Мұғалімнің мойнында бір ғана қасиетті борыш бар. Ол - сауатты, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіріп шығару. Біз бұл үдеден шығу үшін бар күш-жігерімізді сарқа жұмсап, тәжірибемізді шыңдап жатырмыз. Қандай жағдайда да жас ұрпақты білімсіз қалдырмау, оларды әдептілікке, елін, жерін сүюге тәрбиелеу, білікті маман атануына атсалысу басты міндетіміз болып қала береді.

Назым ЕМБЕРГЕН,

Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің география пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан