АССАМБЛЕЯНЫҢ АТЫНАН САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1876
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Вакиль Набиев облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, этномәдени бірлестіктердің, аналар және Қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдерімен, "Жаңғыру жолы"облыстық штабының белсенділерімен кездесті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Кездесудің шымылдығын ашып, жүргізіп отырған облыстық ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастар бөлімінің бас маманы Әбілхайыр Оралов алдымен аймаққа ат басын бұрған халық қалаулысына лебізін білдіріп өтті. Сонымен қатар, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеу жер-жерде игі шараларға ұласып жатқанын жеткізіп, Тәуелсіздіктің жемісі болған Қазақстан халқы Ассамблеясы екенін айрықша атап өтті.

Жиын барысында Вакиль Гусейнұлы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, сондай-ақ, мемлекетіміздің барлық этностарының жалпыұлттық бірлігін одан әрі нығайту және сақтау бойынша ҚХА-ның белсенді жұмысын жалғастыру – кездесудің басты мақсаты екенін айтты.

– VI шақырылымның бірінші сессиясын ел басшылығы бастамашылық еткен әлеуметтік-экономикалық шаралар мен саяси реформаларды заңнамалық қолдау сессиясы деп атауға болады. Бүгінгі таңда депутаттардың жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамаларын, сондай-ақ сессияның ашылуында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта депутаттық корпус Үкіметпен бірлесіп ұлттық экономика мен кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, сондай-ақ, тәуелсіздік пен демократияны одан әрі нығайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, – деп атап өтті Вакиль Набиев.

Кездесуді ҚР Парламенті Мәжілісінің III шақырылымының депутаты, Алматы облысының, Талдықорған қаласының және Ақсу, Алакөл аудандарының Құрметті азаматы, ҚХА жанындағы өңірлік Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов жылы лебізімен жалғастырды. Ол облыстық ҚХА-ның атқарып жатқан жұмысы және келешекке арналған жоспарлары туралы айтып, жоғарыдан қойылған міндеттерге сәйкес негізгі қызмет Жетісуда тұратын барлық этностардың татулығы мен келісімін сақтауға бағытталғанын атап өтті.

Жиында өз саласы бойынша Ассамблея өкілдері сөз сөйлеп, елдің стратегиялық бағыты тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен республиканың дамуына негізделгенін атап өтті. Сонымен қатар, Ассамблеяның негізгі ықпалы мен мүмкіншілігін тереңнен қаузады.

Шындығында, ҚХА 130-дан астам этностардың бірлігін нығайтуға мүмкіндік беруде. Бүгінгі күнге дейін бүкіл Қазақстан халқының дәстүрлерін, мәдениеті мен тілдерін дамытуға қолдау көрсетілуде. Бұл еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиясы. Облыстық ҚХА пандемия кезінде мыңдаған отбасына қолдау көрсетті. Бұл қиын кезең халықтың бірлігі қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Халық қалаулысы жиында айтылған барлық ұсыныс мен талап-тілекті жоғарыға жеткізетінін атап өтті.

Өз кезегінде Вакиль Набиев М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен І.Жансүгіров атындағы әдеби музейін аралап, экспозициялармен танысып, мәдениет нысандарының қызметкерлерімен әңгімелесті. Бұдан кейін жастарға қызмет көрсету орталығының ғимаратында облыстық "Жаңғыру жолы" штабының белсенділерімен кездесіп, жиында жастарды Қазақстан халқы Ассамблеясына тарту мәселелері талқыланды.

Кездесуге қатысушылар жастар бастамаларын қолдауға және жастар үшін әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды талқылады. Жастар ұйымдарының көшбасшылары алдағы уақытта ҚХА-ның көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін жобалар туралы айтып берді. Депутат Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар мен оның жобаларына белсенді қолдау көрсетуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ҚХА жастар жобаларын дамыту және жастар қауымдастығымен өзара іс-қимылын күшейту орталығына айналуы тиіс.

Халық қалаулысы Талдықорған қаласындағы сапарын Елорда күніне орай ашылған орталық жүзу хауызын аралаумен тамамдады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы