ҚАЗАҚТЫҢ ГОМЕРІНЕ - 175 ЖЫЛ: ЖАҢҒЫРҒАН, ЖАҢАРҒАН ЖАМБЫЛ ЖЫРЫ

Уақыты: 18.07.2021
Оқылды: 782
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақты білген бар әлем,
Біледі Жамбыл, Абайды.
Жәкемнің атын қазақтың,
Паспорты деп санайды.

(Әлімқұл Жамбылов)

Аңыз-абыз ақынның аруағын арқаланып жасын жыр ұшқынын лаулатқан арқалы жандар шоғыры біршама баршылық. Осы топырақта туып-өскен немесе қасиетті ақындар мен батырлар елінде ғұмыр кешкен ерекше шабыт иелері Алатауға қарап тәу етіп қойып, тәуекелмен қалам ұшын ақ параққа жорғалатты немесе табанда суырып салып, жыр төгеді.

Айтыстың алдаспаны дерлік Сүйінбай сүлейден тартып, Жамбыл баба дереу іліп әкеткен айдынды жыр әлемінің аспанкөк жалауы Майтөбе, Суықтөбе, Көктөбе, Дегерес, Жаманты, Қозыбасы, Үшқоңыр сияқты небір айбарлы таулардың бөктерінде, етегінде, баурайында желбіреп тұрғалы да ықылым заман. Халық ақындары Өмірзақ Қарғабаев, Әбдіғали Сариев, Жартыбай Қырықбаев, Есдәулет Қандеков, Өтеп Оңғарбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әсімхан Қосбасаров және де Оспан, Мақыш, Нұрила, Қымбат секілді тағы басқа да ақын-жыраулар көзі тірісінде арғы-бергі тарихты қаузап, Шапырашты, Қарасай, Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Өтеген, Қараш, Қастек, Медетбек, Қазыбек бек сықылды ел қорғаған ерлердің қаһармандық ерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізді.

Алдыңғы толқынның іздерін басқан Әлімқұл Жамбылов, Надежда Лушникова, Жолдасхан Құрамысов, Есенқұл Жақыпбеков, Ермек Жұматаев, Нұрлан Әбдібеков, Әуелбек Ысқақов, Жылбек Тоқтасынов, Ақан Әбдуәлиевтер Жетісу өнер өлкесінің бір-бір мөлдір бұлағына айналды.

Алдыңғы буынға еліктеп, өрісті өлеңді дамытқан дарын иелері қаншама. Бұлардың баршасы да Жамбылдың ақындық мектебінің шәкірттері. Тереңнен тартқан халықтық асыл дәстүрден сабақ алып, өз беттерінше дамытып, әрмен қарай жалғастырып әкетуге талпыныс қылған өрелі өрендер. 

Әсте тікелей ұрпаққа қан арқылы әр нәрсе даритыны екібастан белгілі заңдылық. Жамбыл ақынға немере боп келетін Әлімқұлдың өнбойы тұнған өнер болғанына бала кезімізден тәнті болып келеміз. Тау суындай тасыған ағынды жыр нөсеріне құлағын тосып өскен қалқанқұлақ өскіннің өлеңқұмар болмауы мүмкін емес қой тегінде. «Тәте, тәтелеп» тізесіне отырды, арқасына мінді, құшағына кірді. Жамбыл атасының домбырасын алдына өңгеріп, дыңғырлатып тартып өсті, көзбе-көз тыңдап, өлеңдерін сөзбе-сөз қайталады, бойына сіңірді, жүрегіне тұндырды. Мұның бәрі бекерге кеткен жоқ, бала қиялын тербеп, көңіліне желік бітірді. Ерні жыбырлап, елдің алдына шығуға себеп іздейтін болды. Ата қыранның балапанындай қанатын қомдағысы, алысқа ұшқысы келді. Сосын тәуекел етіп ұшып та көрді. Алдымен Жамбыл тәтесінің өлеңдерін сыпыра жаттап, домбыра сүйемелімен сан құбылтып, сахнаға көтерілді. Батыр ұлдарды, сұлу қыздарды суреттеген сырбаз жылдардың шоғын үрлеп, қызуына жылынды. Жан алып, жан беріскен айтыстарды ортаға салды. Сөйте-сөйте өзі де сөз сапырып, айтыс аренасынан көріне бастады. 

Атасының ақ батасын алған алғыр немере келе-келе өлеңмен ұстасатын өзгеше өнер көшіне ілесіп жүре берді. Өз тұстастарымен де, өзінен үлкен-кішімен де сынасқан күндер өткен жылдар қойнауынан менмұндалайды. Қазақстанның халық ақыны атанғаны – ата аруағының қолдағаны ғой. Ақ сақалы өзіне құп жарасқан зерлі шапанды, шағын денелі Әлімқұл Жамбылов жыл өткен сайын ақын атасының мөлтек бейнесіне айнымай ұқсап кеткеніне жұрт ықыласпен қарайтұғын. Өңінде де, түсінде де ақын атасына сыйынып, ұланғайыр өлеңінен өріс алғанын өзіне мақтаныш тұтып өтті.

Өркениетті өмірде «бір өзі – бір театр» деген тәлімді сөз бар. Домбыра мен қаламды қатар ұстаған Әлімқұл Жамбыловқа да осы сөз лайықты. Кезінде халыққа мәдени қызмет ету үрдісі қалыптасқанын ел іші жақсы біледі. Көшпелі монша, көшпелі кітапхана, көшпелі кинофильм, автоклуб дегендер әсіресе ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің жансерігі болғаны ақиқат. Бүкіл өмір-ғұмырын аудандық мәдениет бөліміне қарасты автоклуб меңгерушісі деген қызметке арнап өткен Әлекеңнің әлгі айтыла беретін «Бір өзі – бір театр» атанғаны аян нәрсе. Жамбыл ауданы аумағындағы барша жұртқа аралап жүріп қызмет көрсететін Әлекең бір өзі автоклуб меңгерушісі, кітапханашы, насихатшы, ән-терме айтушы, суырып салып өлең шығарушы, кино қоюшы, спектакльдерден үзінді орындаушы, ұзақ таңға Сүйінбай, Жамбыл дастандарын толғаушы – жалпы малды ауылдың, егістік басындағы комбайншы, тракторшы, диқандардың көңіл-күйін көтеруші...

Ел аралап, су кешіп қысы-жазы тыным таппайтындығы оны жылнамашы, шежіреші де атандырды. Ми қатпарында миллион жол жыр шумақтары сақталған Жамбыл тәтесіне тартқандығынан шығар, бүкіл аудан малшыларының аты-жөндерін, қыстауларын, күздеулерін, көктемгі жайылымдарын, жаз жайлауларын шетінен тізіп беретін қабілетімен елді таң-тамаша қалдыратыны бір бөлек әңгіме. Сол қоныс-мекендерде қаншама жанынан суырып шығарған жыр-толғаулары қалды, қаншама арнау өлеңдері қалды десеңші. Әйтеуір, маңдай терін сығып, қоғам жұмысын күн-түн демей атқарып жүргендердің жанына жалау болуды ғана парыз санаған сол бір жылдар оқтай зулап артта қалды емес пе, әттең, дүние!

Табиғи таланттың өнер-болмысына талай-талай куә болғандығымызды айту – парыз! Біріншіден, жадысы жарқын жаратылыс болатын. Тоқсанға тақап қалған жасында да өз білгенінен жаңылған емес. Азды-көпті айтыс өнерінде ізі қалды. Халық ақыны Әсімхан Қосбасаров екеуі тіпті Алматы облысының айтыс ақындарын бастап барып, басқа қалалардағы жанкүйерлердің қошеметін көріп қайтып жүріп жерлестерін мақтаныш сезімге бөлейтін. Команда құрамындағы әрбір айтыс ақынына ұтқыр сөз айтып, мәз-мәйрам күйге бөлейтінін Есенқұл сықылдылар тамсанып тұрып жұрт арасына тарататыны бір қызық. Жадысы мықтылығына тәнті адамдар көп нәрсені Әлекеңнен сұрап білетінін қайтерсің. Ыбырайым, Сәрсенбек, Мекебай, Сағымбек, Кірқабақ, Ахмет, Қойкел секілді қариялар шерткен әңгіме-аңыздарды құлағына құйып, көкірегіне сақтайтындығының өзі бір ғажап дүние.

Мәселен, Сүйінбай, Жамбыл, Әбдіғали, Өмірзақ, Үмбетәлі, Әсімхандардың бірқақпайларынан басқа өзі айтысқандардың барлық жыр-жауаптарын жатқа соғатыны да өзінше бір әлем емес пе?! Баймұқа Нұрсұлтанов, Әли Ысқабаев, Әсембала Қойшыбаева, Айтақын Әбдіқалов, Әбікен Сарыбаев, Мұқаметсәлі Бұлдыбаев, Байниет Мәлібеков, Надежда Лушникова, Өзібек Қайрақбаев, Мұхтар Құралов, Қажытай Ілиясов тектес ақындар сахна төрінде түре айтысты да, сүре айтысты да қыздырып, Әлімқұл Жамбыловпен өлең-өнер жарысында додаға түсіп, айбатты ақындар дәстүрін жалғады. Әлекең сол ақындармен айтысқандағы сөз маржандарын көкірегінде тоқып, дәлме-дәл жатқа білетіндігімен бас шайқататын. Ойы тұнық, жадысы мықты адамның әңгіме-дүкені де қызып жүре береді емес пе, сірә да! Ақындар айтысқанда қолданатын мақам, әуендер жатқан өрнек, иірім, қазына екендігінде дау жоқ. Осы орайда да Әлімқұл аға жадысының тереңдігін әркім-әркім-ақ мойындайтын, «сол мақамға салшы» деп отыратын. Сүйінбайдың, Қатағанның, Құлманбеттің айтыстарынан үзінді айтып отырып, олардың әрқайсының дауыс созуын, иірім-қайырымын қаз-қалпында құлаққа құятынын шәкірттері сыпыра сөз ғып жүретіні көңіл жадыратады, мақтаныш сезімін оятады. Өйткені біз де Сүйінбай-Жамбыл ұрпақтарымыз, ұлы бәйтерек жапырақтарына қол созамыз, самал желмен жайқалғанына жанымыз семіреді...

Әлекеңнің ең бір ерекше қасиеті – әңгімешілдігі. Естіп, білгендерін төңіректің төрт бұрышына таратуға тырысады. Бірде мен тілшілік қызметте жүрген облыстық «Жетісу» газетіне келді. Домбырасын шертіп отырып маған тіктеп айтқаны былайша өрбіді:

– Жамбыл атам Албан руынан шыққан ұлы ақын Құланаян Құлманбетпен айтысқанда, Құлманбет ақын елінің байларын мақтаған ғой. Соның сөзіне орай біздің Екей ұлысынан да атағы шыққан жомарт байлар болғанын Жамбыл былайша жеткізген екен:

Ал, енді мен айтайын Байшалбайды,
Тең жорға төрт аяғы тайпалмайды.
Азырақ еті қызып алғаннан соң,
Алдына бұл Жамбылың жан салмайды.
Сыйынып Қарасайдың аруағына,
Ұрандап бұл Жамбылың айқайлайды.
Қай жерде Байшалбайдай байларың бар,
Барғанға ат мінгізіп, шапан жаппай
Қонағын риза қылмай қайтармайды.
Бес жүз құлын желіде тулап жатыр,
Бес жүз жігіт қымызға 
улап жатыр.

Міне, осы мырзакөңіл Байшалбайдың балалары Сәтімбай, Көншібай болған. Ал Көншібайдың баласы сенің әкең Әбділдә менің әкеммен құрдас, ата деп сыйлап тұратынмын.

Әбділдә ата Жамбыл ауылында озат шопан болды, үзбей бас бәйге алып жүрді. Бірде Жамбыл ауылының Буырлы деген мал жайылымында шопандар слеті өтті. Сол сәтте «әкеңнің құрдасы Әбділдә бәйге алып жатыр» дегенді естіп, «мен де бір мақтайын» деп бардым. Жанында екі ұлы – Белтай мен Орысбай тұр екен. Әбділдә ағаға Жәкең мақтаған Байшалбайды айтып, Белтай мен Орысбайға былай дедім:

Белтай менен Орысбай,    
Әкеме бұлар болысты-ай.
Мен мақтадым сендерді,
Не қой ұста, не қозы ұстай-ай,
– деп домбырамды шерткенімде Әбділдә ата көпшіліктің алдында: «Ой, осы балама аруақ қонып жүр, сөздері ұтымды, екеуіңді мақтады, мырзалықтарыңды көрсет ағаларыңа», – деді. Орысбай дереу жүгіріп барып, бір қойды сирағынан ұстап әкелді, атамыз батасын берді. Сонда тұрған шопандардың бәрі риза болды.

«Жақсы сөз жан семіртеді» деген ғой, Әлекеңнің мың бір түндей ұшы-қиыры жоқ әңгімелерінің бұл бір ұшқыны ғана. «Әлекең айтты» деген әпсаналар толып жатыр. Әлекеңнің соңынан ерген ерекше талант Есенқұлдың ішінде талай қызғылықты дүниелер кетті. Бірі әке, бірі баласы болып әзілдесетін ол екеуінің арақатынасы әлем қызығарлықтай еді-ау. Надежданы, Жолдасханды, Ермекті, Есенқұлды, Жылбекті, Әуелбекті, Ақанды шапанының шалғайына алып, бастап бармаған жері жоқ. «Жамбылдың мөлтек нұсқасы» атанған қайран Әлекеңнен сұрайтын нәрсе көп-ақ еді. Жамбыл тәтесінің жасына келетін шығар деп еренсіз жүре беріппіз ғой, дүние-ай!

Көзіме таныс жерім тау-қыратым,
Қырандар дауысымен жаңғыратын.
Атаның ар, даңқына кір келтірмей,
Көтеріп келем бүгін Жамбыл атын! – 
деп сахнада саңқылдап Жамбыл елінің туын ақ домбыра үніне қосып желбіретті ғой жарықтық! Жамбыл дәстүріне, жыр-қиссаға құмартқандар Алатау баурайында жетіп-артылады десек, ешкім күмән келтіре қоймас. Жыр моншағын тізіп, сұлу өлкені өзекжарды тақырыпқа айналдырып жүрген жамбылдықтар баршылық. Жамбыл тәтеміздің құдайы көршісі болған Әбдісағи Қожамқұловтың академик ұлы Төлегеннен туған Рахат-би Әбдісағин бүгінде жер шарына аты жайылған муза періштесі атанды. Ол әрі виртуоз пианист, әрі әлемді таңғалдырып жүрген композитор. Міне, Жамбыл феноменінің шапағаты! 

Арқалы немере Әлімқұлдың өз шаңырағы да шабытты перзенттерден кенде емес. Мұратхан қай өнерге де құмбыл, күй тартады, ән-терме айтады, шежіре таратады, ағайын-туған арасын жақындастыруға пейіл парасатты әке. Оның ұлы да республика көлемінен арыға барып, ұлттық саз-әуендерді әуелетумен белгілі бола бастады. Ал, Бекмұрат кәдімгі кәсіпқой өнер өкілі. Нұрғисаның батасы бұйырған домбырашы, жыршы, термеші.

Демек, Әлекеңнің өнер әлемі кеңейе түспесе, аясы тарылған жоқ. Өз ұрпақтары мен соңынан ерген шәкірттері ұлттық үрдісті әрмен жалғап, жер-жаһанға қазақ үнін естіртуге талпынады, ұмтылады. Рухани жаңғыру үрдісіне ұласқан ұрпақтар сабақтастығы Тәуелсіз Елдің ен-таңбасына саяды. Әсіресе, ұлы ақынның аруағын асқақтатуда Әлімқұл немеренің төккен тері телегей-теңіз дерліктей.

Атақты Алатаудың Жамбылы едің,
Шежірең жүрегімде қалды менің.
Құнарлы құрма ағаштың саясынан,
Түседі топыраққа дән, білемін.
Әулие Лұқпан хакім есіміндей,
Атыңды ұмытпайды мәңгі елің!
– деп сырлы домбырасын баппен шертіп отырып абыз ақынның өсиетнамаларын, толғауларын талай-талай сахна төрінде төккен тума таланттың шәкірттері де оған еліктеп жыр қырманын сапырды емес пе?! Ұстаз тұтқан тұлғаларға тәу етіп, тағзым ету дәстүрі бүгінде де жалғасып жатыр. Әлекеңмен әзілі жарасқан есіл Есенқұл ақын да Жамбыл атасына бір сыйынып алмай, көңілі көншімейтін. Оған құлақ түрген кісі мына бір құлаққағысына назар аударары анық. Ел еркесі Есенқұл бүйдейді:

Аңқылдаған қалжыңбас шал Жамбыл ең,
Әлі күнге таусылған жоқ әңгімең.
Бұл қазақтан туа қалса бір кәпір,
Сені, Жәке, сөз қылады алдымен...
Оқымаған шал болсаң да сен, мейлі,
Оқығандар шенеуіңе келмейді.
Айта берсін жамандар мен надандар,
Аштан өліп алтын жиған адамдар,
Өлең жиған шалдың аты өлмейді!

Жаратылысы жұрттан ерекше Жақыпбековтің жұппасарларына жаны жадырап жүретін Әлекең өкшебасарларына өте риза көңілмен өмірден өтті. Жарық көріп, оқырмандар қолына тиген кітаптарын бір ізге түсіріп, әдеби жазбасын жасаған өте сауатты журналист-ақын Рәтбек Сағид-Уаһас Терлікбаевқа бек риза екендігін білдіріп, ақ батасын бергені де ақсақалдық қасиет. 

Жамбыл тәтесінің мөлтек нұсқасындай ақын жүрек бүкіл ғұмырын ғасыр жасаған жампоз жыраудың өлең-әлемін әлдилеумен ел алдына шықты. Тоқсанға таяған шау тартқан тарланбоз шағында да былайша саңқылдады:

Қырғыз бен қазақ жағалап,
Сен болдың, Жәке, тағалы ат.
Ақындардың ақыны,
Өнері асқан ғаламат.
Мәңгілік мына халқыңа,
Жырларың қалды аманат!

Әнеки, осынау ұрпақ жалғастығының куәсіндей болған ұлы жыраудың ұлағатты мұрагерлері Жамбыл-жырды жаңғырта бермек. «Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым» деген абыз ақын даңқы Ұлы даланы дауылды өлеңімен өрнектеуімен өршіл, асқақ.

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,

ардагер журналист,

«Құрмет» орденінің, халықаралық Жамбыл атындағы әдеби сыйлықтың иегері

Алматы облысы