МИНИСТРДІҢ КЕҢЕСШІСІ: "ҚАЗАҚҚА ТӘУЕЛСІЗДІК ОҢАЙ ЖОЛМЕН КЕЛГЕН ЖОҚ"

Уақыты: 17.07.2021
Оқылды: 1693
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздікке жету оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы.

«Бек ұлдары құл, пәк қыздары күң болмасын» деп жаудың басын еңкейткен, тізесін бүктірген сонау VIII ғасырдағы Күлтегін мен оның жауынгер жолдастары, замандастары, одан берідегі қаншама қыршын кеткендер тарихтың қанмен жазылған беттерінде тұр. Ақ найзаның ұшындағы туды төмен түсірмеген тәуелсіздік тарландарын, жоңғарлармен ғасырлар бойы күресіп өткен жаугершілік жылдарын былай қойғанда, ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық күрестің, соғыстың салқыны әлі сезіледі. Ал Алашордашылардың бар көздегені, автономия құрудағы басты идеясы елдің егемендігі емес пе еді?! Сол алаштықтардың әрқайсысына атылған мылтықтың дауысы құлағымыздан кете қойды ма? Желтоқсанның ызғарында азаттықтың ақ таңы үшін алаңға шығып, білекті біріктірген жүректі жастар ше? Сүйегі сақталмай, арулап жерленбей, жер жастанған жауынгер ұлттың сол ұрпағын ойға алғанда сүйек сыздамай ма?

Ежелден еркіндік аңсаған қазаққа тәуелсіздік оңай келген жоқ. Бұл – «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі – көк тудың желбірегені» деген жан пида жұрттың жанкешті ерлігімен келген, ештеңемен алмастыруға келмейтін, қасиетті де қастерлі құндылық. Егер біз «Тәуелсіздік оңай келді» десек, онда осыншама құрбандардың, батырларымыздың ерлігін елеусіз қалдырғанмен тең боламыз.

Иә, қаншама ғасырлар бойы бабалардың аңсаған арманының орындалуына біз, біздің буын куә болдық! Бұл – зор бақыт. Ендігі біздің миссиямыз – бақытты бағалау, басқа қонған бақты аялау, ел егемендігі жолында шейіт болған жаужүрек жауынгерлеріміздің ерлігін ұмытпау, осы күннің тууын тілеп, ешқашан үмітін үзбей өткен ата-бабамыздың арманын аласартпау, ұлан-ғайыр даланы ұрпағы үшін қорғаған намысшыл ұлттың рухын өлтірмеу.

Азаттықтың ақ таңын көзімен көрген, тәуелсіздікте туған әрбіріміздің ең басты міндетіміз – аманатқа қиянат жасамау. Қалай дерсіз? Бұған болмыстан ажырамай, заманның көшіне ілесіп, қоғамға, елге, адамзатқа пайдалы адам, маман болу арқылы жетеміз. Ең игі іс – осы.

Ерлан ЖҰРЫНБАЙ,

ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі