ӨНЕРДІ СҮЙГЕН АДАМ ӨМІРДІ ДЕ СҮЙЕДІ: ШЕЛЕК МУЗЫКА МЕКТЕБІНЕ - 45 ЖЫЛ

Уақыты: 16.07.2021
Оқылды: 1080
Бөлім: РУХАНИЯТ

Музыка – адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзге әлем, көңілдің кілті. Ішкі сезімді сезіндіре білетін жүрек тілі. Дыбыстар арқылы бейнеленетін адамның жан сарайы. Myзыка – кескіннің сұлулығын және эмоционалды бейнелілікті білдіру үшін вокалды немесе инструменталды дыбыстарды араластыратын өнер түрі. Сол өнер тілінің өркениетіне айналған киелі ордалардың бірі әрі бірегейі – облыстық білім басқармасы «Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Балалар музыка мектебі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.

Шелек ауылындағы аталмыш балалар музыка мектебі 1976 жылы қыркүйек айында ашылды. Мектеп ең алғаш 1976 жылы қазіргі мұражай ғимаратында, ал 1979 жылы С.Киров атындағы орта мектепке орналасты. 1976  қабылдау комиссиясының шешімі бойынша фортепиано класына 67 оқушы, баян класына 49 оқушы, домбыра класына 13 оқушы, барлығы 129 оқушы қабылданды. Ордалы оқу орнының алғаш директоры болып 1976-1979 жылдар аралығында К.Баталов жұмыс жасап, әуезді әуенге жақын талантты тұлғаларды қалыптастырып шыға білді. Кейіннен мектеп жанынан қосымша дербес бөлімшелер ашылды.

Өз кезегінде әуезді мектептің басына қара бұлт үйірілген кез де болды. Сол сындарлы сәтке куә тұрғындар қиын шақты қорқынышпен еске алады. Оған себеп 1997-2009 жылдар аралығында мектептің шаруашылық есепке көшірілгендігі. Мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылып, дербес бөлімшелер жабылып, жарық және жылу жүйесі істен шықты.

Осы тұста осындай қиыншылықтарға қарамастан мектеп басшылығында отырған Ләззат Жамылшиева білім ордасының сақталып қалуына зор еңбек ете білді деп үлкен мақтанышпен айта аламыз. Ләззат ханым басқарған жылдары мектеп жұмысы жанданып, талапқа сай, ұжым мен оқушыларға қолайлы, ыңғайлы жағдай жасалды.

Ауыз толтырып айта кетерлік дүние, мектеп алдына жайқалған бақ бой көтеріп, ауыл сәнін кіргізді. 2020 жылдың сәуір айынан бастап әуезді мектептің жаңа басшысы болып Шолпан Өскембаева директор қызметіне тағайындалды. Шолпан Серікқызы Шелек ауылының тумасы, 1998-2002 жылдары Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледжін үздік дипломмен аяқтаған. 2002-2007 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ВХФ бөлімін тамамдаған. 2002 жылдан 2016 жылға дейінгі  қызметі Алматы қаласында өткен. Назарбаевтың халықаралық «Мирас» мектебінде ұстаз, Орталық Неке сарайының жеке солисі қызметтерін атқарды. 2016 жылдан музыкалық мектепке келіп, вокал-хордан дәріс береді. 2019 жылдан оқу ісінің меңгерушісі болды. Шолпан Серікқызының алға қойған мақсат-міндеттері, ауқымды жобалары жетерлік. Солардың бірі – ауыл балаларының қосымша білім беру сапасын көтеру, оқушыларды белсенділікке шақырып, шығармашылық тұрғыда ойлау және шешім қабылдау қабілетін шыңдау.

Биыл аталған мектепке 45 жыл толмақ. Қазіргі таңға дейін аталмыш оқу ордасын 619 оқушы бітіріп шықты. 2009-2010 оқу жылында мектеп тарихында үлкен оқиға орын алды. Мектеп мемлекет тарапынан қаржыландыруға көшіріліп, ғимарат күрделі  жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай музыкалық аспаптармен, техникалық құралдармен  жабдықталды. Қазіргі таңда    балалар музыка мектебінде 161 оқушы білім алады. 18 мұғалім сабақ береді. Мектепте фортепиано, домбыра, баян, қобыз, дутар, гитара кластары жұмыс істейді.

Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде ауыз толтырып айтарлықтай түлектеріміз аталмыш мамандықтар негізінде қызмет етуде. Бірі өз саласының білікті маманы болса, енді бірі мектеп түлектерін жұмыспен қамтамасыз етерліктей құзыреттілікке ие. Мектеп түлектерінің басым бөлігі қазіргі таңда ел көлемінде және дүниежүзінің мәдениет саласында еңбек етіп жүр. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында еңбек етіп жүрген мектептің түлектері аз емес. Аталаған мектеп оқушылары қатысқан байқаулар өте көп. Ал осы мектептің ұстаздары қол жеткізген халықаралық, республикалық жетістіктер де өз алдына бір төбе. Оларға жеке тоқталсақ, бір мақалаға сыймасы анық. Мәселен, халықаралық байқаулардан жүлде алып жүрген Аружан Сансызбай, Жансая Қанатқызы, Валуйская Ангелина, Югай Алина, Иминжан Бахадур, Мөлдір Абдрахманова, Құрманжан Бексұлтан секілді өнерпаздарды атап өтсек те жеткілікті.

Білім мен өнер – егіз. «Өнерді сүйген адам өмірді сүйеді» дейді даналар. Ал осы аталмыш өнер мектебінен білім алған қаншама өнерлі адамдар еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп, алтын ұяның атын шығарып жүр десеңізші?! Өнер ордасы өркендеп, онда еңбек етіп жүрген барлық ұстаздарға  еңбектеріңіз жана берсін деп тілейміз.

Айжан СЫЗДЫҚОВА

Шелек ауылы,

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы