БАЛА БОЙЫНДА АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚ АЗ БОЛСА, ЖИҒАН БІЛІМІНЕН ПАЙДА ЖОҚ

Уақыты: 16.05.2021
Оқылды: 1701
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еш уақытта да маңызын жоймайтын өзекті мәселенің бірі – бала тәрбиесі. Өйткені, баланың болашақ тағдыры, еліміздің ертеңі осы жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты. Сондықтан, «баланы бастан» демекші, сәбиді енді оң-солын тани бастаған сәттен жақсы үлгі-өнегеге баулудың маңызы зор.

Әлемнің екінші ұстазы, ғұлама ғалым, ойшыл әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», - деп білімнен бұрын тәрбиенің маңызды екенін алға тартқан. Бұл білімнің қажет еместігін немесе екінші орында қалып қоятынын білдірмейді, керісінше, баланы жақсы тәлім-тәрбиеге баулып, одан соң білім берсе, оның жемісті болатынан көрсетеді.

Егер адамның бойында адамгершілік құндылықтар аз болса, ол бойына жинаған білімінен жан-жағына шуақ шаша алмайды, Өз мақсат-мүддесіне ғана пайдаланып, одан қоғамға белгілі бір дәрежеде зиян келуі де мүмкін. Білім алдыңғы орынға шығып, тәрбие кейіндеу қалып қоятын болса, бұл адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай кері әсерін тигізіп те жатады. Сондықтан да отбасынан бастап тәрбие діңі дұрыс қаланып, ол мектепте жалғасын тапқаны жөн. Ата-ана да, ұстаз да тәрбиеге жете көңіл бөлгенде ғана ол жемісті нәтиже береді.

Жастайынан жақсы үлгі-өнегені бойына сіңіріп өскен бала өскенде де жаман әдет-қылыққа бармайды. Барлық мәселені өзінің адамгершілік құндылықтары негізінде өлшеп, шектен асып, таспай, салмақтап, таразылап шешеді. Тәрбиелі адамның айналасына шашар шапағаты да мол болады.

Тәрбиенің орны қашанда бөлек. Ол өнегелі де ұлағатты сөз­бен, үлгі көрсетумен, бағыт-бағ­дар берумен, жол көрсетумен көрініс табады. Ұстаз ретінде тәрбие мен білімді қатар алып жүріп, оқушыны жақсы әдет-қылыққа, адамгершілік қасиеттерге, айналасындағылармен дұрыс қарым-қатынас орната білуге баулу міндетіміз. Тәрбие дұрыс берілгенде ғана балаларымыздың болашағы нұрлы болмақ.

Қарлығаш ИСАХАНОВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан