ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАҒАЖУ КӨРІП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫ АЩЫ ШЫНДЫҚ, АСТАРСЫЗ АҚИҚАТ

Уақыты: 15.05.2021
Оқылды: 806
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл мәселесі туралы тебірене термелеу үшін де адамның болмысы мен таным көкжиегінде кеңдік пен тереңдік болуы шарт. Жаһандануға өңеш созған осынау заманда қазақ тілі яки ана тіліміз қағажу көріп келе жатқаны ащы шындық, астарсыз ақиқат. Күлбілтелемей кесіп айтсақ, кешегі кемеңгер кеудеден төгілген жауһар тіркестер бүгінде күресіннен бір-ақ шығып, сұлу сөйлемдер жыңғылдың бұтағындай қисық-қыңыр тұрпатпен бедерленетін күйге жетті.

Ақпарат арқалаған басылым беттерін ашып, көкілдір экран тетігін басып қалсаңыз да, тіпті, көшедегі бояуы мен суреті көз сүйсіндірер жарнамаларға жанар қадасаңыз да көңіліңіз «дық» алады. Жанарыңыз тұманданады. Қабарған қабақ астынан қайта сүзіле қарағанымен де, өзгеріп кетер дүние жоқ. Тілге деген құрметсіздіктен бе, әлде, шалағайлықтан ба, шалақазақтықтан ба кім білсін, әйтеуір өз тіліміз өгейдің тағдырын арқалағандай.

Жуырда теледидар тамашалап жатып тағы да томсардық. Жарнаманың бұл жолғысы бұрынғылардан «әдебилеу» екен деп миықтан мырс еткенде, езуден ащы мысқылдың уыты төгілгендей болғаны да жасырын емес. «OREO» тәтті бәлішін жарнамалаушылар «покрути, лизни, обмакни» сөздерін «айналдыр, жала, малып ал» деп төтесінен аударыпты. Әлбетте, тәржімалағанда осындай сөздер шығатыны рас. Бірақ ұлттық танымнан шеттеп, «тазға тарақ ұстатқандай» қылық көрсетуге бола ма? «Айналдыры» қалса да, «жала» сөзін «дәмін тат» деп жұмсартуға болмас па еді?

Ұлы жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында 540 кейіпкер бар. Осынау ұлы шығармада әрбір кейіпкерін сұңғылалықпен суреттегенде, олардың кескін-келбетін, психологиясын, дүниетанымын термелегенде классик жазушы бірде-бір рет қайталауға бармаған. Дәл Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын жазғанда Онегин есімін бірде-бір рет ұйқас ретінде пайдаланбағаны секілді. Бұдан не тұжырымдауға болады? Аспан асты, жер үстінде алшайып тұрып ат мінген, саба түбі сарқынды жасқа жеткенше ділмарлықпен дәстүрін насихаттаған, ғибратты ғұмыр соқпағын ұрпаққа үлгі ете білген бабалардың, қазақтың тілінің бай тіл екенін аңғармаймыз ба?

Бір Әуезовтың ұлы шығармашылығынан мысал қарастырып отырмыз, ал М.Мағауиннің «Аласапыран» романын оқығанда одан 1 мыңға жуық сөз теріп алдым деп тебіренген Тұрсын Жұртбайдың алқаусыз пікірін мысалға алсақ, сол секілді талай тұғырлы тұлғаның шығармашылығына шолу жасасақ онда қазақ құдіретінің қайнар бұлағы ана тілінде екенін топшылар едік.

Сол көмейін көк тәңірісі суарған көк түріктің өркениет бесігі болған қазақ даласында ана тілге деген құрмет рухшылға бар, рухсызға қажетсіз болып тұрғаны жасырын емес. Соны көзге түртіп, сын тезіне алып түзеттіріп келе жатқан рухшыл журналист, жазушы, тіл мамандары, тіл жанашырлары жетірлік. Дегенмен, айылын тартса да өмілдіріксіз өрге бастырмас тұлпар тұрманы секілді, ана тілдің жағдайы жалпыұлттық сезім болмаса асандықпен оңала қоймас жағдайға жеткені де шындық. Осынау тәтті тұжырымға сенгенімізбен, кейде күнделікті жарнама, өнідіріс пен өнеркәсіптегі тілдік терминдердің ала-құлалығын былай қойып, бүгінгі әдеби шығармалар мен журналистикалық жазбаларда да тіл тазалығы сақталмай жататынын жасыра алмаймыз.

Маздаған ойдың маздақ білтесінде тұтанған кейбір мысалдарды да атап өтуді жөн деп таптық. Мәселен, қазіргі қазақ поэзиясында «тартылмай тартпа, айылым, босаң ерім», «тұлақтай тулап төзімім», «жанымды марду басты тұншықтырып», «Мұңайған көңілімді жайдары етем» т.с.с тіркестер көптеп кездеседі. Алдияр оқырманның бұл тіркестерің авторына құмартып отырғанын білсек те, атын атап, түрін түстеп жатқымыз келмеді. Тек бұл тұрғыдағы әдеби пәлсапалық қателіктер мен суреттеудегі ағаттықтарға тоқталғымыз келді.

Мәселен, қазақтың жаны болған ат әбзелдеріне тартпа, айыл деген зат кіреді. Алайда тартпа мен айыл, тізгін мен шылбыр секілді екі бірдей зат емес, бір зат екенін ақын қалай аңғармаған деп таңданасың. «Тұлпар мініп ту алған» елдің баласы ретінде көкпар тартып, бәйге шауып өскен балалық шақтан бері «шап тартпа», «төс тартпа» немесе оның орнына айыл деп қолданушы едік. Алайда, ақын бұл біртұтас түсінікті әлгіндей өлең жолдарымен «жіктеп» жібергеніне қайран қалдық! Екінші тармаққа ойыссақ: «тулақтай тулап төзімім» деген тармақтағы «тулақ» сөзі бір өлеңнің нарқын кемітіп тұр. Өйткені, тулақ деген табанда жатар дүниенің төзімдей берік болуы ақын сезімімен ұштасқанда дұрыс та шығар, алайда сол тулақтай төзімтал төзімді «тулақтай тулатуға» бола ма?

Бұл да тілдік телегейлігімізге тас аттыруға оңтайлы кемшілік болса керек. Сонымен қатар, «Жанымды марду басты тұншықтырып», «Мұңайған көңілімді жайдары етем» деген қос ақынның қос тармағы да тілі бай қазақ қалқын таңдандыратын тіркес емес. Өйткені, ер адам «жанымды марду басты тұншықтырып» деп әйелге қарата айтатын сөзді өз шығармашылығына келтіруі тіпті орынсыз болса, «Мұңайған көңілімді жайдары етем» деп екінші ақын кқңіл құбылысын құйқылжыта бедердегісі келіпті. Бұл да логикалық әдеби қателік. Өйткені, «көңілім мұңайды», деген сөз жоқ қазақта. Көңілім жоқ, көңілім болмай тұр, күйім келмей тұр деген сөздер болса да, «көңіл мұңайды» деп ешқашан айтып, жазып көрмеген мәселеміз. Осы тұрғыда М.Мағауиннің «туылған күн» сөзіне түп-тамырымен қарсы шыққаны есіме оралып отырғаны жасырын емес.

Міне, біз осындай ғана жеңіл мысалдар арқылы біздің рухани кеңістігіміздегі тіліміздің күрделі мәселесін сөзге сүйеу, тілге тиек етіп өттік. Ойланатын, ұлттық құндылықтарымызды құнттауға тырысатын кезіміз әлдеқашан туды!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан